Руханият

Терминология немесе тіл сақтаудың төте жолы

Термин ол баста латын тілінің «terminus» – «шек, шекара» деген сөздерінен пайда болған. «Ғылым мен техникалық, көркем өнер мен қоғамның алуан түрлі саласына байланысты қолданылатын, тиянақты тұжырымды ұғымды білдіретін сөздер мен сөз тіркестерді атау сөз». Энциклопедиядағы анықтама «Термин, атау ғылым, техника сол сияқты тұрмыстың белгілі саласындағы ұғымдарды да атау үшін жұмсалатын сөздер мен сөз тіркестері». Сонда термин дегеніміз ең алдымен, негізінен ғылым мен техника, технология саласында пайдаланылатын, қолданылатын арнайы лексика болып шығады. Оған қойылатын басты талап: дәлдік, нақтылық, жүйелілік, бір мағыналылық.

Сонымен, «термин» сөзінің мағынасы сол тілде болмаған бір ұғымды білдіретін жаңа атау сөз болады ғой. Біз (қазақ) үшін «термин» сөзі де термин болып тұр ғой. Ендеше біз мағынасына қарай «сөзжасам» деп неге аудармаймыз? Неге «термин» деген латынша «terminus», орысша «термин», неге қазақша мағынасына қарап «сөзжасам» демейміз?

Заманауи термин жасау үрдісінің өз ерекшеліктері, даму жолы, қағидаттары мен қиындықтары бар. Бір сөзді екінші тілге аудару барысында оның бірнеше нұсқасы пайда болады. Кейбір жағдайда бірнеше жарыспалыққа алып келеді. «Халық – сыншы» демекші, көзіқарақты оқырман тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, ұғымды жасалған, үйлесімді, әуезді терминдерді өзі таңдап алып, жатсынбай қабылдауы керек.

Терминдерді талқылауға жалпы қоғам болып атсалысқаннан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Олардың термин талабына нақ келетінін тауып, реттеп, біріздендіріп, жүйелеп беруі сала мамандарымен тілшілердің бірлесе, ынтымақтаса отырып істейтін азаматтық та абыройлы борышы дер едім.

Елімізде ұлттық тіл қанат жайып, өрістеуі үшін оның бірнеше шарты болады. Солардың бірі ұлттық терминологиялық жүйесінің мықты болуы. Осы мәселеге терең мән берген елдер ғылым мен білім, техника, технология және басқа салалардағы тілдің тұғырын биіктетіп, іргетасын нығайтатыны анық.

Қазақ тілінің терминологиялық қорын қалыптастыруда тіл тазалығының сақталуы, бөтен сөзді көп алмай, ұлт тілінде сөз жасап, төл сөздерімізді пайдалану басты ұстаным болуы қажет. Осы бағытты қатты ұстанушы, Алаш зиялыларының басында қазақ тіл білімінің негізін қалаушы аса көрнекті ғалым, тіл білімі және әдебиеттану ғылымдары терминологиясының авторы Ахмет Байтұрсынұлы болды.

Шет тілдерінен енетін ғылыми категориялар мен терминдерді өзіміздің ана тілімізге бейімдеудің ғылыми негізделген тәртібін бекіту керек. Жалпы елдің негізгі белгілерінің бірі мемлекеттік тіл болу керек, сондықтан оның ішінде ғылыми-технологиялық саласына қатысты терминология, аударма ісі де маңызды рөл атқарады.

Терминология қазіргі заманда біздің жас мемлекетіміз үшін ең күрделі және проблемасы көп мәселе. Қазіргі жаһандану заманында терминология жалпы әлем жұртшылығы үшін үлкен де маңызды мәселе болып отыр. Сондықтан, бізде де қазақ ұлттық терминологиясын жасау, оны қалыптастыру, дамыту оңай жұмыс емес. Өйткені, жаһандану кезеңімен байланысты жылына емес, айына көптеген талай жаңа ұғымдар мен жаңа терминдер күнделікті тұрмысымызға еніп жатыр.

Бұл орайда ортаға салар ой – тіліміздің кемелденіп, қолданыс аясының кеңейе түсуі үшін қазақ тіліндегі терминологиялардың дұрыс қалыптасуы да киелі міндеттердің жүзеге асырылуына негіз болары анық.

