АймақТарихШет

«Көкейкестінің тарихы»

Қазақ күй өнерінің классигі, ғажайып музыкасымен Ресейдің патша сарайына дейін тәнті қылған Тәттімбет ҚАЗАНҒАПҰЛЫНЫҢ көркемдік деңгейі өте жоғары «Саржайлау», «Сылқылдақ», «Бес төре» сияқты рухани мұралары қатарында екі ғасырға жуық уақыттан бері орындалып келе жатқан «Көкейкесті» күйінің орны бөлек.

Әбікен Хасеновтің орындауындағы «Көкейкестіні» жасөспірім кезде пластинкадан таласа-тармаса үйрендік. Шығу тарихына қызығатынбыз. Үлкендер сол заманда Шу өңірінде сүйген қызын жолбарыс жазым еткен жігіттің ғашықтық трагедиясын суреттеген күй деп, аңызәңгіме айтатын.

Осы аңызға сенейін десек, күйдің композициясы өте терең, үлкен тарихты қозғап тұрғандай.

2008 жылы «QAZAQSTAN» ұлт­тық арнасы ақын Кәкімбек Салықовтың 80 жылдығына үлкен хабар арнады. Ақын өз шығармашылығы туралы айта келіп, «Тәттімбет» поэмасының тууына тоқталды. «Тәттімбет» поэмасын жазу үшін күйшінің туған жеріне барып, көнекөз қариялардан әр күйдің шығу тарихын сұраған. «Көкейкестінің» тарихына сонда қанығады. Күй Кенесары мен Наурызбайдың азаттық жолындағы соғысының қырғыз жерінде жеңіліске ұшырап, қазақтың соңғы ханының қаза болуына арналыпты.

Түсінікті болу үшін оқиғаға қысқаша тоқталайық.

Кенесары-Наурызбайдың Ресейдің отарлау саясатына қарсы жүргізген соғысы он жылға созылады.

Сол кезде орысқа бағынған өңірлерден қазақ жасақтарын құрып көтерілісшілерге қарсы салу жоспары қолға алынған.

1846 жылдың күзінде Кенесары жиырма мың қолмен Жетісуға шегінеді. Осы кезде Кенесары қолын орыс әскері қуып жетіп, талқандамақшы болады. Құнекеңе осы іске бас болып, жасақ ұйымдастыру тапсырылады. Аса беделді болыс Құнанбай сақтандыру ниетімен өзіндей болыс әрі пікірлес досы танымал күйші Тәттімбетті екіүш серігімен астыртын Кенесарыға аттандырып: «Кене хан жат елде мұндағыдай қолдау таппайды, әрі ол жақты да генерал Черняевтың әскері біртіндеп бағындыруда. Сондықтан, хан жорығын тоқтатып, әскерін таратсын. Өзі шетелге, түріктерге өтіп Осман империясынан саяси баспана сұрасын» – дейді.

Қарқаралының сәлемін жеткізген Тәттімбетті Кенесары қаһарлана қарсы алады. «Сен кімсің, қалай дәтің барып осы сөздерді айтып тұрсың? Мен бүкіл қазақтың ханымын. Маған ақыл айтқандай Құнанбайың кім, орысқа сатылған көп болыстың бірі шығар? Әкетіңдер мынаны, ертең жазалаймын» – дейді. Сыртта Тәттімбетті сондағы рулас жігіттер, «ханның ашуы қатты, басыңызды алуы мүмкін, дереу қашыңыз» деп қоя береді.

Келесі жылы жазда қатты ауырып жатқан Тәттімбет қырғыз жерінде Кенесары мен Наурызбайдың қайғылы қазаға ұшырағанын естиді. Жан-дүниесі өртенген Тәттекең шалқасынан жатқан күйі домбырасын алып, төменнен жоғары қарай шалып тартып ерекше күй орындайды. Көкейін тескен зары «Көкейкесті» болып төгіледі.

Ертай ЖӘНІБЕКОВ,

зейнеткер.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button