Бас тақырып

«Игілік» «Берекені» еселеп, «Жайлау» жарылқайды

Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінің сөзсіз басым бағыттарының бірі ретінде айқындаған болатын. Президент бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауында және Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумында сөйлеген сөзінде арнайы тоқталып, еліміз осы саланың зор әлеуетін әлі де толық пайдалана алмай отырғанын атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру аясында бүгінде елімізде жеңілдетілген несиелеудің жаңа тетіктері енгізіліп, өңірлерге оларды әрбір фермерге дейін тиімді жеткізу міндеті жүктелді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Президент пәрмені

– Мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану қажет. Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыз­дың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумында сөйлеген сөзінде.

Осыған орай, өңірлік коммуникация­лар қызметінің ақпараттық алаңында өткен кезекті брифингте өңірдегі мал басын көбейту, жеңілдетілген несиелер бағдарламалары және мал тұқымын асылдандыру бағытындағы ілкімді істер баян етілді. Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов сөзінің басында облыстағы мал шаруашылығы саласы тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын атап өтті.

– Былтырғы жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өсіп, 531,1 миллиард теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 100,3 пайыз. Ет өндірісі – 5,2 пайызға, сүт – 3,2 пайызға, жұмыртқа – 0,5 пайызға артты. Жалпы, өндірілген өнім көлемі 243,8 миллиард теңгеге жетті, – деді басқарма өкілi.

Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығы құрылымдарында тіркелген мал үлесі де жыл сайын артып келеді. Ірі қара мал бойынша бұл көрсеткіш – 61,3 пайыз, қой мен ешкіде – 64,1 пайыз, жылқыда – 69,6 пайыз.

– Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі – 11,2 пайыз, қой – 6,9 пайыз, жылқы – 0,8 пайыз. Бұл – тұқымды түрлендіру, селекция және асылдандыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді Сырым Бош­панов.

Спикердің айтуынша, қол жеткізілген нәтижелерде мемлекеттік қолдаудың үлесі зор. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыру бағдарламасы аясында облысқа республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінген. Сонымен бірге, ауыл тұрғындарын қолдау­ға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бүгінде 83 жеңілдетілген несие берілген.

Берекеге бастар бағдар

2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында іске асырылатын «Игілік» пен «Береке» бағдарламалары ерекше маңыз­ға ие. Бұл бағдарламалар асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған және табынның генетикалық әлеуетін арттыруға тың мүмкіндік береді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Мүсіреп Хасенов жаңа «Жайлау» бағдарламасының мүмкіндіктеріне арнайы тоқталып өтті.

– Бағдарлама шалғайдағы жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға арналған. Фермерлер жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейін жеңілдетілген несие ала алады. Қаражат шалғай жайылымдардағы инфрақұрылымды дамытуға және асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталады, – деді ол.
Мүсіреп Мұратұлының айтуынша, несие қаражаты мал сатып алумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар, репродукторлық фермаларды жаңадан салуға қажетті құрылыс-монтаж жұмыстарына да жұмсалады.
– Бағдарламаға қатысу үшін кемінде 300 бас ірі қара немесе 1000 бас ұсақ мал болуы қажет. Қаржыландырудың ең жоғары сомасы ірі қара мал шаруашылығы жобалары үшін 350 миллион теңгеге дейін, қой шаруашылығы үшін 200 миллион теңгеге дейін қарастырылған, – деді филиал директоры.

Қаржыландыруға қол жеткізу үшін облыс әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінің ұсынымы қажет екенін де атап өтті. Несиелеу екінші деңгейлі банктер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жүзеге асырылады. Бағдарлама туралы толық ақпаратты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалдарынан, ресми сайтынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.

Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиал директорының несиелеу жөніндегі орынбасары Саида Мұсабекова «Игілік» және «Береке» бағдарламаларының жаңартылған шарттарын таныстырды.

