Бас тақырыпЖаңалықтар

Кернебаевтар отбасы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарды

Қарағанды облысының Кернебаевтар отбасы «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауында бірінші орын иеленді. Білім мен ғылымды өмірлік ұстанымына айналдырған әулет республикалық кезеңде үздіктер қатарынан көрініп, 2 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Биыл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 3,5 мыңнан астам өтінім түскен. Астанада өткен ақтық кезеңге өңірлік іріктеуден өткен 20 отбасы қатысты. Олардың қатарында еңбек әулеттері, көпбалалы отбасылар мен бірнеше ұрпақтан бері өз саласында табысты еңбек етіп келе жатқан жанұялар болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев құттықтады. Ол отбасы тәрбиенің негізі қаланып, жас ұрпақтың өмірлік бағыты қалыптасатын маңызды орта екенін атап өтті.

Кернебаевтар әулетінің тарихы білім мен еңбекке деген құрметке негізделген. Отбасының үлкені Сапар Кернебаев әр жылдары оқытушы, агроном болып еңбек етіп, өсімдіктерді қорғау басқармасын басқарған. Жұбайы Несібелді Түсіпбаевамен бірге бес бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың 11 немересі мен үш шөбересі бар.

Әке жолын ұлы Айдын Кернебаев жалғастырды. Ол еңбек жолын жоғары оқу орнында оқытушы болып бастап, бүгінде жетекші ғылыми қызметкер қызметін атқарады. PhD дәрежесі мен қауымдастырылған профессор атағына ие. Ғылыми ізденістері ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған.

Айдын Кернебаевтің жетістіктері де аз емес. Ол «Жас ғалым» грантын иеленіп, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанған. Сондай-ақ «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» республикалық жобасының жеңімпазы. Оның зерттеу жұмыстары Қарағанды облысының аграрлық саласына қатысты басқарушылық шешімдер әзірлеуде қолданылып келеді.

– Бұл байқаудың ерекшелігі – мұнда бір адамның ғана жетістігі емес, тұтас отбасының еңбегі мен әр мүшесінің қосқан үлесі бағаланады. Біз Астанаға отбасымызбен келіп, бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Біздің күшіміз – бірлікте. Отбасындағы ең басты құндылықтар – үлкенді құрметтеу, бір-бірін тыңдау және жақындарын түсіне білу, – деді Айдын Кернебаев.

Оның жұбайы Айжан Шохабаева да білім мен ғылым саласын таңдаған. Ол 15 жыл бойы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде еңбек еткен. Қазір Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторантурасында экономика мамандығы бойынша білімін жалғастырып жатыр.

Айдын мен Айжанның шаңырақ көтергеніне 19 жыл болған. Олар бес баланы тәрбиелеп отыр. Балалары да білімге, ғылымға және шығармашылыққа қызығушылық танытады.

Үлкен ұлы Альтаир Назарбаев университетінде оқиды. Мектепті үздік бітірген ол биология пәнінен бірнеше рет облыстық олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Қазір бактерияларды зерттеумен айналысады. Қызы Алиана Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тоғызыншы сыныбында оқиды. Ол да зерттеу жұмыстарына қызығады. Ал Ханшайым гимнастика мен биді қатар алып жүр. Әбу-Хайр биыл бірінші сыныпқа барса, кенже ұлы Дінмұхамед 2025 жылы дүниеге келген.

Кернебаевтар отбасы үшін ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу де маңызды. Үлкенге құрмет, білімге құштарлық пен өзара қолдау әулеттің басты ұстанымына айналған. Бұл қасиеттер кейінгі буынның бойынан да көрініс тауып келеді.

Осылайша, қарағандылық отбасы республикалық байқауда топ жарып, өңір мерейін үстем етті. Кернебаевтар әулетінің жетістігі – бірнеше ұрпақтың ортақ еңбегі мен отбасылық бірліктің жарқын үлгісі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button