Біздің сұхбатРесми

Ниқанбай ОМАРХАНОВ: «Киндерсюрприздер» ауылды қарық қылмады

Бұрын көз алдымызға ауылдың мыңғырған малы, шұрқыраған кейпі елестесе, қазір жұртта қаңғыған қаңбақ келеді. Желіні жер сызған түлік пен қайнаған қырманды қазақ ауылының санада қалған суретін енді қайтіп көрмейміз. Бұл күнгі ауылдың бейнесі – ол кезден алабөтен. Жүдеу десек, сол елдің жуандары ер-тоқымын бауырына алып тулай қоймас. Жұпыны десек, «Жұтынып тұрған ауыл, міне!» дей қоятын да тағы ешкім жоқ. Негізі, көзі ашық, көкірегі ояулар ауылдан қалаға бет алған тоқсаныншы жылдағы көштің әлі үзілмегенін айтады. «Урбандалудамыз» деп ұрандап жүрсек, ел қамын білетіндер оны «жабайы урбандалу» дейді. Бұл елдің жайын кімнен сұраған жөн? Көзін ауылда тырнап ашып, ғұмыры ауылмен біте қайнасқандар ғана айта алары хақ. Бүгінгі сұхбаттың қонағы – сондай тұлға. Есімі елге етене таныс. Кешегі әкім, бүгінгі зейнеткер, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы саласының үздігі – Ниқанбай ОМАРХАНОВ.

«ЫРЫСЫ ШАЙҚАЛҒАН АУЫЛДЫҢ ЫНТЫМАҒЫ ҚАЙТЫП КЕЛГЕН ЖОҚ»

– Бәріміз ауылдан шықтық. Ауыл – қазақтың кіндігі, тамыры дейміз. Өзіңіз сонда 40 жыл қызмет етіпсіз. Ауылдың дәурені жүрген дәуіріне, тоқырауға түсіп, тұралап қалған тұсына да куәлік еттіңіз. Одан бері де еңсесі езілген елді өркениет көшіне сүйреушілердің басында жүрдіңіз. Қарасақ, қилы кезеңді кешіпті қайран ауыл. Сөйткен ауыл, сіздіңше, қазір қай деңгейде? Жеткен жері қайсы?

– Иә, сөзіңнің жаны бар. Ауылдың дүркіреп тұрған кезін көзімізбен көріп, куә болдық. Өткенді көксегенім емес. Бірақ, ақиқатын айтайық. Совет үкіметі кезінде әрбір ауылыңыз жоғары индустриалды, техникасы мен технологиясы, төрт түлігі бай, оған қора-қопсысы сай, бір-бір мемлекетке пара-пар шаруашылықтар еді. Естігенімді емес, өзім көргенімді, басында жүріп, өмірде өткергеніммен сабақтайын сөзді.

Мәселен, мен 32 жасымда Қарқаралы ауылының Бақты совхозына директорлыққа келгенде, күзге дейін төлімен есептегенде 80 мыңға жуық асыл тұқымды еділбай қойы болды. Сонда қыстамаға 60 мың қой түсетін. Бір совхоздың өзінде. Қазір мұнша асыл тұқымды қой бүтін облысымызда жинақталмайды. Ащы шындық – бұл. Осыдан-ақ ауылдың ахуалын аңғарғайсың.

Шынын айтайық, несін күлбілтелейміз? Мұндай ірі-ірі шаруашылықтың түбіне жеткен – жекешелендіру. Жекешелендіруді «жеке-жеке кетіңдер» деп түсінген сол кездегі кей басшылар малды, техниканы талан-таражға салып, ақыры, ауылды жабылып жүріп, құлатып тындық. Құлатқанда қайта тұра алмайтындай, діңкелетіп тастадық. Кейінде сол ауылды көтереміз деп сан-сапалақ бағдарлама, шаралар қабылданды. Амал не, соның бірі ырысы шайқалған ауылдың айрандай ұйыған ынтымағын қайтып әкеле алған жоқ.

