Руханият

Ән-ғұмыр

– Тірі қалғым келеді, көмектесіңдерші… Бұл – оның біз естіген соңғы сөзі болатын… Ән-ғұмыр үзіліп бара жатыр еді…

Жыр-ғұмыр үзіліп бара жатыр еді…

Бұл сөзді естігенде бізден де жан шығып кете жаздаған. Жыр-ғұмыр жүректің лүпілін ұзартудан үміттеніп жүгірмеген жан қалмады. Дәрі де табылды, оттегі де табылды. Сол сөзді айтып жатқанда өкпесі оттегіге толы еді.

Бірақ, дәрісі құрғыр денсаушылық қоспады…

Ол соңғы сөзімен әнінің ғұмырын ұзартқысы келді деп білеміз, жырының ғұмырын ұзартқысы келді деп білеміз.

Оның біраз дүниесі менің қолымда қалды. Оның өзі де муза екен-ау. Біраз жұрт оған ғашық болыпты… Бәлкім, өзіне. Бәлкім, жырына. Бәлкім, әніне. Осыншама ақын жыр легін Бота-музаға арнайды деп ойламаппын. Свет Оразаев, Өмір Кәріп, Ысқақ Тәукейұлы, Қойлыбай Асанов, Ибраһим Бекмаханұлы, Құзайра Әбдіхалықұлы, Ерікшер Әбішев, Зағыпар Шәкентаев…

Ал, қарасөзбен жыр арнағанның қарасы мол. Соның бірі – өзіміз. Осымен нешінші рет жыр арнап отырмын?!

Қосарлы есім бола береді ғой. Ботада да ондай есім болды. Біреу Боташ деді, енді бірі Ақын деді. Мына жаңаарқалықтар оны Ақын деп біледі. Мұны естіп қалып Ақселеу ағасы:

– Боташ, бір кезде мені де жұрт Ақын деуші еді, Ақын дегенде топты жұрттың ішінен жалт қараушы едім, – деп, басын көтергенде, көзінде мұң тұрушы еді.

Ақаң айтып тұрған топты жұрттың бәрі ақын болатын…

Сөйткен аға ел есінде Ақаң есімімен қалды.

Сен де қаласың…

Бота болып. Арқаның Ботасы болып.

Қазір не көп – ән көп. Қарныңды аштыратын. Себебі жетерлік. Соның бастысы – қазақы нәрдің жетіспеушілігі ме деймін. Бір қуанарлығы, осы олқылықты сезіп, жаңа тұрпаттағы ән тудырушы сазгерлер көріне бастаған. Соның бірі – Бота Ноғаева еді. Әнші Бота, ақын Бота. Бүгінде ол сазгер болып танылып отыр.

Жұрт енді ғана Ботаны тани бастаған. Өкінішті.

Жақсыға әманда таласушы көп болған ғой. Біздің Бота деп жаңаарқалықтар жағаласады. Жоқ, біздікі деп абайлықтар айтады. Біздікі деп шеттіктер шығады. Ақтоғайлықтар да Ботаны біздікі деп біледі.

Оның артында іңкәр әндері қалды. Сол әндерінің басын қосып, таспаға түсірді. Ақжолтай саған, іңкәр әндер. Халқыңның жүрегін тербей бер.

Ботамызды ұмыттырмай…

Бүгін Ботаның бақилық болғанына 40 күн толыпты-ау…

Артында қалған ет-жақындары қараңғы үйін де көтерді, көктасын да қойды. Көктасқа Ботаның бейнесін түсірмей, қасиетті қара домбыраны бедерлепті. Жүрек дір ете қалсын.

Сенің бейнең біздің жүрегімізде қалады…

Төрехан МАЙБАС,
жазушы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button