Руханият

ДИМАШ – жаралы жүрек емшісі

Димаш Құдайберген… Бұл әншіні қазір арамызда білмейтін жан кем де кем. 4-5 жыл бұрын ол жақын-жуықтары мен өнерді түсінетін аздаған топ арасында ғана мойындалған әнші еді. Біз бүгін Димаштың бұл биікке қалай шыққаны жайлы айтайын деп отырған жоқпыз. Ол жайлы біз айтпасақ та белгілі. Тілге тиек еткелі отырған жайт басқа. Бұл Димаштың орындауындағы әндердің қарапайым адамдарға қалай әсер еткендігі. Шегі мен шекарасы жоқ интернет әлемін шарлап жүріп «Қарағым-ай» – Моя история» деген шағын естелікке тап болдым. Өз оқиғасын Украина елінің тұрғыны интернетке 2018 жылдың 5-ші қазанында жариялапты. Мен үшін бұл кісінің шын аты-жөні белгісіз. Белгілісі – әйел адам екендігі және есімін Евгения Maestro деп көрсеткендігі. Димаштың орындауындағы әнге өз суреттері мен әншінің суреттерін араластырып құрастырған видеороликтен түсінгенім күйеуі өнер адамы болған секілді. Димаштың орындауындағы «Қарағым-ай» әнінің өзге ұлт өкіліне, оның ішінде басқа мемлекет тұрғынына қалай әсер еткендігін сіздерге жеткізгім келіп отыр. Ендігі сөз Евгенияның аузымен айтылсын…

«Тамаша әнді тыңдаған кезде адамның көз алдына өз оқиғасы көлбеңдеп, адамға «өз тарихын» суреттеп береді» дегенді әлдебір жерден оқып едім. Солай екеніне көзім жетті.

Бүгін мен сіздерге өз «Қарағым-айымды», өз тарихымды жырлап бермекпін…

Қарағым-ай… Фортепианоның сүйемелдеуіндегі жеңіл де әдемі кіріспе мені өз құшағына бірден алып, әлдебір әлемге сүңгітіп жіберді. Менің көз алдымнан ұшы-қиыры жоқ қазақтың маң даласы, асқаралы таулары, мөлдір көлдері өтіп жатты…

Мұның барлығы кіріспе әуен кезіндегі сезімдерім. Әншінің саф дауысын естіген бетте денем түршігіп, қаттым да қалдым… Осыншама әдемі, тап-таза, саф дауыс болады екен-ау. Кенет жүрегімде нәзік қыл бар екенін сезіндім. Әлгі қыл музыкалық аспаптың шегі секілді әнші дауысына ілесіп ойнай бастады. Дауыс менің өне бойыма еніп, ең ауыр жараларымды дөп басып жатты. Жараларым қанша ауыр болса да тыңдай бердім… Бұл ДАУЫС ИЕСІ менің қайғымды, жан сырымды қайдан біледі? Мен, тіпті, бұл тілдің бір ауыз сөзін де түсінбеймін ғой. Неліктен мен осынау ғажап әннің тарихын білетін секілдімін?

Ал, әуен болса толассыз құйылуда. Әлдебір сезімдер кеуде тұсымда оянып, жеңіл ауырсыну мен жан рахатын қатар сездіруде… Осыншама естелік кеудеме қалай сыйған, бұлар қай жақтан ағылып келуде…

Жоқ, бұл ән жазық немесе таулы дала жайлы емес! Бұл ән мен жайлы! Менің өмірім жайлы ән! Басқаша болуы мүмкін емес!

Ән құшағына еніп кеткенім соншалықты әннің үзілмеуін, тоқтамай ойнай беруін қалаймын…

Осынау нәзік мұңға берілген қалпымда, мен жанымның әннің биіктейтін жерінде биікке өршелене қанат қағып, төмендейтін жерінде төмен ұшқанын сезіндім. Осыншама нәзік қайғы, тәтті мұң болады екен-ау… Қанша мұңды, қанша қайғылы болса да бұл жүрекке, менің жүрегіме жақын дүние…

Жүрек қылы шынымен де бар екен.  Бірақ, ол неліктен осыншама қорғансыз?

Кенет, осынау таңғажайып дауыс мені жас балаша қолымнан жетелеп, биіктерге самғай жөнелді. Иә, иә… Мен дауыстың жетегіне еріп, ақ бұлттардан ары асып кеттім. Дауыс мені ол жақта да тербетуін қояр емес…

Мен жердің үстінде емес, өз өмірімнің үстінде қалықтаудамын… Бір сәтке ән өз-өзінен жоқ болып, мені өз естеліктерімнің ортасына қалдырып кеткендей күй кештім…

Жаңа туған сәбидей пәк жүзді, періште қалыпты осынау жас әнші менің жай-күйімді қайдан біледі?  Бұл қалай болғаны?

