Руханият

НҰРМАҚОВТАР туралы не білеміз?

Ұлтымыздың бетке ұстарларының бірі – Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ тегін әулеттен шықпағаны анық. Әулет ұрпақтарының бойындағы азаматтық бірегейлікті зерделеу арқылы Нығметтің Құрманғали атты інісінің де тегіне тартып туғанын бағамдау қиын емес.

ТЕКТІДЕН – ТЕКТІ ТУАДЫ…

Нығметтің шыққан тегі Арғынның Қаракесек руынан өрбитін Нұрбике-Шаншар бұтағынан. Шаншардан – Бердібек (Бертіс), Тілеубек (Тілеуке), Келдібек есімді үш ұл тарайды. Осындағы Келдібек – Қаз дауысты Қазыбек бидің әкесі. Ал, Тілеуке – Түркістандағы Қ.Яссауи кесенесіне жерленген. Тілеукеден – Жоламан – Қойсоймас, Кішкіл – Менеш – Тәукебай – Нұрмақ. Ал, Нұрмақтан 8 перзент, Нығмет, Құрманғали, Жәмел есімді 3 ұл және Мапыш, Мәжікен, Торғай, Қайша, Шәкен есімді 5 қыз тарайды. Ал, Нұрмақ атаның жары – Шидә әжей асылсүйек қожа руынан.

Нұрмақовтар әулетіне қатысты деректер медицина ғылымдарының докторы, академик Аман Жәмелұлы Нұрмақовтың жеке мұрағатынан алынғанын айта кетейік. Аман ағамыз – Нығметтің інісі Жәмелдің ұлы. Жәмел Нұрмақов қудалау басталғанда тұтқындалып, Қарағанды шахтасының Еңбек армиясына жіберілген. Облыстық партия комитетінің салалық хатшысы Дулатовтың көмегімен шопырлыққа орналасқан. Ол кісі бұл отбасыға көп көмек беріпті. 1956 жылға дейін айына бір рет тіркеліп отырған. 1957 жылдан бастап ауылға қайтып, ел қатарына қосылыпты. Одан 9 бала тараса, қазір 7-і аман-­есен. Ұлдардың ішінде үлкені – Аман Жәмелұлы.

Осылайша, репрессия салқыны Нұрмақовтарды көп әбігерге салған еді…

ӘКЕ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

Нұрмақовтар әулетінде есімі көп атала бермейтіндердің бірі осы – Құрманғали. Қолымызға Кәмел Құрманғалиұлының 2009 жылы жазылған әкесі туралы естелігі тиді. Содан үзінді келтіре кетуді жөн санадық. «Әкем Құрманғали Нұрмақов 1930-1937 жылдары Алматы қаласындағы қазақ кавалериялық полкінде қызмет атқарды. 1932 жылы старшина болды. Кейін каллиграфиялық қолтаңбасы мен сурет салу қабілеті үшін оған кіші лейтенант әскери атағы беріліп, полк штабына ауыстырылды.

Әкемді тұтқындағанда 8 жаста едім. Оның жылқыны жақсы көргені, баптап, жаттықтырғаны әлі есімде. Бәйгеде жүлделі орындарға да ие болды. Сонымен қатар, әскери істе, жалпы, өз білімін арттыруда көп ізденетін (1937 жылға қарай кешкі орта мектептің 8-сыныбын бітірді). Ол сол кезде Мәскеуде ВЦИК-те жұмыс істеген ағасы Нығметпен пікір алысып, ретін тауып Мәскеуге барып тұратын. 1937 жылы Нығметті тұтқындап, соттағаннан кейін оны да тұтқындады. Бұл – 25 желтоқсан, менің туған күнімде болды. Мен сабақтан кейін үйге келдім, сол кезде НКВД қызметкерлері тінту жүргізіп жатты. Әкем де үйде еді. Олар маңызды ештеңе таппай, әкемнің жеке қаруын алды. Әкем бізге кінәлі еместігін, тексеріп, босататынын айтқанымен, алып кеткен соң, қайта көрмедік. Хабарын кейін алдық. Сотталып, Коми АССР-дің Воркута қаласына жер аударылыпты. Хат алмасуға рұқсат етіліп, 1943 жылға дейін хат жазыстық. Әкем қиын тұрмыстық және климаттық жағдайларға шыдай алмай, 1943 жылы Лагпунктте қайтыс болды. Хаттарында ол бізге дәрігер оқуын оқуға кеңес берген еді. Бұл тілегін Тамара орындады».

