Салт-дәстүр дәріптелді
Қарағандыдағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің өкілдері арасында қазақ халқының озық салт-дәстүрлері мен тарихын дәріптеуге арналған HalyQuiz зияткерлік ойыны өтті. Оған неміс, кәріс, поляк, тәжік, литва және шешен-ингуш этномәдени бірлестіктерінен құралған 6 топ қатысты.
I,II,III турда сұрақтар мәтін түрінде қойылды. Яғни, мұнда терминді болжау, дәйексөзді немесе деректі толықтыру, сөзді болжау және тағы басқа тапсырмалар. IV музыкалық турда белгілі бір музыкалық композицияның дыбыстық үзіндісін тыңдау арқылы композиторды, орындаушының атын, суретшіні, топты немесе фильмді және тағы басқа деректерді табуы керек.
Сондай-ақ, ойында бейнесұрақтардан құралған арнайы тур болды.
Қазылар алқасы қатысушы топтардың қарым-қабілетін бағалап, сайыс қорытындысын шығарды. Поляк бірлестігінің «SowA» командасы халқымыздың тарихын жақсы білетіндігімен ерекшеленіп, шапшаңдығымен көзге түсіп I орынды жеңіп алды. Ал, «Мугунхва» кәрістер командасы Абай Құнанбайұлы мен Әл-Фарабиге арналған барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, II орынға ие болды. Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Шакарбек Норматовтың басшылығымен құрылған «Персеполис» командасы корейлерден бір балл ғана кем жинап, III жүлделі орынды иеленді.
Интеллектуалды ойын барысында әр түрлі жастағы қатысушылар сан қилы бағыттағы сұрақтарға жауап беріп, білімдерін байқатты. Ойыншылар Қазақстанның қазіргі және ежелгі тарихы, қазақ халқының дәстүрлері жайлы білгенін ортаға салды. Мемлекеттік тіл мен наным-сенімге құрметін көрсетті.
Ең көп ұпай жинаған үздік команда дипломмен, кубокпен және сыйлықпен марапатталды.
Жәлел ШАЛҚАР.