Руханият

Ахмет салған ізбенен

Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын дүниенің ең қуаттысы – төл тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады екен. Ұлтымыздың ұлы реформаторы қазақ тіл білімінің негізін салушы бірегей тұлға Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 жыл мерейтойы аясында облыстық тілдерді оқыту орталығы ересектерге тіл үйретуде жаңашыл, заманауи кәсіби салаға бағытталған оқу құралдары мен аудио қосымшаларын әзірледі.

 Қарағанды облысында ересектерге тіл үйретуде республика бойынша қашықтан оқытуды бірінші болып 2018 жылдан бастап онлайн оқыту курстары ұйымдастырылған. Кәсіби салаға бағыттап оқытуды тиімді ұйымдастыру мақсатында 2020 жылдан бері облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен ірі жобалар іске асырылуда.
Қоғамдық орындарда қызмет көрсетушілерге арналған 24 сағаттық қысқамерзімді курстар ұйымдастырылуда. Ірі сауда орындарында қазақ тілі кабинеттері ашылған. Тіл үйрету курстары бар. Сауда, банк, денсаулық салаларының қызметкерлеріне курсты тиімді ұйымдастыру мақсатында арнайы оқу құралдары аудиодискісі мен QR-кодталған мобильді қосымшасы әзірленді. Аталмыш әдістемелік өнімдерде қоғамдық орындарда күнделікті қолданыстағы сөз орамдары мен қарапайым байланысқа қажетті сөздерді меңгеруге арналған. Ірі сауда орындарында афишалар ілінді, тұтынушылар да, саудагерлер де, QR-код арқылы оқулықтың электронды нұсқасына өтіп, тіл үйрене алады. Салалық оқу құралының электронды нұсқасы Білім және ғылым министрлігі Тіл комитетінің сайтына орналастырылып, бүгінгі таңда республикалық тіл оқыту орталықтары осы оқулықтарды пайдалануда.

Кәсіби салаға бағыттап, сот жүйесінің қызметкерлеріне арналған үшдеңгейлік оқулығы аудио құралымен жарық көрді, республикалық деңгейде тұсаукесері жасалып, ғалымдар, заң саласының, тіл мамандарының оң бағасын алып, республика бойынша сұраныстар да түсіп жатқан көрінеді. Сот саласының қызметкерлеріне арналған QR-кодталған үшдеңгейлік қазақ тілі оқу-әдістемелік кешені аудио құралымен жарық көргенін атап өткен жөн. Осылайша, аймақта кәсіби салаға бағыттап оқыту бойынша баламасы жоқ тың жобалар іске асуда. Асылы Османованың «Тіл – бесікте бекиді, үйде қалыптасады, бойға ұялайды, шаңырақта шыңда- лады, мектепте дамиды, сөйлегенде жетіледі, жазғанда қалыптасады» деген сөзімен келіспеске амал жоқ.

Жоғарыда тоқталып өткен жұмыстар, жалпы қоғамдағы, оның ішінде ересектерді оқытуға арналған жұмыстардың аясында жүзеге асуда. Мемлекеттік тілді білмейтіндер әрине, әуелі мектепте, кейін жоғары оқу орындарында орысша білім алғанын, тіл үйренуге орта болмағанын алға тартады. Тілге шорқақ қоғамның көші қашан түзеледі? Оған балабақша, мектеп, ЖОО-да оқу бағдарламаларында мемлекеттік тіл мәселесі, оның ішінде бағдарлама, оқулық сапасы дұрыс жолға қойылғанда, жүйеленгенде ғана қол жетпек. 

Мамандар тіл оқыту курстарына тыңдаушылар бір деңгейді қайталап оқуға ұсыныс жасайтын жағдайлар да жиі кездесетінін айтады. «Жүргізген сауалнамалар тілдік ортаның жоқтығын алға тартады. Ғалымдардың айтуынша, тіл үйрену үшін бірінші – «тіл үйренемін» деген мақсат, екінші тіл, үшінші тілдік орта керек. Яғни, ол тілге деген сұраныс та сәнде болу керек. Тілге деген сұранысты сіз бен біз ғана тудыра аламыз. Сұраныс болмаса, бір әдістеме де, оқу құралы да әлсіз.

Сондай-ақ, биыл елімізде «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген еді. Жастайынан ертегі тыңдап, әдебиетпен сусындап өскен баланың санасы да, рухы да, білімі де толыққанды азамат болып өсетіні даусыз. Сондықтан, балаларды жас кезінен ана тілінде кітап оқуға баулыған жөн. Бұны кезінде Ахмет, Міржақып, Мағжандар да айрықша атап айтып кеткен. Ендеше, сол Ахметтердің ізімен жүрсек, адаспасымыз анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

 

Басқа материалдар

Back to top button