Термин сөздерді қолданғанда олардың мәнімен қызметін ескере отырып, ана тілімізге нұқсан келтірместен, қазақ тілінің сөздік қорын барынша толық пайдалану қажет. Ал енді шетелдің кейбір сөздерінің мағынасын дәл беретін баламасы табылып жатса, оны дұрыс қабылдап, сөздік қорымыздың аясын кеңейте түсуге болады.

Халықаралық терминдер деген қазіргі қазақ тілінде ұғым пайда болды. Бұл ұғымды жақтайтындар қазақ ұлтының тіліне жеңіл, атүсті қарайтындар. Менің өз ойымша ондай ұғым жоқ. Халықаралық терминді қолдайтындар, бірнеше тілде өзгермей қолданылатын сөздерді халықаралық термин дейді. Ол халықаралық болу үшін неше тілде қолданыста болу керек десең, үшеу ме, он ба жауап бере алмайды, ондай сөздер көбінесе еуропалық сөздер ғана және олардың саны онша көп емес.

Жалпы термин сөздің өзі әр халықтың тіліндегі ғылыми ұғымдардың атауы ғана емес пе, басқаша айтқанда, кірме сөз ғой. Біз, қазақтар, салалық ғылымдар терминдерін өзіміздің ұлттық тілімізге өзіміз алуымыз керек емес пе?

Енді кірме сөздерді қалай қабылдауымыз керек деген маңызды сұрақ тұрады алдымызда. Бұл сұраққа қысқа да нұсқа, тамаша жауапты Ахмет Байтұрсынұлы баяғыда беріп кеткен.

Шетелден қосылған кірме сөздерді «Басына қазақтың түлкі тымағын кигізіп, үстіне ұлтымыздың шекпенін жауып, аяғына қазақ халқының саптама етігін кигізіп, үйлесім деген тілдің ұлы заңына сәйкес қабылдау керек» деген.

Ал, бір қызығы, біздің дана бабаларымыз университет бітірмей-ақ, профессор атағынсыз-ақ бәлен ғасыр бұрын шетелдердің қазақ тілінде баламасы жоқ сөздерін енгізудің классикалық тамаша үлгісін жасап берген ғой. Орыстың «самовар» деген сөзін «самаурын» деп, «ведро – бедіре» деп, тура қазақтың өз сөзіндей тілге енгізген. Қазіргі профессорлардың бәрі ауылдан шықтық қой, 15-17 жасқа жеткенше, орыстармен араласқанша жоғарыдағы сөздер орыстың сөзі екенін білгеміз жоқ қой. Міне, сөзжасамның керемет жолы осы емес пе? Ахмет Байтұрсынұлының айтқаны да осы ғой. Бабаларымыз не деген даналар десеңіздерші, біздің көбіміз солардың шаңына да ілесе алмай жүрміз-ау. Таңғалмасқа шара жоқ. Қазіргі заманда кейбір «профессорлар» «Жүз жыл бұрынғы Ақаңның айтқандары ескірді. Қазақстан қазір дамыған, өркендеген уақытта, шетел сөздерінің түбірін өзгертпей, сол қалпымен алу керек» деп сандырақтап жүргенін құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр ғой. Орыс сөзін сол қалпында қалдыру үшін латын әліпбиінде ана орыстың төрт дыбысынан айырылмай жүргендері. Сондықтан да ғой біздің келешек латын әліпбиінде тек дана Ақаң айтқан 28 дыбыс болсын деп жүргеніміз.

Ақаңның бұл даналық пікірін толық талдауға газеттік мақала мүмкіндік бермейтіндіктен, қысқаша баяндайық.

Қазақ тілінің беделін арттыру үшін қоғамдық өмірдің барлық саласында тек қазақ тілінің сөздерін, сөз тіркестерін, терминдерін ғана қолдану, пайдалану немесе ол сөздер кірме сөздерге балама болуы керек.

Екіншіден, кірме сөздерді Ахаң айтқандай жасап қабылдасақ ұлттық тілімізді байыту құралы етіп пайдалануымызға зор мүмкіншілік береді.

Үшіншіден, қазақ тілінде жаңа сөз қалыптастыруға ынталандырады. Кірме сөздерді тиімді қолдану тіліміздегі термин мәселесін шешуге кең мүмкіншілік береді.

