Шахтинскіде кәсіпкерлер жергілікті ауруханаға жан сақтау бөліміне арналған автоматтандырылған төсек сыйлады

Қарағандылық кәсіпкерлер осы қиын кезеңде денсаулық сақтау саласына қолдау көрсетіп, жерлестерге қамқорлық жасауда. Шахтинсктегі медиктерге ем алып жатқан науқастарға күтім жасау оңай бола түспек. Қалалық орталық аурухананың реанимация бөлімінде автоматтандырылған төсек пайда болды. Мұндай сыйлықты Мельниковтар отбасы жасады.

Арнайы жабдық Мәскеуден тапсырыс беру арқылы сатып алынды. Кереует пультпен басқарылады, әр түрлі жату режимін орнатуға болады. Терінің ойылып қалуына қарсы матрац бар, оның ауа қысымы компрессормен реттеледі.

Бұл Шахтинск қаласының меценаттарының алғашқы игі ісі емес. Юрий және Евгений Мельниковтар қайырымдылық акцияларына қатысады, еріктілермен бірлесіп шараларға ат салысады. Дәрігерлерге көмек көрсетуді шешкен демеушілер аурухана ұжымынан не қажет екенін алдын ала анықтап алғандарын айтады.