Руханият

АЗАТТЫҚ: айбын мен үде

Белгілі ғалым, академик, алаштанушы Мәмбет ҚОЙГЕЛДІНІҢ «Өзі жаулап алған немесе басқа жолмен өзіне қосып алған халыққа мемлекеттік берген империя тарихта болған емес» деген сөзі еске түсіп отыр. Осылай дейді де ол кісі Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ мына сөзін еске алады: «Біз – қазақтар, Қазақ Республикасы деген атауды малданып жүрміз. Бұл республиканың мазмұны біздікі емес қой. Иесі де біз емес», – деп тасқа қашап кеткен екен Ахаң. Демек, Совет одағы құрамында болған Қазақ автономиялы республикасы 1924 жылы одан кейін, 1937, 1978 жылдары қабылдаған бірде-бір конституция біздің Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясына негіз бола алмайды.

Конституция! Елдік пен мемлекеттікті дәріптейтін және соны сақтайтын қасиетті заңдар жинағы ғана емес, ұлттың ар-намысы мен ұятының қорғаны. Халықтың киесі мен заңдар жүйесі сонда бекіген. Халықты басқаратын емес, бостандыққа, теңдікке апаратын, елдің ішкі мұратынан туған қасиетті құндылық емей не? Тек қана заң деп қарауға бола ма оған? Ұлттық ар, намыс, қадір, қасиет деп қарамаса, ештеңе шықпайды. Сондықтан, жоғарыда Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, бізге біреу жазып берген конституция ешқашан үлгі болмақ емес. Құжатта жазылғанымен, өмірі орындалмайтын ол конституцияларын біздің Жұмабек Тәшеневтей жолбарыс жүректі, ақылман аталарымыз өздеріне қарсы қару қылып қолданған заманында. Қазақстанның солтүстік өңірлері туралы дау туғанда, Никита Хрущев Тәшеневке «ол өлкелерді біз керек қылсақ, сіздерден сұрамай-ақ қосып аламыз» дегенде, Тәшенев «онда біз КСРО-ның конституциясын халықаралық сотқа береміз» деп тоқтатқан. Онда «одақ құрамындағы республикалар аумақтық шекараларына өздері иелік етеді» деген бап болған. Соны белден басып отырғанын алға тартқан Жұмабек Тәшенев. Міне, адамның Абылайы деп қазақ осындай ұлдарын айтса керек. Конституцияның әрбір сөзі осылай сақталуы тиіс қашанда. Тәшенев ескертпесе, өз конституциясына немкеттілікпен қараған орталық одақ құрамындағы республикалардың конституциясын қайтсін? Онда бір ұлттың сорпа бетіне шығар серкелерін қырып жіберсін деп жазылып па?

Сонау көне замандардан бері хандық құрып, іргелі ұлыс болған біздің конституциямыздың негізгі ұстыны ұлттық санамыздың айнасы жыраулар поэзиясында тұр. Асан қайғы, Доспамбет, Қазтуғандардың «Еділ бол да, Жайық бол», «Бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес», «Қайран да менің Еділім!» жырларында, Ақтанбердінің «Күлдір-күлдір кісінетіп» деген толғауларынан айқұлақтанып көрінеді. Күллі қазақ даласы (шекарасы), ондағы адам құқы, бостандығы, бейбіт тұрмысы – бәрі жыр тілімен кестеленген. Ал, соған нұқсан келтіргенге жауап қандай?

«Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айғайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан

Жалынды жүрек қан қайнап,

Елді-жұртты қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап!» дейді.

Одан беріде Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қаздауысты Қазыбектің «Қалмақ қонтайшысына жауабында», Махамбеттің жырларында, осылардың ресми жиынтық үлгісі Әлихан Бөкейханның тапсырысымен Барлыбек Сыртанов жазған «Қазақ елінің уставында» тұр.

Тарихқа сүйенсек, Конституция алғаш рет Англияда 1679 және 1688 жылдары «құқықтар жөніндегі билль» деген атпен қабылданыпты. Ал, жазбаша конституция 1787 жылы АҚШта, одан кейін, 1791 жылы Франция мен Польшада өмірге келіпті. Бізде бұлардан бір ғасыр және ширек ғасырдай уақыттан кейін Ә.Бөкейханның тапсырысымен Барлыбек Сыртанов 1911 жылы жазыпты. Ол туралы архивте мынадай деректер сақталған: «Жетісудағы қазақ-қырғыздың жер және өзге де зар-мұңын талап етіп 1911 жылы Санкт-Петербургке барып, ұлықтарға шағым түсіреді (Прошение Б.Сыртанова. Барлыбек Сыртанов архиві. 1 том, 1-ші, 4-ші беттер). Сол жылы Санкт-Петербургте қыстаған Барлыбек осындағы бай кітапхананың мүмкіндігін пайдалана отырып, Әлихан Бөкейхановтың өтінішімен С.Б.Алашинский деген бүркеншік атпен Қазақ елінің алғашқы Конституциясын («Қазақ елі уставы») жазып шығады (С.Өзбекұлы. Барлыбек Сыртанов. Алматы 1996. 36 б).

«Қазақ елі уставы» аталған бұл құжаттың бүгінгі Қазақстан Республикасы Конституциясымен ұқсас жерлері жетерлік. Биыл іс жүзінде жүзеге асқан Конституциямыздың «АДАМ ЖӘНЕ АЗАМАТ» атты ІІ бөлімінде, 10-бапта:

«1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады.

2. Республиканың азаматын азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыстар жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беріледі» делінген. Барлыбек жазған «Қазақ елі уставы» ол туралы былай дейді:

«Адам баласының хұқы турасында

10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм Құдай алдында жауап береді.

11. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар.

12. Қазақ елінде ер адаммен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.

13. Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруға һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ.

14. Нәсілдерді бір-біріне қарсы итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты.

15. Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатқа хүкім беруі шарт, болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады».

Бұдан да көбірек ұқсастықтарын келтіріп, сабақтастыра беруге болады. Бірақ, біз осы жерден тізгінді тартамыз. Бастысы, Қазақстан – аумағы Конституциясымен қорғалған тәуелсіз зайырлы мемлекет. Осы бақытымыз ұзағынан сүйіндірсін!

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button