Тәуелсіздік алған 28 жылда ауыл шаруашылығын дамытады деген дәмемен қаншама бағдарлама жасалды. Нешеме министрлер келіп, нешемесі кетті. Менің есебімше, осы жылдарда 15 министр креслосын кезекпе-кезек ауыстырып, жылы орынды суытпады. Жай ауысып қойған жоқ. Әрқайсысы өзінің бағдарламасын арқалай жетті. Әрқайсысы жеке-жеке бағдарлама жасады. Бағдарламасын бастаған министр бір-екі жылдан соң жайына кетті. Одан кейінгі жаңа министр өзінің алдындағы министрдің бағдарламасын жоққа шығарумен шұғылданды. Сөйтіп, бірін-бірі жоққа шығарып жүргенде, ұзын-ырғасы 28 жылдың ішінде 13-ке жуық ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы дайындалыпты. Сол бағдарламалардан ауылдың ажары ашылса, кәне?!

– Бұл бағдарламалардың бірде-біреуі соңына дейін атқарылып, мәре сызығын кеспеді ме сонда?

– Жоқ. Әр жаңа министр оны жермен-жексен етсе, қайдан жүзеге асады?! Ең қиыны – сол бағдарламаларда бір-бірімен сабақтаспайтындығы. Сонымен, ауыл тоқырауға түсті. Дәл осы сәт тозып тұр.

Осыдан бес-он жыл бұрынғы ауылмен қазіргі ауылды салыстыруға келмейді. Күн өткен сайын кері кетіп барады. Халықтың үдере көшуі көбейді. Техника ескірді. Жиырма жыл бұрынғы қырықтағы азаматтар алпыстан асып, зейнетке шықты. 28 жылда ауыл қартайып кетті. Жастары жоқ. Тұрғыны азайды. Ауыл адамдары санының азаюы әлеуметтік салаға кері әсерін тигізді. Мынаны қараңыз. Кезінде 200-300 бала оқыған мектепте 40-50 бала ғана оқиды. Дәрігерлік емхана адам санына байланысты жабылып тынды. Кезінде әр совхоздың емханасы, ауруханасы да болды емес пе? Қазір тек фельдшерлік-акушерлік пункттер ғана қалды. Халық санына сай емес деп, учаскелік полиция инспекторлары да қысқарды. Ауыл халқының көші-қонының мультипликативті ықпалы – орасан. Айтып-айтпай не керек, ауыл әлсіреп, қалжырады.

«МИНИСТРЛІКТЕГІ ҚҰРЫЛЫМДАР ЖҮЙЕСІЗ»

– Ауылдың қазіргі сиқы осы дейсіз ғой…

– Иә, осы. Өткенде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдағы білімге қатысты өзекті мәселені қозғады. Сонда ауылдағы білім сапасы қаланың білім сапасынан екі жарым есеге төмендігі айтылды. Расында, ауылда бір сыныпта 2-3 сыныптың баласы отырады. Мысалы, кабинетте – алты бала. Оның екеуі – бірінші сынып, екеуі – екінші, екеуі – үшінші сынып оқушылары. Оған сабақ беретін бір мұғалім. Бір мұғалім бес-алты сыныпқа сабақ өткізеді. Не жүйткіген интернеті жоқ. Не жібі түзу компьютер бұйырмаған.

Негізінде, қаржы-қаражаттың көп үлесі, ең алдымен, қалаға тиіп, ауылдар қалдық принципімен қамтамасыз етіледі. Мұндайда қайдағы сапалы білім?

– Сонда бұл үрдісті, таптаурын тәсілді бұзып-жару үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс?

– Мұны кейінгі уақытта жиі жазып та, айтып жүрміз. Ғалымдар да дабыл қаға бастады. Ең алдымен, ауылдың дамуы – Ауыл шаруашылығы министрлігіне тікелей байланысты. Сол себепті, осы министрлік пен оның маңайындағы құрылымдарды реттеп, жүйеге келтіру керек. Көріп жүрміз, министрлік маңайында талас көп. Ұлттық ғылыми орталықтың жанына шаруашылық құрылымдары біріктірілген. Аграрлық университеттер – өз алдына бір төбе. Ауыл шаруашылығына арзан несие беретін «Казагро» – қазіргі уақытта «мемлекет ішіндегі мемлекет», «министрлік ішіндегі министрлік» мәртебесінде. Олар таза коммерцияға айналды. Осының барлығын бір жүйеге келтіруді қазіргі уақыт талап етеді. Зер салсақ, мемлекеттің ауыл шаруашылығына құйған қаражаты аз емес.

