АймақҚарағанды

128 шақырымнан астам жол жөнделеді

Биыл Қарағандыда 128 шақырымнан астам автожол жөнделеді. Жоспар орындалса, жол төсемінің нормативтік жағдайдағы үлесі 79 пайызға жетеді. Бұл туралы бүгін, өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте жөндеу науқаны туралы Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов айтып берді.

Сурет: өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі

Қалада орташа жөндеумен 114 шақырым жол қамтылады. Құрылыс және қайта құру жұмыстары 7 шақырымға жоспарланған. 9 шақырым жол төсемінде күрделі жөндеу жүргізіледі. Жалпы қалада 127 учаске жөнделеді. 

– Биыл Волочаевская мен Б. Момышұлы арасындағы кварталаралық көшелер (1-кезең), Бөкетов көшесінің автожолы – Мұқановтан Үштөбе автожолына дейінгі учаске, оның ішінде Приканальнаядан Б. Момышұлына дейінгі учаскені салу жоспарланған, Комсонавт көшесі бойынша автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасады, – деді Рүстем Қожақапанов. – Пичугин көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды, теміржол вокзалынан бастап Терешкова көшесіне дейін 7-ші магистральға шығатын учаске қамтылады. Четская көшесі де жөнделеді. Орташа жөндеумен Михайловка, Үлкен Михайловка, Кирзавод-3-4, Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау және Күнгейдің жеке секторы қамтылады. Сондай-ақ, Ермеков, Гоголь, Абай көшелеріндегі және Назарбаев, Бұқар жырау, Сейфуллин, Шахтерлер даңғылдарындағы және 49-маршрут бағыты бойынша негізгі автожолдар жөнделеді.

Пайдаланылатын материалдардың сапасын бақылауды Ұлттық жол активтері сапасы орталығының зертханасы жүзеге асыратын болады. Бұл ретте Қарағанды жол желісінің жалпы ұзындығы 923 шақырымды құрайды, оның 667 шақырымы асфальтталған. Кепілдік қызмет көрсетуде жалпы ауданы 644 мың шаршы метр болатын 74 учаске бар. Ақаулар автожолдардың 20 учаскесінде анықталды. Мердігерлер оларды мамыр айының соңына дейін жоюы тиіс, деп қосты спикер.

Сонымен қатар, алдағы жылдары қалада алты маңызды жоба іске асырылатын болады. Бұл – Мұқановтан Майқұдыққа дейінгі, Университет көгесіндегі жолдарда – Мұқановтан Гапеевке дейін Алматы тас жолына шығатын жолдардың құрылысы, Күнгейдегі және Приканальная көшесіндегі жолдардың құрылысы. Бұдан басқа, Үлкен Михайловка станциясындағы темір жол үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірін салуға және 35-ші маршруттағы автожолды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қалада 6 бағдаршам және 1000 жарықтандыру тірегі орнатылады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button