– Біз жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізе алатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатарын едәуір кеңейттік. Енді бағдарламалар ет және сүт бағытындағы ірі қара шаруашылығымен қатар қой, жылқы, түйе, шошқа, марал шаруашылығы мен омарташылықты да қамтиды, – деді спикер.

Мәлім болғандай, несие мөлшерлемесі бұрынғыдай жылдық 6 пайыз деңгейінде сақталған. Қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін. Ал, қарыз алушыларға 30 айға дейін жеңілдік кезеңі беріледі.

– Аталған уақыт шаруашылықты қалыптастырып, төл алу циклінен өтіп, негізгі несие төлемдері басталғанға дейін өндірістік қуатына шығуына септігін тигізеді, – деп түсіндірді Саида Амангелдіқызы.

«Игілік» бағдарламасы отандық және шетелдік асыл тұқымды мал сатып алуға лайықталған. Мұнда малдың тұқымы, жасы және селекциялық құндылығына нақты талаптар қойылады. Ал, «Береке» бағдарламасы жоғары өнімді импорттық ірі қара мен ұсақ малдың ірі партияларын сатып алуға дайын шаруашылықтарға арналған.

– Өтінімдерді қарастыру кезінде фермердің түпкі ниетін ғана емес, оның шаруашылығының нақты дайындығын да бағалаймыз. Жер көлемі, жемшөп қоры, қора-жайы мен ветеринарлық қызметінің болуы міндетті түрде ескеріледі, – деді ол.

Жаңашылдықтардың бірі ретінде сатып алынған малды міндетті түрде сәйкестендіру талап етілетіні және белгілі болды.

– Әрбір мал басы мемлекеттік ақпараттық жүйеде тіркелуі тиіс. Бұл олардың қозғалысын бақылауға және мемлекеттік қолдау қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге оң ықпал етеді, – деді Саида Мұсабекова.

Қарыз алушылар несие мерзімі аяқталғанға дейін сатып алынған мал басын сақтауға міндетті екенін де еске салды спикер. Ауыл шаруашылығы басқармасының тарабы негізгі міндеттер мен статистикалық көрсеткіштерді айқындаса, Аграрлық несие корпорациясы сол міндеттерді іс жүзінде жүзеге асырудың нақты қаржылық тетіктерін ұсынып отыр. Жеңілдетілген несие бағдарламаларына қатысуға ниетті шаруашылықтарға Аграрлық несие корпорациясы мамандары құжаттарды рәсімдеуді кейінге қалдыр­мауға кеңес береді. Өйткені, «Жайлау», «Игілік» және «Береке» бағдарламалары 2030 жылға дейінгі мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылады. Демек, бұл мүмкіндікті пайдалануға уақыт бар. Алайда, оны бүгіннен бастап тиімді қолдану қажет.
***
Қыр баласы ықылым заманнан бері есіл уақытын төл алу науқанымен, қой қоздатып, төрт түлігін төлдетіп, еншілі малын жазғы жайлауға айдап, қысқы қыстауға қайтару кезеңдерімен өлшеп, дағдыланғаны аян. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы жүктеген міндет – кешенді жоспардағы кезекті көрсеткіш, ғасырлар бойы қалыптасқан осы табиғи ырғаққа жаңа тыныс беру тегеуріні. Мұндай ауқымды жұмыста Қарағанды облысы – сырттай бақылаушы емес, Президент тапсырмасын нақты іске асырып жатқан өңірлердің бірі. Бүгінде осы келелі міндет жеңілдетілген несие келісімшарттарында, асыл тұқымды малдың құжаттарында, алдағы уақытта шалғай жайлауларда бой көтеретін репродукторлық фермалардың жобаларында нақты көрініс тауып отыр. Брифинг барысында айтылған әрбір миллиард теңге мен әрбір жеңілдетілген несие мөлшерлемесінің түпкі мақсаты біреу. Жайылым жерінің әлеуетін толық пайдаланып, елді өз өнімімізбен қамтамасыз ету.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button