Төтенше жағдай комиссиясының қорытынды отырысында Президент жақсы айтты. Естеріңізде болса, онда Президент 1 млн. 700 мың ел тұрғынының жеке қосалқы шаруашылығы барын, бірақ олардың назардан тыс қалатындығын атады. Осыған орай, арнайы қанатқақты жобалар жасауды тапсырды «Атамекен» ҰКП-на. Одан кейін бағдарлама қабылдау міндеттелді. Ендігі үміт – сол Президент тапсырмасында. Ауылдағы шаруашылықпен айналысатындардың 70-80 пайызы – ұсақ қожалықтар мен жеке үй шаруашылықтары. Бұлардың Үкіметке, Үкіметтің бұларға бір тиыны жоқ. Өз қазаны, өз сорпасында қайнап жүр. Оларды неге қолдауға тиіспіз? Өйткені, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімінің 70-90 пайызы – сол жеке шаруашылықтар үлесінде. Ауыл шаруашылығын өрге сүйреген «шағындар» кім көрінгеннің жеміне айналған. Содан олар – дамусыз.

«ДАЙЫНДАУШЫ-ӨТКІЗУШІ КООПЕРАТИВТЕР ҚАЖЕТ»

– Осы бағытта қандай қолдау шаралары қажет дер едіңіз?

– 28 жылда ауылдың өркенін өсіреміз, көсегесін көгертеміз деп қаншама шаралар қабылданғанымен, оның бірде-біреуі өміршеңдігін көрсетпеді. Енді бірінші кезекте, мемлекеттің отандық ауыл шаруашылық саласын қайта жандандырып, еселеп дамытуда батыл шешім қабылдап, шұғыл әрекет жасау мәселесі – өзекті.

Жеке үй шаруашылығының өзіне де жыл өткен сайын үйдегі азын-аулақ малын ұстау қиындап барады. Басты себеп – ел 5-15 бас малын бағып-қағудан, жем-шөп іздеуден, малдың ауруынан, ветеринария мамандарының сауатсыздығынан, қысқы малдың күтімінен, жұмыскердің жоқтығынан, малын өткізудің машақатынан қажи бастады. Тап қазіргі ауылдықтардың басында – «олай тартсаң арба, былай тартсаң өгіз өлетін» кеп. Жастар қара жұмыс істегісі келмейді, келіндер ауылда тұрғысы жоқ. Ал, әке-шеше қартая бастады, денсаулықтары сыр беруде. Біразы қолдағы малдарын сатып, қалаға, не қаланың жанындағы ауылдарға көшіп, шайлыққа 1-2 сиыр, 4-5 қоймен отырғылары бар. Қайбір жетіскеннен, амалының жоқтығынан. Малдың бейнетінің өзі оларды бел жаздырмайды. Олар да адам ғой. Бейнет жеп қойған соң, денсаулық келмеген соң, еріксіз қалаға көш түзейді. Ал, ауылда жағдайы болса, олар қозғалмас еді. Сондықтан, ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтарды, яғни, ауылдықтарды ұстау үшін әр ауылда немесе жақын маңдағы (30-40 шақырым) 2-3 ауылда «Дайындаушы-өткізуші кооперативтер» ашу – кезек күттірмес мәселе. Кооператив жем-шөп дайындаумен, елдің малын өлшеп, сатып алып, сақтап, сойып сатумен айналысса, елдің өндірген ет-сүтін нарық бағасымен алып, жем-шөбін арзандау етсе, ветзертханасы тексеріп, осындай қызметтері үшін үкімет кооперативті субсидияласа, онда ел ауылдан ауа жөнелмесі анық. Өз басым ауылдағы жеке шаруашылықтарға көмекті осылай көремін.

– Бізде бір жылдары алаулап-жалаулаған кооперативтер құрылды ғой…

– Құрылуын құрылды. Жоғарыда айттым ғой, бір министрді екінші бір министр жоққа шығаратын «дерттің» салдарынан олар назардан тыс қалды. Біз Нұра ауданында жүргенде сүт шаруашылығын дамыту жөніндегі кооперативтер құрдық. Жұмыс жақсы бастау алған. Келесі келген жаңа министр оны тоқтатып тастады.

