Балалар жылы

Сатып алған кітап – құнды

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы 70 жылға жуық оқушылардың көктемгі демалысында жас оқырмандар үшін жарқын оқиға кітапханалық мереке – Балалар кітабының апталығын өткізіп келеді. Биыл да дәстүрлі түрде өтіп жатқан апталық аясында, Балалар жылына орай «Балалар жазушысы қонақта» тақырыбында ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле ДОСЖАНМЕН кездесу ұйымдастырды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Жиын басында жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бейнежазба көрсетілді. Сәуле Мағазбекқызы балалық шағы туралы, сөз өнеріне қалай келгені хақында айтып, сөзін бастады.

ҚазМУ-дың журналистика факультетіне 3 жыл қатарынан түсе алмай, 4-ші жылы өз күшіммен түстім. Мектепте оқығанда да көп білуге құмар едім. Адамдардың жан-дүниесі мен жаратылыстың құпияларына деген ынтықтық мені жазу өнеріне алып келді. Өлең де жаздым, газет-журналда да істедім. Мемлекеттік қызметте болдым. Соңғы кезде бірыңғай прозаға ден қойдым. Полигон тақырыбы менің жұлдызымды жақты. Оқырмандарымның саны еселеп артты. Кейінгі уақытта ойлана келе балаларға арнап жазып жүрмін. Бұл өте қиын екен. Олардың тазалығы, аңғалдығы, адалдығы шабыт береді, – деп ағынан жарылды.

Кешке қатысқан суретші, антиядролық қозғалыстың белсендісі, С.Досжанның «Қасірет пен тағдыр» кітабының мұқабасында бейнеленген картина авторы Кәріпбек Күйіков, жазушы, журналист, өлке тарихын зерттеуші Төрехан Майбас, «Болашақ» акедемиясының қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының меңгерушісі Құрманғазы Сембиев, компазитор Матқұлбек Маясаров, журналист Аңғар Смағұлов сынды қонақтар сөз сөйлеп, шығармашылық табыс тіледі. Төрехан Майбас ағамыз кеш иесіне һәм кітапхана қорына өз кітаптарын сыйласа, Сәуле апай да қонақтарға кітаптарын қолтаңбасымен тарту етті.

Матқұлбек Маясаров кеш иесінің екі өлеңіне ән жазған екен.

Кітапхана қызметкері Жайна Ыбрайымқызы «Әдебиет әлемінің Сәулесі» атты кітап көрмесіне шолу жасап, жазушының кітапхана қорындағы еңбектерімен таныстырды.

«Сыр сұқбат» бөлімінде кітапханашы мамандар мен мектеп оқушылары, студенттер көкейіндегі сұрағын қойып, тұщымды жауап алды.

Сондай-ақ, Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұл» әнін Мерей Әлімқұлова әуелетті.

Ал, №2 Лицейдің 7 «А» сынып оқушысы Алла Шалимова болса, жазушының бірнеше кітабын оқығанын айтып, өз әсерімен бөлісті.

Бір ерекшелігі жазушының «Үлкен үйдегі үрей» романын жазу барысында мемлекеттік қызмет ардагері Ниханбай Омарханов қол ұшын берсе, кейінгі «Үзілмеген үміт» туындысында түс жору мәртебесі Төрехан Майбас ағамызға бұйырыпты. Бұл жастардың қызығушылығын оятып, кештің өзінде жазушының бірнеше кітабын сатып алды.

Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің II курс студенті Аида Ұланбекқызы оқушылардың сүйікті кітабына айналған «Ауылдан шыққан миллионер» туындысынан «Анасының панасы» монологын жатқа мәнерлеп оқыды.

Жиын соңында кітапхана басшысы Баян Уатаева сөз сөйлеп, алтын уақытын бөліп келген жазушыға алғыс айтып, гүл шоғын және естелік сыйлығын табыстады.

Жазушы көрермендердің сатып алған кітаптарына қолтаңба қойып берді.

Сатып алған кітап құнды болады екен, шынында…

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button