Батыс Түрік қағандығы

Ұлы Түрік қағандығы (552- 603) ыдырап, оның екіге бөлінуі нәтижесінде пайда болған ерте ортағасырлық түркілер мемлекетінің бірі – Батыс Түрік қағандығы (603- 704). Ұлы Түрік қағандығында саяси-әлеуметтік қайшылықтардың шиеленісуі, оның дербестікке ұмтылған жеке бөліктерінде оқшалану үрдісінің күшеюі Шығыс және Батыс қағандықтардың құрылуына алып келді (603). Жылнамашылардың жазбаларында Батыс Түрік қағандығы негізінен бұрынғы үйсін жерлерінде құрылған, демек, оның аумағы ендік бағытта Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағанаттың негізгі этникалық-саяси ұйытқысы – «он тайпа» он оқ будунның мекендеген жері де осы еді. Сонымен қатар, ол Түрік қағанатының Шығыс Түркістан мен Орта Азиядағы (Самарқанд, Маймург, Кеш, Нахшеб, Иштихан, Кушания, Бұхара, Амуль және Андхой) отырықшы-егіншілік жұрттарындағы басып алған барлық жерлерінің мұрагері болды. Батыс түріктеріне тәуелді деген аты ғана болған Соғды мен Бүхарада да қағанның наместниктері, яғни, оның өкілдері болды ( Қазақстан тарихы.1 том.А.,1996.300.б.).

Батыс Түрік қағандығының іргесін қалаған жоғарғы қаған – Бумынның інісі Истеми (Естеми, Естемі) жабғу қаған болды. Истеми 552-553 жылдардан бастап батысқа жорық жасаған түрік әскерлерінің қолбасшысы еді. Ол осы жорығында Жоңғария мен Жетісу өңіріндегі және Сырдария алқабындағы түркі тілдес тайпалар мен ұлыстарды өзіне бағындырды. 558 жылы түріктер аварларды жеңіп, Еділ алабы мен Орал маңындағы бұлғар (болгар) мен өзге де түрік тайпаларын құрамына енгізді. 561-563 жылдары Истеми (Естеми) Эфталит мемлектеін ( Ақ ғұндар) басып алуға дайындала бастады. Алайда, бір шеті Каспий теңізінен, екінші шеті Солтүстік Үнді ойпатына дейінгі Орта Азияда ұланғайыр жерді алып жатқан эфталиттерді оңай жеңе алмайтынын түсінген Түрік қағаны Иран шахы Хусрау 1 Ануширванмен одақ құрып, әулетін туыстықпен байланыстырады (Истемидің қызын Хусрауға ұзатты ). Түрік қағанымен жасалған келісім бойынша Хусрау І шах өзінің әскерлерін Тохарыстанға аттандырып, оны 564 жылы эфталиттерден тартып алады. Сөйтіп, эфталиттер берік тылынан айырылады. Мұның өзі Истемиге 567 жылы Эфталит патшалығын талқандауға мүмкіндік береді. (Б.Жұмақаева. Қазақстан тарихы. А.,2010.37.б.). 567 жылы түріктер Сырдария мен Амударияның аралығына толық билік жүргізді. Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізі елдеріндегі «Жібек жолына» дербес бақылау жасады. Кейбір деректерде осы жорықта Истемидің 100 мың қол басқарғаны және оның қол астында Батыс Түрік тайпаларының он қолбасшысы (олар «он оқ» деп аталған) болғандығы айтылады. Сол жорықтың белгісі ретінде Истемиді он тайпаның қағаны («он оқ будун» қағаны) деп атаған. Истемидің эфталиттерді күйретіп, батыс өңірдегі елдерді бағындыруы Батыс Түрік қағандығының негізін қалады.