– Сонда қазіргі уақытта сол кооперативтер аты бар да, заты жоқ, тірі пендеге керексіз, әрекетсіз бе?

– Әрекетсіз. Өздерімен өздері, әйтеуір, бірдеңе етіп, тіршілік жасауда. Асқар Мырзахметов министр болған кезде сол кооперативтердің құрылымдарын, сүт қабылдау пункттерін, оның инфрақұрылымы, яғни, суы, кәрізі, жарығы, жолы мемлекет тарапынан жеткізілді. Сол ауылдың шаруашылықтарын кооперативтерге біріктіріп, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды. Ауыл адамдарынан сүтті жоғары бағамен сатып алып, есесіне сол кооперативке мемлекет тарапынан субсидия төленді. Мұнда сүт зауыттары көп бөгет жасады. Олар бұған дейін арзан бағамен сүт алып үйренген. Ел арасында кері насихат жүргізіп, кедергі де келтірді. Кооператив жинаған сүтті алмай, алса, арзандатылған баға сұрауға қатысты мәселелер туындағаны рас. Министрлік бұған араласып, оларға сырттан таситын сүт ұнтағына субсидия төлеуді тоқтатып, кәдімгі табиғи сүт алуына субсидия төлеуді жолға қоя бастаған. Жаңа министр бұл кооперативті елең қылмады. Содан жұмыс тұйыққа тірелді.

Нұра ауданында қанатқақты жоба ретінде басталған. Одан соң ет, жүнге қатысты дамымақ еді. Бірақ, әрі қарай қанат жаймады, тиіп-қашып күнін көріп жүр.

«КООПЕРАТИВ ҮШІН КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ АҚШАСЫНА ЖАРМАСУ – НОНСЕНС»

– Сіз айтқан «Дайындаушы-өткізуші кооперативтер» қалай құрылуы тиіс?

– Ауылдағы адамда, ауыл шаруашылығында қаражат та жоқ, кепілдік те жоқ. Мысалы, ауыл адамы үй-жайын, мал-мүлкін 50 млн. теңгеге бағалатса, «Казагро» соның 10 млн. теңгесін ғана мақұлдайды. 4-5 есе арзандатып жібереді. Ал, ол 10 миллионға не істей алады? Сол себепті, кооператив құрғанда оларға қажетті құрылғыларды Үкімет өзі орнатса деймін. Жоғарыда Нұра ауданында сүт кооперативтерін құрғандағыдай әдіс-тәсілмен.

Әр ауданның, әр облыстың өз ерекшелігі бар. Соны ескеріп, кооператив құруды жолға қоятын кез келді. Айталық, Қарағанды облысында негізінен ет, содан соң сүт шаруашылығы дамыған. Нұрада – сүт, Қарқаралы, Ақтоғайда ет шаруашылығы жолға қойылған. Сол сияқты әр ауданның бағытына қарай, соған сай қажетті пункттерді құру керек. Мысалы, Германияның, Ресейдің модульді мал сою пункті бар. Онда малдан алынатын барлық өнімді іске жаратады. Союдан бастап, оның тұяғына дейін әжетке асатын пункттерді орнатса, жұмыс жолға қойылар еді.

Мұны ұжымдастырумен салыстырып керегі жоқ. Біздің мақсат – әр ауыл адамының өнімін сол кооператив ауласынан алып кететіндей жағдайға жеткізу. Малын бордақылап өсірген ауыл адамы оны сату үшін басын қатырып, табаны тозбауы тиіс. Етті бағыттағы кооператив оны сатып алып, одан әрі іс қылатындай негізде құрылса – абзал. Мәселе – осында. Алыпсатардың жеміне айналған ауыл адамын құтқаруға да сеп – бұл. Өзіңіз білесіз, алыпсатарлар ауылға келіп, ет келісін 750-800 теңгеден саудалап, оны қалаға әкеліп сатқанда, бір тайыншадан екі тайыншаның құнын шығарады. Кооператив осындай жем болудан сақтайды.

– Кооперативте де ауыз бар. Сонда ол қалай өмір сүреді?

