Түпсана…
Қазақ үшін жер жаннан қымбат. Ел мен жер дейді. Осы екі ауыз сөзге әлем сыйып тұр. Әріге бармай-ақ қоялық, Түрік дәуірінен солай. Шайқастың бәрі жер үшін болған. Құнанбай мырзаның айтқаны керемет қой, «адам өседі, жер өспейді» деп. Ұлт боп ойлана алатын адам ғана осылай сөйлесе керек. Иә, бұрынғының қазақтары ұлт боп ойлана алған, басында мемлекеті болмаса да. Бүгінгі қазаққа соны түйсініп өмір сүрсе де аз дәулет болмайды. Дәулет дүние ғана емес, әрине.
Әзірбайжан мен Армения арасында таулы Қарабақ үшін тайталастың тамыр жайғаны кеше ғана емес. Қазір екі ел арасына әлем алаңдаулы. Әлем деген соң, біздің ел де бар. Қазақстанның көзқарасы қайткен күнде қарусыз, қақтығыссыз бейбіт жағдайда шешуді көздейді. Дұрыс қой. Бірақ, оған болып тұр ма? Мана жоғарыда Құнекеңнің сөзін неге айттық… Әзірбайжан, бір теңіздің екі шетін қатар жайлаған түбі бір түрік қандас бауырлар дегенде, еске еріксіз Мағжан Жұмабай түседі. Алаш талауға түскен кер заманда Мағжан «Алыстағы бауырыма» деп түрік бауырларымызға өлең жазған. Тілеулес бауыр елге. Жан алқымға келгенде, кез келген тіршілік иесі жақынын іздейтіні – өмірдің жазылмаған заңы. Ұлт боп ойлап тұр ғой Мағжан да.
«Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған Түрік жаны,
Шынымен ауырды ма бітіп халі?!
От сөніп жүректегі, құрғады ма
Қайнаған тамырдағы ата қаны?!
Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,
Қайғыдан қан жұтамыз.
Біздің атқа
Лайық па құл боп тұру?
Кел, кетелік
Алтайға, ата мирас, алтын таққа!»
Кешегі құл-құтан кезімізде осылай жырлаған Мағжан. Ұлы Тұранның перзенті, ұлттың ұлы немесе өзі. Бұл дәстүрді Мағжаннан кейін ұлы Қасым Аманжол жалғады поэзияда.
«Тавриз – Баку аспанында күн Сана,
Күміс Каспий жағасында гүл Сана,
Жүрегіңмен жүрегімді бір сана,
Айтарым көп, айтқызбай-ақ біл, Сана».
Әзірбайжан жұртының тең жартысына жуығы онсыз да осы Тавризда қалып қойған. Қасым Сана қызды жырлау арқылы сана мен діл тұтастығын кейіптеп тұрғанға да ұқсайды. Бұл – бұрыннан Түрік жұртының түпсанасында қалып қойған бауырлық сезім. Күні бүгінге дейін бар. Біздің де азаматтық үніміз соған саяды. Беріш, Қашаған, Ақбұлақ деген жер аттары және бар екен Қарабақта. Сондықтан, Қарабақ үшін бауырлас Әзірбайжан халқына тілеулес рухымызды жолдауға біз де қақылымыз жеке азамат, түркілік рухтағы тұлға ретінде. Және бұл басқалар да сөйтсін деген сөз емес. Ал, түйінді бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыған мына бір қисынды сөзге қалдырамыз:
«Мәскеуде сөз сөйлегелі тұрған Әзірбайжан елінің президенті Гейдар Әлиев залдағы отырғандарға қарап: «1967 жылы Қарабақта болғанымда, судың жағасына келіп шешініп, суға сүңгіп кеттім. Жағаға шыққаннан кейін қарасам, киімімді армяндар ұрлап кетіпті» – деп қойып қалады. Залда армяндардың өкілі отырған. Сол орнынан атып тұрып: «Өтірік айтасың! Ол кезде бұл жақта армяндар атымен болмаған!» – деп қалады. Гейдар Әлиев сол кезде жымиып тұрып: «Міне, көрдіңдер ме?! Менің де осыны айтқым келген!» – депті.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.