Әлем ұстазы һәм әл-Машани

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ 2020 жылы ұлы ойшыл, философ, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-ФАРАБИДІҢ 1150 жылдығын атап өту туралы №133 Жарлығы шықты. Бұл қабылданған мемлекеттік маңызы бар құжат еліміздің руханияты мен интеллектуалдық өміріне зор серпіліс әкелді. Биыл елімізде ғалымдарымыз бен зиялы қауым тарапынан әл-Фарабидің өмір жолы мен еңбектерін насихаттау жолында қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейін қазақ халқына белгісіз болып келген әл-Фараби есімін елімізге қайтарып, әлемнің екінші ұстазының ғылыми еңбектерін асқан төзімділікпен тірнектеп жинай келе, фарабитану мектебінің негізін қалаған Ақжан әл-МАШАНИДІҢ есімі мен ғылыми мұраларын дәріптеу де – парыз.

Осы орайда, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің ғалымдарының бастамасымен «Ақжан әл-Машани және Әбу Насыр әл-Фараби: ұлы тұлғалар арасындағы рухани сабақтастық» атты республикалық көлемде дөңгелек үстел өтті. Іс-шара тізгінін ұстаған тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков кіріспе сөзінде Әбу Насыр әл-Фараби мен Ақжан әл-Машанидің артына қалдырған баға жетпес мол мұрасын бүгінгі жас ұрпақ өз қажетіне жаратып, ұлттың рухани игілігіне айналдырғанын, Ақжан әл-Машанидің шапағаты мыңдаған адамға ғана емес, бүкіл қазақ халқына тигенін баса айтты. Дөңгелек үстелге Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің зерттеуші ғалымдарымен бірге Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Нұр-Сұлтан қаласының Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Ақжан әл-Машанидің туған жері Қарқаралыдан баба мұрасына зор қызығушылық танытатын жанашыр адамдардың қатысып отырғанын хабарлады.

Алдымен сөз алған Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор Рауан Байдалы «Ақжан әл-Машани және Ыбырай Алтынсарин мұражайы: тарихы мен тағылымы» атты баяндамасында Қостанай аймағына Ақжан атамыздың есімі кеңінен таныс екендігін, жергілікті музейде ғалымның қолданған заттары жәдігер ретінде сақталып тұрғанын жеткізді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының доценті Минара Сапарқызы архив мәліметтері мен құжаттарындағы әл-Машанидің өз қолымен жазып қалдырған деректеріне кеңінен тоқталып, ғұлама ғалымның ғылыми және ағартушылық қызметін кеңінен баяндады. Баяндамасының қорытындысында Минара Сапарқызы: «Ол өмірінің соңына дейін қолынан қаламын түсірмей, халқына рухани тұрғыдан қызмет жасады. Геолог, философ, маркшейдерлік, жазушылық, діни қайраткерлік, тарихшылық – мұның бәрі осындай ұлы адамдарға ғана тән қасиет болса керек», – деп түйіндеді.

Осы жолдардың авторы «Ақжан әл-Машани еңбектеріндегі Әл-Фараби мен Абай Құнанбаев арасындағы рухани сабақтастықтың зерттелу мәселесі» атты тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізгендігін және қорытындысында Ақжан әл-Машанидің терең ғылыми зерттеулер жүргізуінің нәтижесінде Абай Құнанбайұлының ғылыми мирастарының әл-Фараби ілімімен байланысын іздеп, ұлы тұлғалар даналықтарының арасын жалғастыратын дәйекті деректер тапқанын ғылыми тұрғыдан ашып көрсетті. Заманында «бүгінгі күннің Фарабиі» атанған әл-Машани араларын мың жыл уақыт мерзімі бөліп жатқан екі ұлы тұлға – әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлының арасындағы алтын жіпті тауып, жалғауды өзіне аманат, борыш санап өткен екен. Келесі сөз тізгінін қолға алған Қарқаралы ауданы білім бөлімінің әдіскері Қайрат Жоламанұлы Ақжан әл-Машаниге туыстық генеологиялық жақындығының бар екендігін айта келе, «Ақжан әл-Машанидің 1920-1930 жылдардағы Қарқаралы жеріндегі атқарған қызметі» атты тұшымды баяндама жасады. Қайрат Жоламанұлы тарихымыздың ең бір ақтаңдақ беті саналатын 1930-1933 жылдары Ақжан әл-Машанидің Қарқаралы жерінде қызмет жасап, аштықтың куәгері болғанын және де болашақ ғалым қолынан келгенше туған халқына көмек көрсеткенін айтып өтті. Дөңгелек үстелде «Фарабитанушы ғалым Ақжан әл-Машанидің мұраларындағы ғылым мен дін» тақырыбында сөз алған Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің докторанты, жас ғалым Алмас Иманғалиевтің баяндамасы да соны деректерге толы екен. Белгілі машанитанушы ғалым, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Задаш Дүкенбаеваның ізденуші шәкірті Алмас әл-Фараби есімі және мұрасын Орталық Азия мен Қазақстанға қайтарып, ғылыми тұрғыдан ренессанстық сенсация жасаған мәшһүр ғалым Ақжан әл-Машанидің тұлғасы мен оның қаламынан туған ғылыми еңбектерінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің белгілі ғалымы, доцент Салауат Кентбек «Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби білім мен ғылымның кілтін іздеп, не себепті Отанынан жырақтағы Бағдат, Дамаск шаһарларына барды?» деген өзекті сұрақ қойды. Ғалымның сұрағына ІХ-ХІ ғасырларда мұсылмандық Шығыс өркениетінің озық дамығанын, сол замандағы Бағдат, Харран, Дамаск шаһарларының ғылым мен білімнің ордасы болғандығы туралы тарихи мәліметтерді алға тарта отырып жауап бердік.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылаған тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков «профессор Ақжан әл-Машани заманының қатал тәртібіне, тоталитарлық режимнің зобалаң сипатына қарамастан, қиыншылықтардан қорықпай, халқының болашағы үшін өз өмірін тағдыр тәлкегіне салып, аянбай тер төкті. Енді отандық тарихнамадағы зерттеудің бүгінгі талаптарына сәйкес, тарихи тұлғаларды да зерттеп бағалаудағы жаңаша үрдістер жанданып жатыр. Осыған орай, Ақжан әл-Машанидің қоғамдық-тарихи және ғылыми қызметіндегі ұлттық мүдде жолындағы күрескерлігі, көзқарасы мен ұстанымына объективті ғылыми баға беру мәселесі де күн тәртібінде тұрған мәселе» екенін баса айтып, қатысып отырған көпшілікке алғысын білдірді.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары.