Руханият

Төл Конституцияның ерекшелігі

Қазақстан Республикасының Конституциясына – ширек ғасыр. Кеңістік тұрғысынан алғанда мардымсыз уақыт. Алайда, халық болып қолдап, мәртебе беріп, мерейін үстем еткен басты заңымыз еліміздің өсіп-өркендеуіне айқын жол салып бергені де шындық.

Мемлекетіміздің құқық кеңістігінде Конституцияның басты ерекшелігі – оның мемлекет үшін қажетті шарты мен белгісінің бірі екендігінде. Әрі қоғамда заңдылықтың, құқықтық тәртіптің, оны ұстанатын билік институты орнауының негізгі кепілі. Осының өзі-ақ оның өзге дәстүрлі құқықтық актілерден өз алдына жеке-даралығын айғақтайды. Онда халық – биліктің бірден-бір көзі деп көрсетілгендіктен, еліміз демократиялық мемлекет саналады. Ал, бұл халыққа конституция қабылдау құқы беріліп, сол арқылы өзі таңдап алатын қоғамдық және мемлекеттік құрылымдар негіздерін құру жүктеледі деген сөз. Бұдан халық заңдық негізде қоғам мен мемлекет құрылымын өзгерте алатындығын көреміз.

Еліміз 1990 жылдардың басынан алдымен этнократиялық мемлекет құруға ұмтылғаны белгілі. Бұл өзгелердің басты ұлт – қазақтардың айналасына жиналуы дегенді білдірсе керек. Ол уақыттарда ұлттық құрылым құру үдерісі этнократиялық коннотация алған бірқатар заңнамалық құжаттар қабылданды. 1990 жылы 25 қазандағы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация Қазақстанның түпкілікті мемлекеттік тәуелсіздікке ауысуын сипаттайтын құжат болды. Аталған декларацияда тәуелсіз мемлекеттің, жаңа тәуелсіз қазақстандық мемлекеттің негізгі параметрлері белгіленді, мұның өзі бұл декларацияның қызметін «бағдарламалық» ретінде анықтауға мүмкіндік берді. Демократиялық, құқықтық қазақстандық қоғам, Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени құрылымдардың қайта құрылуы туралы негізгі идеялар жинақталған декларациядан елімізде жаңа Конституциясын дайындау басталды. Әйтсе де біз алдымен мынаны айта кеткенді жөн санаймыз. Бұл деклорацияда қазақтар мемлекет құрушы ұлт болып саналды да, Конституциялық заң қазақ ұлтының өзін-өзі анықтау құқығын заңдастырды. 1993 жылғы қабылданған алғашқы Конституцияда Қазақстан Республикасының мемлекеттілігі қазақ ұлтының мемлекеттілігі ретінде анықталған еді. Алайда, бұлайша этнократиялық өлшем тұрғысынан келу – өзге ұлттардың елден үдере көшуіне әкеліп соқты. Осыдан келіп, бұл ұлттық түсінік 1995 жылғы қабылданған Конституцияда саяси-аумақтық (территориалды) болып өзгертілді. Мұнда Республиканың субъектісі ретінде қазақстандық ұлт деген түсінік белең алды. Мұндай «географиялық» байлам ұлттықтың либералды моделін жүзеге асыруға жол ашты. Бірақ, бұл қазіргі Германия немесе Франция секілді ұлттық мемлекет құру туралы Қазақстанның идеясын жүзеге асыру емес-ті. Мұндай идеяны толыққанды іске асырудың болашағы әлі де алда екенін жасырғымыз жоқ десек те, алайда түбі соған алып келетініне дау тумаса керек. Осыдан келіп біздің ұлттық бірегейліктің ішкі мазмұнында азаматтық бірегейлік маңыз алатын демократиялық, зайырлы әлеуметтік қоғам құру мәселесінің өзектілігі артты. Конституциямызды екінші рет қабылдауымыздың астарында осындай да сыр жатса керек.

Кешегі Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», «Жеті жарғыдан» бастау алатын қазақтың төлтума мемлекеттік жүйенің құрылғылары мен құрылымдары белгілі себептермен өз жолымен дамымады, әлі күнге уақыт нәшіне жауап беретіндей толыққанды бола алмауда. Бүгінгі күні бабалар жосығына үңілудің, нәрлі бастауға аракідік болса да қайта-қайта айналып соғып отырудың, әсіресе қазіргі кезеңде берер тағылымы мен сабағы мол көрінеді бізге.

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button