– Бұл арада кооперативке субсиядияны жолға қойған жөн. Мәселен, бордақылау алаңдарына субсидия төленеді емес пе? Соны осы кооперативтерге заңдастыру қажет. Айталық, кооператив 10 бас – 2000 тонна ет алса, соның әр килограмына 200 теңгеден субсидия төленсе. Сонда 400 мың теңге. Ол сол 400 мың теңгесін өзінің қажетіне, яғни, жарығына, суына, жалақысына жаратуы тиіс. Екінші, жүнге де, сүтке де сондай принцип қолданылуы керек. Мұнда тағы екінші вариант бар. Мысалы, ауыл тұрғынының 4 бұзауын, тайыншасын кооперативке бордақыға өткізу. Сол арқылы оларды бордақылатып, өсіріп, өнімін алуға мұрындық болу. Ал, ол үшін кооператив содан үлесін алатындай жүйені де қолданудың негіздемесі жасалса, құба-құп. Бұл аралықта әлгі тайыншалардың қожайыны өз шаруасын алаңсыз жүргізеді.

Қазір түрлі әңгіме шықты. «Кооператив құру үшін көпбалалы аналарға қаржы беруді тоқтатып, соны кооперативке салу керек» деген «ақылдылар» бар. Бұл енді – нонсенс. Ұят, тіпті. Ана мен баланың ақшасын несие қылу – ақылға сыймайтын дүние. Үкімет өзі көмектеспейінше, мәселе түйіні шешілмейді. Бірақ, ауылда маман, кадр жоғын да ұмытпауымыз керек. Осы күні ауылға миллиардтап қаржы бөліп, аузына қасықтап май құйсаңыз да іші-сырты бәрібір майланбайды. Себебі, ауылдың ертеңі саналатын, дімкәс ауылды сауықтыратын жастары жоқ.

– Ауылда жастарды, маманды ұстап тұру үшін материалдық мәселелер ғана емес, өркениеттің белгілері де болуы шарт емес пе?

– Дұрыс айтасың. Ауылға жастар қандай жағдайда барады? Жұмыс, үй, 150-200 мың теңге жалақы тағайындалса, толассыз, тоқтаусыз ағылар еді. Егер ауылға жастар келсе, оның әлеуметтік саласына да оң әсері тиеді. Мектебі де, емханасы да, инфрақұрылымдары да жанданады. Мұнда әлгі айтқан кооперативіміз де қалыс қалмауы тиіс. Ол да өз тарапынан мамандардың ауылға келіп, сонда қалуы үшін қол ұшын созғаны жөн. Бұл мәселелердің бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Бірін-бірі қозғап, алға басса, алға, кері тартса, кейінге жылжытатын ортақ күшке ие. Оларды бөле жарып қарау – мүмкін емес. Мультипликативті ықпал деген – осы. Қазір «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша бірқатар жұмыстар жақсы жүргізіле бастады.

– Сөзіңіз – аузыңызда. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы дегенде, көпшілігінде аудандар ұсынған жобалар қандай да бір мектепті, емхананы немесе жолды жөндеумен шектеліп қалып жатыр. Неге осындай ауқымды бағдарламаны сол ауданның өзіне тірек болар өнеркәсіп, кәсіпорын ашуға қолданбасқа? Білуімізше, бұл бағдарламаға жобаларды аудан әкімдері ұсынады. Сонда әкімдерде жаңаша, креативті ойлау жетіспей ме?