Тәуелсіз мемлекеттің негізгі іргетасының бірі мемлекеттің тілі болса, соның ішінде нақты ғылымдар, техника, технология саласына қатысты терминология мәселесінің де маңызы орасан зор. Қазіргі таңда қазақ тіліне байланысты тіл білімінің бір саласы болып табылатын аса күрделі терминология бөлімі де әлі толық зерттеліп бір жүйеге келтірілмеген сияқты. Термин сөздерді тілімізге енгізгенде олардың мәні мен қызметін ескере отырып, ана тіліне нұқсан келтірмейтінін басты мақсат етіп алғаны дұрыс.

Әрине, кірме сөздер тілімізге тез бейімделу үшін бірнеше шарттар іске асу керек. Кірме сөздердің дауысталуын тек қазақ әліпбиіне бейімдеген, шет тілінің дыбыстарын мүлдем алып тастаған дұрыс болады. Басқаша айтқанда, кірме сөздерді (терминдерді) үйлесімдік заңын бұлжытпай пайдаланып, орыс, басқа ұлт тілдерінің дыбыстарын енгізбей, тек қана ана тілі дыбыстарымен жазу. Тек сол жағдайда ғана ол сөздер тілімізді бұзбай, керісінше кемелдендіреді және байытады. Жоғарыда айтқанымыздың бәрі кірме сөздерді тілімізге енгізбеу емес, ең маңызды, басты қағида – дұрыс енгізу. Егерде кірме сөздерді жоғарыда келтірілген заңдылықтарға негіздемей, өзгеріссіз ала берсек, тіліміз баюдың, дамудың орнына құрдымға кетуі ғажап емес.

Әліпбиімізді кириллицадан латынға көшіріп жатқан қазіргі уақытта, термин мәселесі одан сайын арта түседі. Өйткені, ұлттық тілімізді табиғи, қазақи қалпында сақтау үшін Ахмет Байтұрсынұлы аманат еткен 28 дыбыстан бөтен дыбыс жаңа әліпбиде болмау керек. Кірме сөздер үйлесім заңына сәйкес орыс тілі арқылы емес, түпнұсқа тіл негізінде жазуды қатаң сақтау қажет.

Қазақтың тілін дүниежүзіндегі қуатты тілдердің қатарына қосу үшін, ұлттық тіліміздің терминологиялық жүйесі аса мықты болғаны дұрыс. Терминология мәселесіне терең және тыңғылықты, маңызды мән берген елдерде ғана тіл өміршең болады. Онымен бірге ұлттық тіліміздің мәртебесін өлкениетті тілдердің деңгейіне көтеру үшін білім, ғылым, технология, техника және тағы басқа салалардағы тілдің тұғырын биіктетіп, іргетасын нығайтуымыз жөн. Ол үшін нақты ғылымдар мен техника және технологияның терминдері тілімізге бейімделіп, толық үндестік сингармонизм заңына бағынуға тиіс. Оның да негізгі қағидаларын Ахмет Байтұрсынұлы бастаған, Алаш арыстары көрсетіп кеткен.

Терминкомның негізгі жұмысы терминдердің жасалу жолдары, қандай ұстанымдары, қағидаларына сүйенеді, бірнеше балама атаулар арасынан оңтайлысын іріктеу дегендерге негізделеді.

Жалпы халықтың, мемлекеттің, адамзаттың өмір сүруі, дамуы, өркендеуінің әр саласы бірімен бірі тығыз байланысты. Мысалы, ең қажеттісі тілі болса, ол ғылымға байланысты. Тіл қуатты болу үшін, ұлттың ғылымы дамыған болу керек. Елде ғылым тез дамыса, тіл де байиды, дамиды. Ғылым дамымаса, тіл де қолданысқа жарамай, дамымай қалады. Оны анық кеңес кезіндегі жағдайдан көріп отырмыз. Кеңес кезінде, мысалы, физика ғылымы тек қана орыс тілінде сөйленді, зерттелді. Ғылыми мақалалар, қаптаған диссертациялар тек орыс тілінде жазылды. Мен 1957 жылы Алматыдағы жалғыз №12 мектепті бітірдім. Аты болмаса, заты қазақ мектебі емес еді. Сол уақыттың өзінде біз физика, математика, химия, биология сабақтарын 7 сыныптан бастап орыс тілінде оқыдық. Бітіргенде орыс тілінде шығарма жаздық.

