Руханият

ХИКМЕТ пен ХАҚ жолы

Соңғы кезде «Абай – ұлт ұстазы» дейтін сөз тіркесі айтылып жүр. Қонымды ой, әдемі сөз. Кеше заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» деп әлемге жар салса, бүгінгі ұрпақ ұлт ұстазының ұлағатын ойға тоқып, бойға сіңіруге талаптануда.

Абай шығармашылығы – құдіретті һәм жұмбақ әлем. Орыс ойшылы А.Островский: «Пушкинге таңдана-тамсана берген сайын, ой-парасатымыз кемелдене береді, оған бүгінде таңданамыз, сол таңдана-тамсанған сайын ақыл-зердеміз молыға береді. Біздің әдебиетіміз өзінің ой-парасат жағынан биіктегені үшін соған қарыздар… Орыс әдебиетін бір адам тұтас жүз жылға биіктетті», – деп кезінде пайымды пікір білдірген екен. Ал, біздің Абай – Алаш әдебиетін мың жылға көтеріп, аспандатты. Оған ешкімнің дауы жоқ.

Абайға дейін қазақ әдебиеті ауызша тарағандықтан, ешқандай сын да, сыншы да болған жоқ. Ондай ұғым атымен жоқ еді. Ақын, жазушы да, философ бола жүріп, сынды да өзі қалыптастырды.

Кеңес дәуірінде Абайды тарихта болсын, әдебиетте болсын тек қана ағартушы ақын ретінде қарастырды. Оның әлемдік ойшылдармен иықтаса алатын заңғар ойларын, теңесе-тіресе алатын көркемдік әлемін көбісі көре алмады, елемеуге тырысты. Хакімнің «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі…» дейтін пікірін бұрмалап, «ол орысқа жағынды, ұлттық мүддеден алыстады, қазаққа жаны ашымады, ылғи ұрса береді, өз халқын жамандаған» дегендерді де естіп, оқыдық. Осындай парықсыз пенделерге ызаланған шәкірті Шәкәрім: «…Әкеміздің бір шешесінен туған – Ибраһим мырзаны, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік, һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ер жеткен соң сол кісіден тәлім алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті…» депті өзінің шежірелік еңбегінде. Әрине, бұл жерде Абайды насихатталмады, айтылмады деп айта алмаймыз. Абайдың көзі тірісінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1903 жылы Петербургтен басылып шыққан, көлемі 478 бет, «Киргизский край» деген кітапта ол туралы алғаш дерек келтіреді. Хакім дүниеден өткенде оған орыс тілінде некролог жазады.

Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Құдайберген Жұбанов, Мұхтар Әуезовтер жалғастырып, абайтану ілімін қалыптастырып, дамытты. Бір өкініштісі, ұлы ойшылдың жауһар дүниелерін көпшілік қауым әлі күнге түсіне алмай келеді… Мәселен, «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» деді. Бұл өлеңде «хақтық» деген сөз – шындық, рас мағынасында алынса, «хикмет» – керемет, сыр, ақыл ретінде айтылған екен. Адамның Аллаға жақындығын, алыс ғарышпен байланысын, жаратылыс жұмбағын алдыға тартатын мұндай иірімді ойлар Абай мұраларында молынан кездеседі.

«Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек?
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек».
Немесе:
«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә (парсыша – ылғи, үнемі) өмір өтпек – ол
білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек…»

Алтын уақыттың қадірі – адамның өз қадірі. Яғни, бір минуттың өзі келте ғұмырлы пендеге үлкен олжа. Соқырдың өмір бойғы арманы – жарық дүниенің бір сәтін көру екендігін ескерсек, ақын уақыт туралы тектен-тек айтып отырған жоқ. Осыған қатысты тағы бір ой:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?..»
Мезгілдің әрбір сәті мөлт етіп, жылдам ағады.

Өмір – осы қысқалығымен қымбат. Ертеңнен үміті бар әр адам бәріне де үлгеру керек дейтін ой байқалады бұл өлең жолдарынан.

Абайдың артықшылығы – адамды жан-жақты зерттеп, адамтану ғылымын мейлінше меңгергендігінде. Оны өлеңдерінен де, қара сөздерінен де анық аңғаруға болады. Абайды ұлтшыл да, діншіл де дей алмаймыз. Бірақ ұлтына ұрса отырып, оны өте жақсы көргенін, сын айта келе, өз халқының өзге дамыған елдермен қатар болғанын аңсайтыны сезіледі. Ал дін жөнінде Абайдың сауаты мол болған.

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй хақ жолы деп әділетті».
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»,
«Мүмін болсаң, әуелі иманды бол,
Иман өзі адамға табады жол
(Бендеге иман өзі ашады жол)» дейтін өлеңдерді
діннен хабарсыз адам жазбас еді.
«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпты тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!»

