Жаңалықтар

Кітап оқу – өсу баспалдағы

М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 жылдық мерейтойына орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Тіл білімінің атасы» атты облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар ЖАҚАНОВАМЕН кездесу өтті.

Жұпар Рысқұлқызына кездесу барысында: «А.Байтұрсынұлы ұлтына қандай еңбек сіңірді және тілдің болашағы үшін қазақ тілінің өсіп-өркендеуі үшін не істеді?» деген сұрақ қойылды.

– Қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегі, қазақ жазуының, қазақ тіл ғылымының, әдебиеттану ғылымының қалыптасуына еңбегі өте зор. Әліпбиге қойылатын талаптардың барлығын ой елегінен өткізіп, талапқа сай әліпби ойлап тапты. А.Байтұрсынұлы мектепте өзі ұстаздық жолында жүріп, білім жүйесін қалыптастыру, қандай құралмен оқуына байланысты ең маңызды деген мәселелерді көтерді, – деді ол.

Ал, «Ахаңның дәуірінде жазу мәселесі қалай шешімін тапты, қандай жолға қойылды?» деген сауалға Жұпар Рысқұлқызы:

«24 әріптен тұратын араб жазуы негізделген төте жазуды ойлап тапты. Оны Ахмет Байтұрсынұлының жазуы деп атаймыз. Жазудың икемділігі, оңтайлығы, әліпбиге қойылатын барлық талаптарына сай, кезіндегі атақты зиялы қауымдар, белгілі тұлғалар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері осы жазуды меңгерген ұрпақ екен. 1924 жылы А.Байтұрсынұлы жазуын қоғамға енгізді, 1929 жылы латын графикасы енді, 1940 жылы кириллица жазуына ауыстық деп жауап берді. Кейін жас қонақтар: «Қазіргі өсіп келе жатқан жастарға айтарыңыз бар ма және тілді дамытуға қандай кітаптар оқуға кеңес бересіз?» деген сұрақ қойды.

– Ахмет Байтұрсынұлын, Абай кітаптарын, басқа да қазақ әдебиетінің озық үлгілерін оқуға кеңес берер едім және тілді дамытуға қатысты іс-шаралар көп болса деймін. Кітаптарды насихаттап, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға көңіл бөлінсе, тіліміз одан әрі дамиды деген үміттемін, – деп жауап берді.

Меруерт ЖҰМАБЕКОВА, М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button