Батыс Түрік қағандығының территориясы: Алтай тауынан Тянь-Шань тауына дейін, шығыста Баркөлден бастап Батыста Арал теңізі мен Каспий теңізіне дейін созылған кең алқапты алып жатты. Осы ұлан-байтақ территорияны мекендеген түркі тілдес тайпалар: үйсін, қаңлы, дулат, түркеш, теле, басмыл, қыпшақ, оғыз, баһа (жайма) тағы басқа тайпалар Батыс Түрік қағандығының құрамына қосылды. Қағандық құрамына әр кезеңде қарлұқтар, Енисей қырғыздары, жікілдер (шығылдар), чомулдар, тухсилер тағы басқа тайпалар енді. Оның бас ордасы Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласында (кәзіргі Тоқмақ қаласының маңы), жазғы ордасы Мыңбұлақта (кәзіргі Түркістанның маңы) болды. Жегу – ябғу қаған (610-618), Тон-Ябғу қаған (618- 630) билік құрған кездерде қағандық қуатты елге айналды. Тохарыстан мен Кансуға ( кәзіргі Ауғаныстан) жасалған жорықтарда қағандық шекарасы Үндістанға дейін созылды. Тон-Ябғу қағанының баласы Тырду – Шадтың ордасы Құндыздыда болды (С.Кляшторный).

Қағандықтың негізгі күші басқару жүйесі мен армиясы болды. Түркілер металл өндіруден жалпы әлемдік тарих сахнасына шықты (Қ.Аманжолов, А.Тасболатов). Қағандықтың ең жоғарғы билеушісі – қаған деп аталды. Ол бүкіл елдің иесі, елдегі барлық қарулы күштердің ең жоғарғы қолбасшысы болды. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар – жабғы, ұлық, шад және елтебер – қаған әулетіне ғана тән атақ еді. Қағанның мирасқорлары, тудундар алым-салық жинауды, оны қаған ордасына жіберуді бақылап отырды. Сот қызметін бұйрық берушілер, тархандар жүргізді. Орданы басқаратын лауазым «үй қағаны», азық-түлікті басқаратын лауазым «ет жөні» деген атпен әйгілі болды. Батыс Түрік қағандығын түріктің Ашина тайпасынан шыққан ақсүйектер биледі. Қағаннан төменгі жабғу, ұлық, шад, елтебер сияқты жоғарғы лауазымдарға қағанның балалары мен туыстары тағайындалды. Олар қағандыққа қарасты тайпаларды билеп төстеді және өз үлестеріне тиісті әскерлерге қолбасшылық етті. Жергілікті иелік басшыларына түрік лауазымдары берілді. Батыс Түрік қағандығында мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі қағаннан бастап, жиырма сегіз дәрежелі лауазым иелері болған, олардың барлығы феодалданып келе жатқан шонжарлар еді (Н.Мыңжан) 7 ғасырдың бас кезінде Батыс Түрік қағаны Тон-яғбу ордасында болған будданы насихаттаушы, Қазақстанда болып, оның көркін, назар аударарлық жайларын суреттеген қытай саяхатшысы Сюань-Цзяньның жазғандары қаған руының байлығы туралы біраз ұғым береді. Қағанды аң аулап жүрген жерінде кездестірген саяхатшы аңшылар киімдерінің сәнділігіне таң-тамаша қалады. «Қаған жасыл жібек желбегей киген» – дейді ол. – Оның қасына ерген екі жүзден асқан тарханы бар, олар қамқа желбегейлер киген, шаштарын бұрымдап өрген. Басқа сарбаздары аң терісінен тігілген ішік киген, бөріктері жұмсақ матадан тігілген, қолдарында айбалта, садақ, ту ұстаған. Аттары өңшең сәйгүлік, түйе, ат мінген адамдардың көптігіне көз сүрінеді (Зуев Ю.А.Китайские известия о Суябе.1960.88.б.). Одан әрі қағанның киіз үйі туралы айтқанда, оның алтын мен сәнделгені соншалық тіпті, «көз қаратпайды» дейді ол.

Көшпелі түрік халқы 10 әскери – әкімшілік бөлікке («оққа») біріктірілді. Әрбір бөлік қолбасшысымен ( шат), бір түмен ( 10 мың) атты әскер шығарды. 10 бөлік бес-бестен территориялық бірлестікке топтастырылды. Суябтан шығысқа қарай Дулудың (Дулаттың) бес бөлігінің жері, батысқа қарай Нушибидің бес бөлігінің жері алып жатты (Қазақ ССР. қысқаша энциклопедия.1 том. 90. б.). Жетісу аймағында әскери-тайпалық ұйымдарды ондық санмен атау ежелгі үйсіндер кезінен немесе б.з.б III ғасырдан бастап әдетке айналған. Қарапайым халық «қара бодун», ал, әлеуметтік құрылымның ең төменгі сатысының тәуелді тобы «тат» деп аталған . «Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас» деген көне мәтелге қарағанда, түрік шонжарлары қарамағында таттар саны аз болмаған тәрізді.

