Біздің еңбегіміз әлі қатқан жоқ…

Бір жазушы бірер жыл өз бөлмесінде тапжылмастан отырып болашақ романының сұлбасын шығарады. Қолжазба дайын. Енді оны баспаханаға тапсырып, әдемі бір кітап басып шығарса, көптен бергі маңдай терінің өтеуі сол болар еді. Ол баспаханамен де келісіп қойғантұғын. Бірақ жағдай күтпеген жағдайға байланысты күрт өзгерді. Қолжазбамды ертең баспаханаға апарып берем деп тұрған күннің алдында бос кабинетке сүйікті немересі кіріп кетті.

Жазушы немересіне де қарайлап отырғантұғын. Үйдегілер болса жұмыста. Өзі бір шаруамен сыртқа бес минутқа шығып кеткені сол еді, әдгі жүгірмегі кабинетіне кіріп кеткен ғой. Жай кіріп кетсе бір жөн, ол балақай барады да жозының үстіндегінің бәрін қопарған. Қас қылғандай атасының сиямен жазған еңбегін алады да аквариумға салып кеп жібереді. Бүкіл жазуы сумен ағып, қолжазба жоқ болды.

Жазушы немересінің «қылмысының» үстінен шыққанда бәрі кеш еді. Немересі «ата, ата» деп бұған қарай тұра жүгірді. Атасының екі жылғы еңбегінің соңында мынадай сөйлем бар еді: «…бәрі де бекер, су боп ағып кетті…бірақ оған бола өкінбе, бәрін қайтадан баста»дейтін. Оның есіне бүкіл жазғанынан тек сол сөйлем, сол бір ой жұрнағы ғана түсе берді. Ол өзіне қолын созып тарпылдай басып жеткен немересін жерден көтеріп алды да бетінен сүйіп, құшырлана иіскеді. «Ата-ата!..» дейді тәтті бала, «құлыным, жаным!» деп еміренеді атасы. Ал жүрегінде ешқандай өкініш жоқ, өйткені жазған романының кішкентай кейіпкері төбесіндегі әлі қатпаған еңбегі бүлкілдеп құшағында тұр. Одан артық жазушыға не керек?..

Ертеңіне баспадағылар хабарласқанда ол жазып жатқан дүниесінен айнып қалғанын айтты. Олар қоярда қоймай телефон шалып, тіпті баспахана басшысы үйге келіп, өзімен сөйлескенде, қалай болған күнде де оның шығармасын шығарулары керектігін түсіндіріп, тіпті гонарарын жақсы төлейміз деп өтінгенде де бұл күліп:

 «Бәрі бекер, су болып ағып кетті. Бірақ оған бола өкінбе, бәрін қайтадан баста!» деп аквариумнан алған қолжазбаны көрсетіп, қонағын шығарып салды.

 «Егер мен жазушы болмай мүсінші болсам, сондай ұзақ уақыт жасаған туындымды немерем не басқа балақай қиратып тастаса қайтер едім? Онда да осы күйді қайталар едім…» дейді жазушы.

Аулада еңбегі бүлкілдеп немересі шауып жүр. Ол ойланып: «біздің еңбегіміз әлі қатқан жоқ…»деді өз-өзіне…

Осы сәтті күткендей жерден әлдебір кесекті тауып алған немересі әуелі «таш-таш» деп барып, артынан атасына ілесіп «тас-тас» деп айтып кетті…

Балақайдың еңбегі бүгін ғана қатты. Жазушы жылы жымиды.

 

Мұнайдар Балмолда

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.