Осы жайында ғұлама Ақжан Машани: «Алланың хикметі дегенді бұл арада Абай барлық ғаламның ғажайып сыры мағынасында алып отырғаны мәлім», – деп көрсетеді.

Абайдың хакімдігі туралы белгілі ғалым Ғарифолла Есім: «Абай хакім болғандықтан, өзі айтпақшы, ол әр нәрсенің себебін іздеуші. Ақын ұғымында Алла адамға дейінгі бар ақиқат. Сонда адам ақылымен өзіне дейінгі ақиқатты тани ала ма деген мәселеге келгенде, Абай «Алланың растығын» мойындауымен тежеледі. Оның себебін Абай былай түсіндіреді: «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды».

Абайдың гуманизмі оның мұсылмандығы арқылы айқын аңғарылады. Абай ұлттық ойлаудың ерекше үлгісін ұсынған. Абай ұсынған ойлаудың үлгісі – хакімдік. Ол осы хакімдік арқылы ұлттық ойлауды әлемдік деңгейге көтерді.

Абайдың хакімдігі – Сократ, Платон, Аристотель, Әбунасыр әл-Фараби дәстүріндегі ойшылдық. Сондықтан, ұлттық ойлауды Абай көтерген деңгейден түсірмеу, абайтанушылардың бәрінің есінде болатын қағида» – деп өз пікірін қадап айтады. Абайдың адамшылық тәрбиеге, оның негізі болатын моральдық философияға жиі барған себебін абайтанушы Мұхтар Әуезов: «Абай – өзі жасаған әлеуметтік ортаны, оны құрайтын жеке адамдарды тәрбиелеу, түзеу арқылы өзгертуге ұмтылған ағартушы-демократ. Осы себепті өз шығармаларында көп сөз болатын түбірлі, желілі негізі бар «толық адам» жайлы өте күрделі, тамыры ғасырлар қойнауында жатқан гуманистік танымға мейлінше мол түрде көңіл бөлген еді», – деп ой толғайды.

Абай гуманизмі – адамды, жалпы адамзатты біртұтас құбылыс ретінде қарастыруымен ерекшеленеді. Мысалға, «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деуі – гуманизмнің асқар шыңы.

Қазір күн тәртібінде жүрген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Абай шығармашылығында тұнып тұр. Бүгінгі уақыт уағызшыларының айтуынша: «Рухани жаңғыруда да оның ішкі мәнін түсінудің маңызы өте зор. Рухани жаңғырудың ішкі мәні – кез келген адамның адамдық қасиеттерін өсіру һәм дамыту. Рухани жаңғырудың ішкі мән-мақсаты – бітеліп қалған бұлақтың көзін ашқандай, адам жүрегінің көзін ашу. Егер жүрек көзі ашылса – Алланың рахымы түсіп, адам болмысы өзгереді. Хикметке толу дегеніміз – жан дүниені тазартып, сана-сезімнің өсуі. Хикмет кеуде – рухани білім мен адамдық қасиеттердің жиынтығы», – деп жалғаса береді. Бұлардың бәрін Абай баяғыда айтқан.

Хакімнің философиялық-әлеуметтік лирикасын оқыған ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялылары өздерінің прогресшіл, демократиялық көзқарастарын, әлеуметтік прогреске ұмтылысын нығайтқанын аңғаруға болады. Абай өз заманындағы қазақ халқының әлеуметтік болмысын қалай сауықтыру мен сауаттандыру жолдарын іздеді. Оның әлеуметтік ойшылдығын тереңірек зерттейтін заман енді туды.

«Абай жылы», «Абай күні» дейтін тарихи даталардың жарыққа шығуы – көңілге көп қуаныш ұялатады. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты маңызды мақаласы шықты. Аталмыш мақалада: «Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы. Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы. Абай мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті. Ол әділетті қоғам құру идеясын көтерген», – деп Абайдың ой-толғамдарын мемлекеттік маңызды іс ретінде алға тартады. Әрі қарай «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Абай арманы – халық арманы. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» – деп түйіндеген.

Иә, дәл осылай хакім Абай жайындағы барлық парасатты ой-пікірлер мен салиқалы сөздерге біз де қосыла отырып: «Абай – Алаш елі», «Абай – Қазақ мемлекеті», «Абай – Тәуелсіздік туы», «Абай – Рухани жаңғыру» дейтін текті тіркестерді ортаға саламыз.

Ғасырлар тоғысында, мыңжылдықтар айналымында Абайдың ғажап ғибраты, өлмес өнегесі жұлдыздай жарқырап, барша адамзат игілігіне айналса екен деп тілейміз.

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика кафедрасының аға оқытушысы.

Басқа материалдар

Back to top button