АймақБас тақырыпҚарағанды

«Заң мен тәртіп»:  ECO FEST тұрғындарды игі іске жұмылдырды

Майқұдық саябағында ECO FEST – «Заң мен тәртіп» экологиялық фестивалі өтті. Ауқымды шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылып, тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға үндеді.

Суреттер Қарағанды қаласы әкімдігінен

Фестиваль қала тұрғындарын, белсенді жастарды, еріктілерді және «Жасыл ел» инклюзивті жасағының сарбаздарын бір алаңға тоғыстырды. Қатысушылар экологиялық акцияларға қатысып, түрлі спорттық жарыстарда бақ сынады, танымдық викториналар мен байқауларға қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған интерактивті алаңдардың жұмысына белсенді араласты.

Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау болды. Фестиваль аясында шағын футболдан турнир, ұлттық спорт түрі – «Асық ату» сайысы және ләңгі тебуден жарыс ұйымдастырылды. Оған Қарағанды қаласындағы 39 балалар аула клубының тәрбиеленушілері қатысып, өзара шеберліктерін сынады. Спорттық сайыстар балалар мен жасөспірімдерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, достық пен ұйымшылдықты нығайтуға да ықпал етті.

Фестивальдің ең көп қызығушылық тудырған бөлігінің бірі – пластик бөтелкелерді балмұздаққа айырбастау экологиялық акциясы болды. Бұл бастама қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеудің маңыздылығын көпшілікке түсіндіріп, экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталды. Акция аясында қатысушыларға 8 мың дана балмұздақ таратылып, сондай-ақ кинотеатрға, хайуанаттар бағына және Орталық саябақтағы Балалар темір жолына 1000 билет сыйға берілді.

ECO FEST – «Заң мен тәртіп» экологиялық фестивалі табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырумен қатар, тұрғындардың белсенділігін арттырған жарқын қоғамдық шараға айналды. Мұндай бастамалар қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті күшейтіп, туған қаланың тазалығы мен көркеюіне әр азаматтың үлес қоса алатынын көрсетті. Экология, спорт және қоғамдық белсенділікті ұштастырған фестиваль Қарағанды тұрғындары үшін ерекше мереке болып есте қалды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button