ҚҰРМАНҒАЛИ ҰРПАҚТАРЫ

Құрманғалидан тараған ұрпақтарының осалы жоқ. Даңқты аталарының жолын лайықты жалғаған. Ұлы – Кәмел, қыздары Айша және Тамара. Кәмел 1929 жылы туып, 2013 жылдың 14 маусымында өмірден өткен.

Кәмел Құрманғалиұлы Нұрмақов – инженер-құрылысшы, Ленинград инженерлік-құрылыс институтының (ЛИСИ) түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы. «Алматыгипрогор-1» жобалау институтының бұрынғы директоры, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты. Алматыдағы бірқатар ғимарат пен тарихи құрылыстың авторы және жетекшісі (Жаңа алаң, Медеу мұз айдыны, «Детский мир» дүкені, кафе мен мейрамхана, әуежай және т.б.).

Айша – ғалым, химия ғылымдарының кандидаты, доцент. Өмірден ерте өткен (1993), (Жұбайы – Фазыл, 2009 жылы қайтыс болған).

Тамара болса, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің кавалері (Жары – Келіс Чуваков, м.ғ.к., доцент, 2000 жылы қайтыс болған).

Байқасақ, Нұрмақовтар әулеті техника және медицина ғылымдарына жақын болған. Үшеуінен де көптеген ұрпақ тарап, бүгінде өсіп-өнген. Түрлі салада жемісті еңбек етуде.

ҚҰРМАНҒАЛИДЫҢ ХАТЫ

Құрманғалидың ағасы Нығметке жазған хаты қазіргі таңда Алматыдағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мұражайында сақталған (АПРК Ф.141, ОП.1, Д1129, Л.36 (аударма).

«Құрметті Нығмет пен Зүфнүн! Ата-ана, аға-әпкелердің және ауыл адамдарының ыстық сәлемін қабыл алғайсыз. Өз қалдарыңыз қалай, үйі-іші, бала-шаға аман ба? Біз саумыз, шаруашылықта да шығын жоқ. Бұл төртінші хатымыз, бірақ сізден бірде-бір хат алмадық. Сіз қауіпсіз жердесіз бе, жоқ па, білмейміз.

Біздің қыс қазан айында үлкен жаңбыр жауып, мұз пайда болғаннан басталды. Қазір жағдай белгісіз, жұт жайлы бірдеңе деу қиын. Қатты аяз болмағандықтан, мал өлімі де жоқ. Бірақ, халықта шөп те, жейтін нан да жоқ. Жер мұзбен жабылған, сондықтан, бір боран малға қиын жағдай туғызуы үшін жеткілікті.

Қарқаралыдағы достарыңыз бен дұшпандарыңыз туралы сіздің рұқсатыңызсыз жазуға батылым жетпейді. Сізге қарсы материал жинайтындар бар. Рұқсат етсеңіз, олардың аттарын жазамыз.

Хат Сіздің қолыңызға түспейді деп алаңдаймыз және зұлым адамдар біздің хаттарда не жазылғанын білу үшін кешіктіреді. Сондықтан бұл хатты Ноянның атына жібереміз. Осы қыста Семейге немесе Қарқаралыға келу ойыңыз болса, хабарын берерсіз». Хат 13.ХІІ.1927 жылы жазылған. Түпнұсқадан Н.Нұрмақов аударып, қолын қойып, Ф.Голощекиннің атына жолдаған.

Хаттан сол кездегі Қазақстандағы саяси жағдайлар мен Нығметтің Голощекин саясатын әшкерелеу әрекеті анық аңғарылады.

Онда «Мен сізге бауырымнан алған хаттың дәлме-дәл аудармасын жібердім. Қарамен белгіленген жерлерге назар аударуыңызды сұраймын» делінген.

Кеңес саясатының салқыны тиген Нұрмақовтар әулеті қилы нәубет көрсе де, одан қалған ұрпақ тектіліктен танған жоқ. «Тектіден – текті туады, тектілік тұқым қуады» деген осы болса керек…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button