Руханият

«Текебұрқаққа» келіңіз!

9-10 маусым күндері С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Шерхан МҰРТАЗАНЫҢ әңгімесі желісімен «Текебұрқақ» философиялық- пластикалық-музыкалық қойылымының премьерасы өтеді. Көркемдік жетекші болып тағайындалған аз уақытта Айдын САЛБАН бұған дейін «Ұлтқа қызмет», «Айналайын», «Күнделік» және «Ойыншықтар», «Концерт-спектакль», «Синтез-лаборатория» сынды қойылымдармен көрерменді тәнті еткен. Аталған айтары мол туынды да өнер ордасының 90 жылдығына орай сахналанғалы отыр.

Спектакльде адамның табиғаттан алыстап кеткендігі сөз болады. Актерлер ерекше жанрда өнер көрсетіп, өз эмоциясын пластика және музыкалық аспаптарда ойнау арқылы жеткізбек.

Домбыра мен қобыз, жетіген, сазсырнай, шертер, сыбызғы, тіпті глюкофон сынды аспаптар шағын репликалармен қатар, театр сахнасынан ойналып, көрерменді биік ойларға жетелейді. Қойылымның «Текебұрқақ» аталуын көзі қарақты оқырман біледі. Тау ешкілерінің шағылысу кезеңі. Қойылым жанры – философиялық-пластикалық-морфоза. Морфоза – қоршаған ортаның экстремалды факторларының әсерінен ағзаның тұқым қуаламайтын өзгеруін білдіреді, бұл оның өліміне әкелуі мүмкін.

Айдын Салбанның айтуынша, қойылым терең философиялық байламға ие. Шерхан Мұртазаның әңгімесінде сюжет желісі бойынша адамзат Табиғат-Анамен және тарихи тамырларымен байланысын жоғалтады, бұл – рухани азуға соқтырады.

Бұрын Адам табиғатпен бірге дамып, үйлесімде өмір сүрген. Бүгінде бұл мәселе тығырыққа тірелген. Басқа өмір салтына еліктей отырып, өз мәдениетімізді, тағдырымызды жоғалтамыз деген қорқыныш бар, ал, тамырдан қол үзу – үлкен қасірет. Мұндағы қайғылы жағдай – адамның емес, жан дүниеміздің өлімі. Бұл – психологиялық сәт. Шын мәнінде, спектакль жануарлар мен адам өмірінің бір күні туралы баяндайды. Сахнадан қасқырларды, тау ешкілерін, шибөрілерді, аю мен адамдарды көреді көрермен. Адам табиғатты сақтағысы келеді, бірақ кейбір кейіпкерлер оны жоюға пейіл, – дейді режиссер.

Ал, жануарлар бейнесі костюмдер һәм пластикамен байқалады және терең ойларды тұспалдап отырады. Жамандық пен жақсылық – өз орнында, кімнің жеңетіні шарықтау шегінде белгілі болады.

Түркі және қазақ ырымдары бойынша өмірде тепе-теңдікті сақтау – маңызды. Қойылымда бұл идея өмір ағашын сақтау түрінде көрініс табады. Қойылым бастан-аяқ музыкамен сүйемелденеді. Кейіпкерлер 15-ке жуық аспапта ойнап, әр түрлі көңіл-күймен түрлі композицияларды орындап, негізгі айтар идеяны жеткізеді. Музыкалық безендірумен Семейден арнайы келген мульти-аспапшы Серікжан Айтқалиев айналысты. Ол этно-фольклор стиліндегі композицияларды қойылым үшін арнайы жазды. Қатып қалған ырғақ жоқ, әуендер актерлердің әрекеттерінен туындап отырады. Сондықтан, мұнда импровизацияға да басымдық берілген. Спектакльдің пластикалық бөлігіне Алматыдан шақыртылған хореограф Жалымбек Ақан жауапты, – дейді Айдын Абзалбекұлы.

Бір қызығы, оқиға желісі жерде, тіпті ғарышта да жүріп жатады. «Текебұрқақ» қойылымындағы театрлық тәсілдер һәм пластиканың көмегі арқылы Ғаламның қалай пайда болғанын және гендердің өзара қалай әрекет еткенін көруге мүмкіндік бар. «Төрт құбыла» тепе-теңдігін сақтауға тырысу идеясының негізгі элементін көрсетеді. Оқиға ешқандай дәуірге, уақытқа тәуелді емес және қай жерде жүріп жатқаны да белгісіз.

Бұл шығарманы таңдауымыз да кездейсоқ емес. Өйткені, біз қазір жалаң аяқ жүрмейміз. Жазда да, ыстықта да аяқ киім киеміз. Көпқабатты ғимараттарда жұмыс істейміз, көбіне көлікпен жүреміз. Бізде Жер-Анамен тікелей энергетикалық байланыс жоқ. Жазда құм мен шөпте жалаң аяқ жүгіріп, ойнап өстік. Қазіргі балалар алтынға тең уақытын төрт қабырғада, экран алдында өткізеді, аз қозғалады. Адамдар табиғаттан алыстап кетті. Ал, адамның тамыры – табиғат-Анамен біте қайнасып кеткен. Қойылымның негізгі өзегі – осы. Осы деректерді біліп келген көрермен, қойылымда әсерге бөленіп, қорытынды шығарарына сенім кәміл, – деп қосты режиссер. Ендеше, «Текебұрқаққа» келіңіздер!

Шамамен бір сағатқа созылатын және үзіліссіз өтетін қойылым 18:30-да басталады. Билеттерді театр кассасынан және ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады. Бағасы – 1 500 теңгеден басталады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button