– Өзім де бір кезде әкім қызметін атқарған соң маған әкімдерді жамандау жараспайды (күлді). Бірақ, көпшілігінде тәжірибе жетіспейтіні – шындық. Кемшіліктер бар. Мен өзім әкім болған әр аудандағы әрбір ауылдың проблемасын жатқа білемін. Жалпы, ауылды оңтайландыру деген өте дұрыс. Алайда, ауылдағы халыққа көш деп айтпау керек. Олар ауылдан көшпейді. Баласы үшін малын бағады. Ендеше, осы орайда баланы оқытуда жаңаша қадам қажет. Ол үшін ауылдағы шағын жинақы мектептерді жауып, аудан орталығында заманға сай интернат салу мәселесі туындайды. Онда барлық жағдай жасалуы тиіс. Сонда ауылдағы адам өзі малын жайғап, баласына алаңдамай тірлігін жасайды. Міне, оңтайландыру деген – осы. Ал, келешегі бар ауылдарға кәдімгі заманға сай үйлер салынғаны жөн. Біз кезінде бір ауданда бастап едік. 25 округте 125 үй – 250 пәтер салуды жоспарлағанбыз. Жайлы үйді ауылда неге салмасқа? Түптеп келгенде, ауылды құтқарудың төте жолы – дайындау, қызмет көрсету-өткізу кооперативін ашу. Кооператив сол ауылдың шырақшысы, жоқшысына айналады. Сол арқылы малдың басын асылдандыруға ден қойылады. Ал, мал басы асылданса, жиі кездесіп жүрген мал індеттері де жойылады. Мал індетінің белең алуына себеп не? Ондағы басты себеп – тұқымының азуында. Қазіргі таңда малдың басы азып тұр. Неше түрлі мал ауруының шығуы – соның дәлелі.

Ауылда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаратын осындай ұйымшылдықтың жоғынан қазір ауылдардың маңайы – қу тақыр. Мал бағымсыз. Ол жоғалып та, ұрланып та жатады. Қой, ешкі, сиыры аралас жайылады. Жайылым ауыстыру деген атымен жоғалған. Өзім білетін 4-5 ауылдың маңайы шөлге айналды. Сондықтан, ауылдарда мал басын ұстауға да шектеу қою керек. Ал, кооператив болса, мал бағымын да ұйымдастырады. Бағамдасаңыз, кооперативтің тиімді әсері – зор. Көп мал ұстағыңыз келсе, жер алып, фермерге айнал.

«СУБСИДИЯДА ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТСІЗДІК БАР»

– Кооперативтің әркімнің қолы жете бермейтін субсидияны алуға да ықпалы бар болар…

– Қазір субсидияның 50-60 түрі бар. Қарапайым адам түгілі оны сол салада жүрген біздің өзіміз де білмейміз. Мұны алудың машақаты көп. Субсидия сынынан сүрінбеу үшін күнін әзер көріп жүрген әр фермер бүтін бір бухгалтерия ұстауы керек. Ал, субсидия кімге бұйырады осы күні? Оны облыстағы 4-5 пайызды құрайтын ірі шаруашылықтар ғана алады. Олар 100 миллиондап субсидия иемденіп, 80-90 пайыз өнім беретін шағын шаруашылықтарға, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға соқыр тиын да тимейді. Сөйтіп, әлеуметтік әділетсіздік туындайды. Не істеу керек мұндайда? Біз қазір ұсыныс жасадық. Мұны көптеген құрылымдар қолдады. Ол ұсыныста субсидия атаулыны алып тастап, тек бекітілген жерге ғана субсидия қалдыру көзделеді. Сонда әлеуметтік теңсіздік жоғалады. Бұл жерді бөлуді де ретке келтіреді.

Несие мәселесінде де Үкіметте механизм бар. Бірақ, соны ұтымды қолданбайды.

– Жалпы осы қолда бар механизмдерді неге пайдаланбаймыз?

– Бір жерден басшылық жоқ. Жасыратын несі бар, кадр мәселесі – өте күрделі, ауыр. Ұрпақтар сабақтастығы жойылған. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген жастар вицеминистр, департамент директоры атанып шыға келеді. Мен бұларды «Киндерсюрприздер» деймін. Солар ауылды қарық қылмады. Көріп отырмыз.

Бұрын, ертеректе кадрларды іріктеу, орналастыру, тәрбиелеу жүйесі бар-тын. Бізде ол құрыды осы күні. Маған көптеген жастар хабарласады. Конкурсқа түседі, келеді. Бірақ, оған жол жоқ. Себебі, қандай да бір бос орын болса, оған «бөтен адам» түсе алмайды. Өйткені, ол орын алдын ала белгіленіп, басқаға шешіліп қойған.

Әр салада осындай кереғарлықтар бар. Соның салдары – жоғарыда айтылған мәселелер.

Сұхбатыңызға рахмет! Көптің көңіліне қонымды идеяларыңыздың ел игілігіне асатын күнді біз де асыға күтеміз!

Сұхбаттасқан, Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button