Зеңбірек

Қарағандыдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір бұрышында тұрған сұсты зеңбірек назарыңызды өзіне еріксіз аударады. Оралдың бойында құйылған отты қару музейге Қарқаралы бекінісінен жеткізілген екен.

Зеңбіректің белінде жазу бар. Мұнда «СА. ЛИТА В КАМЕНС. 1815 Г. СВЕРЛ ВНИЖН ИСЕ. ЕЗ» деп жазылған. Таңбаны history-kamensk.ru сайты ұсынған мәлімет негізінде зерделеп көрдік.

«СА» – «сухопутная армия». «ЛИТА В КАМЕНС» – Каменскіде құйылған. «1815 Г» – 1815 жылы. «СВЕРЛ ВНИЖН ИСЕ» – НижнеИсетск зауытында ойық жасалған. «ЕЗ» – Екатеринбург зауыттары.

Елизавета Петровна мен ІІ Екатерина тұсында күрт кеңейген Ресейге қолдағы барды ұстап тұру үшін қуатты қару керек еді. Сібір мен Қиыр Шығысты, Орта Азия мен Кавказды уыстан шығармау қажет. Иран, түрік, швед мемлекеттерімен соғыс өрті тұтанған кез. Наполеон бастаған француздар Еуропаны қанатына алған. Патшалық Ресей әскерін қаруландыруда Оралдың бойына арқа сүйеді. Темір кенінің қоры мол бұл аймақта. 1799 жылы Каменскіде зеңбірек құю ісі қарқын алды. Дайын қару бірден бекіністерге жіберілді.

1814-1817 жылы мұнда 243 зеңбірек құйылыпты. Негізінен, Сібірдегі, қазақ жеріндегі бекіністерге жөнелтілген. Қарқаралыға жеткені де сол 243-тің бірі болуы мүмкін. Ал, Қарқаралыда бұл зеңбіректің ұңғысы қай тарапқа қарап тұрғаны бізге белгілі… 

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.