1957 жылдан бастап қазақша сөйлемедім. Бәрі орысша. Қазақ тілінің маған қажеті болмай қалды. Бүкіл физикадан ғылыми жұмысым тек орысша болды. Менің замандастарымның бәрінің басында болған жағдай бұл. Сол кезде қазақ тілі тек отбасылық тіл болып қалды. Қазақтың ұлттық тілінің нағыз жұтаңдаған заманы болған ол уақытта. Қазақ терминологиясының сорлаған уақыты сол кезең. «Қазақ тілінде, бірді-екілі ғылыми-көпшілік мақалалар болмаса, шын ғылыми мақалалар физикадан, тағы басқа нақты ғылымдар және техникадан болған жоқ. Солай болған соң терминология саласы құлдырады, ғылыми тілдің қажеттілігі болмады. Ол үшін ғылымды дамытуымыз керек. Егер зерттеулерімізді қазақ тілінде жазсақ, ондағы жаңалықтарды білу үшін қазақ тілінің қажеттілігі туады. Сонымен бірін-бірі дамытады, сол сияқты салаларда ұлттық тіліміздің мәртебесі артады. Қазіргі біздің жағдайда қазақша ғылым тілі, қазақ тілді ғылыми қауым жоқ болса, қазақ терминологиясы қалай қалыптасады, қалай дамиды?

Басқа елдің тіліне тәуелді болып қалмау үшін өзіміздің ұлттық ғылымымызды, өзіміздің жаңа технологиямызды дамытуымыз керек. Сонда ғана қазақ тілі шын мәнінде дамиды, өркендейді.

Біз термин жасауда баламаны әуелі қазақтың тілінен, көне қазақ тілінен, екінші туысқан татар, башқұрт, өзбек, әзірбайжан, түрік тектес халық тілдерімен, одан кейін парсы, араб тілдерінен алуымыз абзал.

Біраз жыл бұрын Түркияның экс-президенті Тұрғыт Өзал Түркістанда сөйлеген сөзінде «60 миллион қазақ бармыз» деген еді. Олай дегенін түсіндірсе, 50 миллион түрік, 10 миллионы қазақ. Түрік дүниесінің рухани астанасы осы Түркістан, сондықтан 60 миллион қазақ дегені содан, тағы сол кезде жалпы түріктілділердің ортақ тілінің негізі қазақ тілі болу керек деген еді. Жақында Түркия президенті Ердоған да түрік пен қазақ бірге туған, біз 90 миллионбыз деді. Жалпы түріктер бізді өздеріне өте жақын тартатынын білдіріп тұрады. Түріктер алып Осман империясын құрған көп ғасырлық тарихы бар, туысқан ел болғандықтан, біз де жақындауымыз заңды жағдай болып табылады.

Сондықтан, терминжасам мәселесінде де біз түрік тіліндегі сөздерді қарқындырақ пайдалануымыз керек. Өйткені, түрік тіліндегі сөздер біздің тілімізде тамаша кіріп, сіңісіп кететіндігін кейінгі кезде анық көріп жүрміз (ұшақ, сынып және т.б.), бұл жағдай, тіпті, заңдылық болып табылады. Себебі, кезінде біздің ата-бабаларымыздың ортақ пайдаланған сөздері.

Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде термин (пән сөзі) мәселесі туралы баяндама жасаған Е.Омаров: «қазақ тіліне жай сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды… жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатын болып кетсе қазақтың тілі бұзылады» деген болатын. Х.Досмұхамедов: «Жат сөздерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп тілімізге лайықтап алу қажет. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер, дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді» дейді.

Қазақ тілі ғылымының қазіргі таңда зерттелетін бір өзекті мәселесі дауысты және дауыссыз деп аталатын ұғымдарды қайта қарау керек сияқты. «Дауыссыз» дыбыс деген ұғым – дұрыс емес. Өйткені дауыс – бізді қоршаған ауа дыбыстың айтылуына мүмкіндік беретін, онымен бірге дыбысты ауада пайда болатын толқындар арқылы естуге жеткізетін өткізгіш рөлін атқарады. Сонда ол қалай дауыссыз болады. Дауыссыз – дыбыс бар, бірақ дауысты дыбыстарға қарағанда басқаша, бөлек, ерекше. «Дауыссыз» деген термин – сөздің ғылыми мағынасы дұрыс емес, шындығында дауыссыз дыбыс болмайды. Мен тіл маманы болмағандықтан, әрі қарай бармай, қазақ тілі мамандарына ұсыныс ретінде қалдырамын.

