Бас тақырыпОблыс әкімі

Ерлан Қошанов мердігерлерді сынға алды

Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Қарағанды қаласының теміржол вокзалында жаңа терминал салып жатқан мердігерлерді сынға алды. Өңір басшысы кеше құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.

Вокзалды қалыпқа келтіру жұмыстары кестеден 1,5 айға қалып жатқаны белгілі болды. Алайда, құрылысшылар кесте уақытын қуып жетуге және нысанды мерзімінде тапсыруға уәде беріп отыр. Мердігерлер аймақ басшысына тәулік бойы жұмыс істейтіндерін және жұмыскерлер санын ұлғайтатынын айтты. Қазір вокзалда 110 адам жұмыс істеп жатыр. Тағы 80 адамды қосымша жұмылдыру жоспарланып отыр.

– Бұл – біздің басты нысан. Жылдамдатыңыздар. Бірақ, бұл сапаға кері әсер етпеуі тиіс. Аптасына бір рет осында келіп, жұмыстарыңызды тексеретін боламын. Кесте бойынша егжей-тегжейлі қай жерде қандай жұмыс атқарғандарыңызды көрсетіп отырасыздар. Қала әкіміне, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшыларына күн сайын құрылысты бақылауды тапсырамын, – деді Ерлан Қошанов.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды вокзалында қазіргі таңда ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа терминал салу басталды. Құрылысшылар іргелі жұмыстарды аяқтау барысында. Негізгі ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда және жұмысшылар ғимараттың қасбетіне кірісті.

Вокзалға күрделі жөндеу 11 жыл бұрын жүргізілген болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button