Батыс Түрік қағандығында үй жұмыстарына жұмсалатын құлдар да болған. Бұлар көбінесе соғыс тұтқындары еді. Батыс Түрік қағандығындағы шаруашылықтың басым саласы көшпелі мал шаруашылығы еді, сонымен бірге, Іле, Шу, Талас өзендерінің алқаптарында, Алатаудың баурайында егіншілік алқаптары да болды. Олар көбіне тары мен бидай екті, халықтың бір бөлігі бақшашылықпен шұғылданып, жеміс-жидек, жүзім өсірді. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған тайпалар арасында патриархалдық қатынас үстем орында болды. Ал, отырықшы-егінші аудандарда феодалдық қатынас қалыптасты (Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. А.,1994.113.б.). Ұлы Жібек жолының Батыс Түрік қағандығын басып өтуі мұнда қалалық мәдениеттің өркендеуіне ықпал етті. Құлан, Нафакет, Суяб, Тараз, Меркі, Исфиджаб қалалары сауда, қолөнер орталықтары болды. Сюань Цзань 630 жылы Жетісу қалалары мен олардың тұрғындарының кәсібі туралы былай суреттейді: «Мөлдір көлден (Ыстық көл) солтүстік батысқа 500 лиден астам жүргеннен кейін Сүй-е қаласына келдік… Онда әртүрлі елдер мен худан келген саудагерлер тұрады. Жерлері қызыл тары мен жүзімді егуге жарамды… Адамдар жүн матадан тоқылған киім киеді. Суй-е қаласынан тура батыста бір-біріне тәуелсіз, бірақ бәрі түріктерге бағынышты бастықтарға қарайтын он шақты қала бар.» (Қазақтар.1 том . A.,2003.28 б.).

Түркілердің басты қатынас көлігі жылқы болды. Сондықтан олар ат әбзелдерінің жақсы жасалуына ерекше көңіл бөлген. Мал ұстауға арқан, көген, желі, бұйда, шылбыр, құрық сияқты құралдарды пайдаланған (С.Жолдасбайұлы.). Оның халқы Көк Тәңірге, Ұмай Анаға, Жер Анаға, Су Анаға табынды.

Халқының құрамы алуан түрлі тайпалардан тұрған қағандықта 630 жылдардан бастап, билік үшін талас-тартыстар басталып, Батыс Түрік қағандығының екі тайпалар одағы-дулу мен нушиби арасындағы тайпалық соғысқа әкеліп соқты. Олар 634 жылы Сырдариядан батысқа қарай созылған – иеліктерінен айырылды. Бұл соғысты Ышбар Хилаш қағанның (634-639) дулу мен нушибидің тайпалық аймақтарын «он жебеге» бөлген әкімшілік реформасы да тоқтата алмады (Қазақ Совет энциклопедиясы, I т., 232 б.). Батыс Түрік қағанатының әлсіреген жағдайын біржола пайдаланып қалуды ойлаған Қытай мемлекеті 659 жылы Жетісуға басып кіреді. Қағандық өзінің тәуелсіздігінен айырылды. Түріктердің Тан мемлекетінің (618-907 жж.) басқыншылығына қарсы жүргізген тынымсыз күресі барысында қағанат құрамында түргештер күшейіп, көтерілді. VII ғасырдың аяғында және VIII ғасырдың басында Түргеш тайпасының көсемі Үшліктің Тан империясына қарсы жүргізген соғыстары нәтижелі бола бастады. Ақыры 702 жылы Үшлік Қытайлармен күресте жеңіске жетеді. Бұл жеңіс Түргеш тайпасының беделін көтеріп, осылайша, 704 жылы Батыс Түрік қағандығы жерінде Түргеш қағандығы тарих сахнасына шықты.

Батыс Түрік қағандығын құраған тайпалар кейіннен қазақ халқының, өзге де түркі халықтарының құрамына енді, негізін қалады.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.