Руханият

Латын әліпбиі – өркениет жолы

Қазақ тарихындағы жазу мәселесіне өркениеттік көзқараста қарасақ – ыдырауы ертеден басталған. Және біраз өтпелі кезеңдерден тұрады. Түркілердің Ислам дініне кіргенде олардың жазуларынан бөлек басқа да мәдениет белгілері өзгеріске ұшырайды. Қазақ жазуының шығуы мен дамуы жайында, қазіргі таңдағы емле өзгерістеріне байланысты теориялық тұрғыдaн екі көзқарас қалыптастыра аламыз. Біріншіден, мәдени-ұлттық, өркениеттік негіз ретінде «төл жазуға» қайта оралу. Екіншіден, заман ағымына негізделеген жазу үлгісін қолдану.

Алғашқы көзқарасқа тоқталсақ, басты мәселе, «Төл жазу» ұғымын анықтау. Ол дегеніміз, белгілі жергілікті географиялық орында сан мыңдаған жылдар бойы өмір сүрген халықтың уақыт өте келе қалыптасқан жазуы. Атап айтар болсақ, ежелгі вавилондық, египеттік, шумерлік, руна, грек, санскрит, иероглиф, бехистун секілді тағы басқа да жазулар.

Түркілердің Ислам дініне кіруі, жазуымен қатар мәдениетінде өзгеріске ұшыратты. Алайда, өркениет өзегінен толық айрылмады. Араб мәдениетімен араласуының негізінде «Түркисламдық» жаңа мәдениетін қалыптастырды. Араб жазуы түркілер арасына таралуы ғылым мен білімнің артуына негіз болғанын жасыра алмаймыз. Жазу — мәдениеттің бір бөлшегі. Бір орталыққа бағындырылған мемлекет сынды. Онда даму мен құлдырау бар. Дамуы мен құлдырауы да сол өркениетке байланысты.

XV-XVI ғасырларда Еуразия мен Африка континенттерінің көп бөлігіне ықпал еткен Ислам өркениеті үшін құлдырау кезеңі басталды. Оның себебі, халифаттың ыдырауы өзара талас-тартысқа ұласып, сырт елдердің шабуылы тоқтамады. Рухани дүние бұзылып, билік үшін күрес басталды. Діни-философиялық идеологияның жиі өзгерістерге ұшырауы салдарынан халық наразылығы күшейіп, Батыс елдерінің экспансиялық әрекеттері салдарынан осындай жағдайға тап болды. Араб әліпбиін және осыған негізделген басқа да әліпбилердің (шағатай, иран, ұрду, осман) қолданыс өрісі азайды.

Қазақ жазуын латынға аудару мәселесі алғаш XIX ғасырдың аяғында байқалды. Оны орыс миссионерлерінің жазбаларынан білуге болады. Н.Ильминскийдің бастамасымен Қазан қаласында шыққан «Из переписки по вопросу о применении русского алфавита к инородческим языкам» атты кітабында қазақ, татарлармен қоса, орыс халқының латын жазуына өтуі керектігі және заман талабы екенін жазып қалдырған.

XIX ғасырдың аяғында латын қарпіне өту тек қазақ жерінде ғана емес Әзірбайжан, Түркия (Осман империясы), Иран елдерінде көрініс тапқан. Сол кездегі зиялы қауымның басым бөлігі қарсы шығып, Ресейдегі саясат шектеулеріне байланысты тоқтатылды.

Уақыт сынынан өткен өміршең латын графикасын қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы меңгерген екен. Әлемде көп таралған жазбаның бірі латын алфавиті екенін, әлемдік ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен таратылатынын, ғылымның тілі, халықаралық терминдер, формулалар да негізінен латын әріптерімен жазылатынын ескерер болсақ, жаңа әліпби бізге зор мүмкіндіктер туғызады. Латын жазуына көшу бүгінгі күннің кезек күттірмес қажеттілігі екенін, латын жазуы әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол болатынын қазақстандық әр азамат білуге тиіс.

Балғын ДАКЫНОВА,

№102 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button