Осынау жас баланың өн бойында менің бар қайғым қайдан жүр? Мен расымен де қазақ тілін білмеймін және түсінбеймін. Тек, білгенім мынау. Бұл әншінің даусынан мен қайғы мен ауырсынуды сезгендеймін. Бұл бала ән салып тұрған жоқ.

Ол маған біздің оқиғаны айтуда… Ол маған не айтып жатыр? Бұл дауыс маған енді менің қыздарымның әке алақанын сезінбейтіндігін, асқар тауларының жоқтығын айтуда.

Бұл дауыс маған біздің қыздарымыздың әкесінің күлкісін енді естімейтіндігін, қыздарының неке қияр сәтіндегі әдемі ақ көйлектерін көрмейтіндігін айтуда… Сондай-ақ, әкелерінің жиенін емірене иіскеген сәтіндегі көздеріндегі қуанышты қыздарымның көрмейтіндігін айтуда… Бұл дауыс менің жүрегімдегі қайғының қаншалықты ауыр екенін, жанымның шаршаңқы екенін айтуда…

Бұл ән – менің жүрегімді ауыртып қана қойған жоқ, жүрегімдегі жан жарасын емдеді. Жүрегімдегі құлағы қатты бұралып тұрған нәзік шекті босатқан да – осы ән.

Рахмет, саған жас жігіт! Сен әрине, менің бұл өмірде бар екенімді білмейсің. Бар екенімді білмеген соң менің қайғымнан да хабарың жоқ. Бірақ, сен не айтып тұрғаныңды жан-тәніңмен сезіне аласың. Сен бір әніңмен-ақ, әр адам не естігісі келсе, соны орындап беретін керемет талант иесісің. Сен, тіпті, біздің жүрегімізге осындай алай-түлей сезімдер әкелгеніңді де сезбейтін шығарсың… Біздің жан жарамыз сенің дауысың арқылы емделуде және тазаруда! Иә, иә… Біреулердің жаны зұлымдықтан, жамандықтан, ал біреулердің жаны қайғыдан тазаруда… Меніңше көбіміздің жанымыз қайғыдан тазаруды қажетсінеді… Осындай сәтте сен пайда болдың да барлығымыздың жанымызды емдей бастадың…

«Қарағым-ай»… Бұл ән бәлкім мүлде басқа оқиға жайлы шығар… Мен бұл әннің тарихы жайлы оқыдым. Бірақ, әннің әр сөзінің толық аудармасын оқыдым деп айта алмаймын. Алғаш алған әсерімді жойып алғым келмейді. Мен үшін сенің дауысың маған өз тарихымды, өткен күндерімді жырлауда. Сен маған үміт сыйладың… Сенің бойыңда Алла берген тылсым күш бар.

Сенің әніңнің соңғы сөзімен бірге адам жүрегіндегі бар қайғы тазарып, ұшып кететіндей… Мен енді өзімді осы Дауыс секілді тап-таза сезінудемін… Өзімді бір сәтке болса да сен секілді жарқын сезінудемін. Маған не болғанын білмеймін. Бір анығы, маған қазір бұрынғыдан жақсы және өмірге деген құштарлығым оянды. Мен енді жыламаймын. Өзіме осылай уәде беремін…».

Мінекей, Димаш Құдайбергеннің орындауындағы «Қарағым-ай» әні тыңдармандарға осылай әсер етуде. «Бір жүректің бақытын ұғу үшін, мың жүректің қайғысын тыңдау керек» деген бар емес пе? Бір ән арқылы мың жүрекке дауа болған дауыс иесі Димашқа шығармашылық табыстан басқа тілеріміз жоқ.

Енді, осынау тамаша әннің тарихына аз-кем тоқтала кетсек. Бұл әннің алғашқы орындаушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев. Нұрлан ағамыздың орындауынан кейін бұл биікті ешкім бағындыра алмастай көрінетін. Нұрекеңнің орындауындағы «Қарағым-ай» сол баяғы биігінде қала беретіні анық. Одан соң бұл әнді Ақылбек Жеменей де шырқаған болатын.

Ән әуенін сазгер, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері марқұм Кеңес Дүйсекеев, ал мәтінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Шөмішбай Сариев жазған. Кеңес ағамыз көп балалы отбасында тәрбиеленген. Кілең ұл бала арасында өскен Күлшат атты әпкесі мұғалім болмақ ниетпен педагогикалық оқу орнына түскен. Алайда, небары он тоғыз жасында бұл дүниемен қош айтысқан.

Кеңес ағамыз әкесінен бес жасында айрылған. Кейін, ер жетіп, етек-жеңін жинаған тұста «Егер, әкем мен әпкем тірі болғанда, әпкем теңін тауып, біздің шаңырақпен қош айтысар сәтте әкем оған ақ батасын беріп, осылай жырлар еді» деп әпкесі мен әкесінің құрметіне осы әнді шығарған. Әуелі әуені туған, тамаша әннің өлеңі кейін жазылған екен.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button