АНА ТІЛІ – бабалар аманаты

«Қазір демографиялық ахуалдың өзі қазақ тілінің ұпайын түгендеу бағытына қарай дамып келеді. Яғни, біз алға қойған мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мұндай астары қалың, ел тағдырын шешетін іргелі істе асығыстыққа жол бермеу керек. Қайта әрбір әрекетімізді ақылға салып, мойнымыздағы тарихи жауапкершілікті барынша сезіне отырып жұмыс істегеніміз дұрыс».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

«Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген екен халқымыздың біртуар ұлы, ұлт жанашыры Мұстафа Шоқай. Тіліміздің тарихы – кешегісі мен бүгіні, болашағы жайлы кез келген көкірегі ояу, саналы қазақ азаматының ойланбауы мүмкін емес. Себебі, қазақтың басынан қаншама қилы тағдыр өтсе, сол тәлкекке ана тіліміз де қоса түсті.

«Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың», – деген асқақ ақын Мағжан атамыз тілдің құдіреттілігін, баба тілінің өміршеңдігін айта келіп, «тілі өлмесе, ұлт та жойылмайды» деген сәулелі үмітін паш етті емес пе?!

Ұлттық салт-сананы бала бойына сіңіру – ата мен әже, әке мен шешенің ұлттық мәдени, рухани болмысы мен ұстанымынан болады. Ол – өз алдына бір үлкен әңгіме.

Біз соның ең басты діңгегі, ұлттың айнымас белгісі, нышаны – ана тілімізде өз ұлтымыз өкілдерінің таза, анық, көркем әрі еркін сөйлеуі жайында айтпақпыз.

Ана тіліміздің жағдайы, оның мемлекеттік тіл тұрғысындағы беделі, қоғамда алатын орны хақындағы мақалалар, ой-пікірлер мен ғылыми еңбектер, тіпті, ғаламтор желісіндегі сайттарда жарияланып жатқан өзекжарды жазбаларда шек жоқ. Әйтсе де, ұрпақ бойында ұлттық болмысты, тілдің әдеби, жалпыға бірдей түсінікті әрі көркем қалпын сақтап қалу – талбесіктен, содан соң отбасы мен мектеп қабырғасындағы тәрбие арқылы бала санасына сіңіруден басталатынын ескерген жөн.

Бұл ретте отбасы мүшелерінің, ең алдымен ата-ананың ауызекі сөйлеу тілі мен мәнерінің әсері зор. Күнделікті тұрмыстық қарым-қатынаста қолданылатын сөздер мен сөйлемдер әдеби тілдік қалыпқа сай, яғни, жалпыға бірдей түсінікті, бөтен тілмен шұбарланбаған, былапыт сөзбен былғанбаған жұмсақ, көркем болуы тиіс. Әрине, олай сөйлеу түрлі себептерге байланысты кез келген отбасының әдетінде бар деп айта алмаймыз. Десек те, әр отбасы өзін мемлекеттің бір бөлшегі, оның өркениетін өзіне тән ерекшелігі, салт-дәстүрі, ізгі болмысы, тілі, ділі арқылы дамытып отыратын тамыры іспетті сезініп, ана тілінің қадірін кетірмеуді бір сәт те ойынан шығармауы тиіс.

Ана тілі – бабалар аманаты. Қарапайым тұрмыста ойымызды сауатты, толық сөйлемдермен жеткізіп, орайы келсе, мақал-мәтелдермен көркемдеп сөйлеу, әліміз келгенінше соған тырысу – біздің өскелең ұрпақ алдындағы бірегей міндетіміз. Себебі, соны құлағына сіңірген бала басқаларға үлгі бола біледі. «Ана тілін құрметтейік», «қазақша сөйлейік», «ұлттық салт-санамызды сақтайық» деп ұрандатқаннан да, сол бағыттағы әрекетті бала іс жүзінде өзімізден аңғарса, міндетті түрде қайталайтынын өмір тәжірибесінің өзі көрсетіп отыр.

Баршамызға белгілі, бала ойының дамып, адами құндылықтар идеясының, әлемге көзқарасының қалыптасуында көркем әдебиеттің маңызы зор. Олар халық ауыз әдебиеті мен әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Бұқар жырау, Шал ақын, Абай, Ахмет, Мұхтар, Жүсіпбек, Мағжан, тағы да басқа асыл сөз иелерінің шығармаларымен сусындап, онымен қоса, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Шекспир сияқты әлем әдебиеті өкілдерін оқу арқылы бәріне бірдей ортақ идея – адами қасиеттерді сақтау, ізгілікті дәріптеуді мұрат тұтады. Міне, содан келіп әлемді сүйетін, Абай атамыз айтқандай «адамзаттың бәрін бауырым» дейтін үлкен жүрек иесі – ізгі ниетті (гуманный) адам қалыптасып шығатыны сөзсіз. Сол әдебиетті өз ана тілінде оқып, терең ойлап, мағыналы, мазмұнды сөйлейтін жас ұрпақты көптеп көру – қандай бақыт! Орыс хал­қының ұлы жазушысы, әлемдік дең­гейдегі ойшыл Л.Толстойдың «Құн­ды сөз – құнарлы ойдан туады», «Сөз көмескілігі – ой көмескілігі» деген нақыл сөздері осы ойымызды айқындай түспей ме?!

Мектеп қабырғасындағы тағылымды тәрбие оқушы тілі мен оның рухани дамуына үлкен ықпалын тигізеді. Әртүрлі отбасынан, әртүрлі тәрбиемен келген балаларды ортақ бір мүддеге, ортақ қоғамдық қағидаға және ұлт пен рух жөніндегі ортақ идеяға жұмылдыру – мұғалімнің басты міндеті. Ол – күнделікті тынымсыз еңбекпен келетін, шынайы ықылас қойса, жемісін беретін игі іс. Сондықтан, әр мектептегі тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар қағаз бен фотобейне арқылы есеп беру үшін ғана жүргізілмей, шын мәнінде, баланың көңілін көтеретін, ой салатын, рухын оятып, жігерлендіретін, эстетикалық тәрбие беретін қалыпта болғаны жөн. Оның бәрі оқушылардың өздерінің тікелей қатысуымен атқарылуы тиіс.

Дидар ЖЕТІМЕКОВА,

№6 орта мектебі қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

ҚАРАЖАЛ қаласы.