Алайда, сәтсіз жасалған кейбір терминдерді мысал келтіре отырып, қазақ тілінің терминжасамға икемсіздігін, ғылыми ұғымдарды дәл беруге мүмкіндігінің жетпейтіндігін дәлелдеуге тырысқысы келетіндермен келісуге болмайды. Егер де қазақ тілі қоғамдық өмірдің қандай да бір саласындағы (физика, химия) қызметін толық атқара алмай жатса, оған кінәлі – қолдана алмай жүрген жігерсіз ұлт зиялылары, қазақ тілі емес. Сондықтан, мемлекеттік мәртебеге ие болған ұлттық тілімізді терминжасамға толық пайдаланып, оны шын мәніндегі ғылым мен жаңа технологияның тілі ету – тіл ғалымдарының, әсіресе, тікелей салалық ғылымдар мамандарының аса зор жауапкершілікті сезініп, қажырлы, тынымсыз еңбек етуіне байланысты.

Қазір ұлттық тіліміз мемлекеттік мәртебеге көтерілуіне сәйкес, оны халықаралық дәрежеге жеткізу үшін ғылым мен технологияға кеңінен енгізу үшін төл терминологиямыздың ұлттық сипатын арттыра түсіруіміз абзал. Ол үшін салалық ғылым мамандарының тілші ғалымдармен бірлесе тығыз байланыста жұмыс істегендері зор рөл атқарады.

Термин мәселесін көтерген уақытта әлемнің тілдер арасындағы өзара сөз алмасу, терминалмасу құбылысы туралы үлкен сұрақты айналып өтуге болмайды. Өйткені, бұл құбылыс дүниежүзілік тілдер арасындағы терминалмасу ғылым, технология дамуындағы табиғи құбылыс. Әлемде ешқандай тіл сөзалмасу мәселесінен тыс қалуы мүмкін емес. Кез келген тіл өзінің даму, баю үрдісінде міндетті түрде басқа тілдермен байланыста болады. А.Байтұрсынұлы айтқан «тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді» деп тегін айтпаған. Термин жасау – көп ізденісті, шеберлікті қажет ететін өте күрделі жұмыс. Әртүрлі саладағы терминдерді сол саланың маманы жасау керек. Жай маман емес. Сол саланы өте терең білетін және екі тілді де жақсы меңгерген болуы қажет. Тек осы жағдай орындалғанда ғана жаңа термин тіліміздің асыл қасиеттерін төмендетпей, тіл қорын байыта түседі. Сөзжасам терминологиядағы ең күрделі де өзекті мәселелердің бірі болып саналады. Әлемдегі көптеген тіл мамандары осы тақырыпта талай зерттеулер жүргізген. Осы күнге дейін жалғасып келе жатқандығы бұл құбылыстың өзектілігін және күрделілігін көрсетеді.

Бұл өзекті мәселемен сонау ХХ ғасырдан бері Ахаң бастаған Алаш зиялыларынан бастап бүгінгі таңдағы А.Қайдар, Ә.Айтбаев, Ш.Құрманбайұлы, тағы басқа қазақ тілі мамандары қажырлы еңбек жасап, терең зерттеу жұмыстарының нәтижесінде талай ұсыныстар жасап, сөзжасамның негізін қалыптастырды. Біз тіл маманы болмағандықтан, ол атқарылған тамаша зерттеулерді ғылыми терең талдауға өреміз жетпегендіктен, тіл жанашыры ретінде, жоғарыда келтірген авторлардың жұмыстары негізінде өз ойымызды ортаға салуды жөн көрдік.

«Жалпы терминологияны қалыптастыруға байланысты Алаш оқығандарының өз арасында кейбір мәселелерге қатысты өзіндік пікірлері, жеке көзқарастары болғанымен, дәл терминқорды ұлт тілінде қалыптастыруға келгенде олар ортақ ұстаным төңірегіне топтасты. Яғни, қазақ тілінің терминологиялық лексикасының негізгі басым бөлігін ұлт тілінде жасап қалыптастыру – олардың ортақ мақсаты болды» – дейді Ш.Құрманбайұлы. 

Темірғали КӨКЕТАЙ,

«Халықаралық Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының төрағасы,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры.

(Жалғасы келесі санда).

Басқа материалдар

Back to top button