Балалар жылы

“Сарыарқа” – үшінші орында

Жақында Ақмола облысы Бурабай ауданындағы «Балдәурен» лагерінде жас геологтардың VI Қазақстандық ашық далалық олимпиадасы өтті. Жарысқа әр өңірден келген 7-11 сынып оқушылары қатысты. 2010 жылы өткен І Қазақстандық олимпиадаға небәрі 8 команда ниет білдірген. Ал, биыл 15-тен астам команда бақ сынасты. Олардың қатарында Татарстан Республикасы (Ресей Федерациясы), Беларусь және Өзбекстан сияқты елдердің командалары бар екенін айта кету керек.

Жиынға Экология, геология және табиғи ресурстар министрі С.Брекешев, Геология комитеті төрағасының орынбасары Е.Галиев, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Қазақстан-Британ техникалық университетінің өкілдері, ұлттық компанияның басшылары қатысты.

«Балалар жылы» қарсаңында Жас геологтардың VI Қазақстандық ашық далалық олимпиадасының жеке сынағында жеңімпаздар М.Шелкоплясова, С.Құсайын және А.Аманқоссын Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті ректорының грантын иеленді.

Сондай-ақ, «Мұнай мен газ іздеу» жарыс қорытындысы бойынша О.Кривобокова Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын олжалады.

«Осы күндері сіздер нағыз геологтар екеніңізді дәлелдей алдыңыздар. Шатыр жинау мен от жағу, маршрут салу мен шлихтарды жуу, геологиялық бөлімдер салу сияқты нағыз геологқа қажетті тәжірибе алдыңыздар. Палеонтология, петрография, гидрология, пайдалы қазбалар геологиясы негіздерін және геологиялық бейіннің басқа да бағыттарын білетіндеріңізді көрсеттіңіздер. Бұл жерде алған тәжірибеңіз болашақта мамандық алып, жаңа кен орындарын ашуға көмектеседі деп сенемін», – деді С.Брекешев.

Республикалық құрама арасында Семей қаласының «Азимут» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орын Орал қаласының «Сармат», үшінші орын Қарағандыдан келген «Сарыарқа» командасында.

Халықаралық командалар арасында І орынды Белоруссияның «Юные геологи» құрамасы иеленсе, Татарстаннан келген «Геобарс» пен «Еш Геолог» Өзбекстан командасы ІІ және ІІІ орындарды өзара бөлісті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button