Ардагерлер қол ұшын созды

Тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға қатысқан ардагерлер «Біз – біргеміз!» акциясы аясында тыл ардагерлеріне, жалғызбасты қарияларға, көпбалалы аналарға және мүгедектерге азық-түлік табыстады.

Шарапаты мол шара облыстың Балқаш, Жезқазған қалалары мен аудандарында жалғасын тапқан. Айта кетсек, 1992-2001 жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға қатысқан азаматтар әлі де заңды түрде «ардагер» мәртебесіне ие болмаса да, олардың қоғамдық бірлестіктері әртүрлі әскери іс-шараларға қатысып, жастарға патриоттық тәрбие беруге өз үлестерін қосуда.

– Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Президент Жарлығы бойынша қайта әскер қатарына шақыру барысында тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға қатысқан ардагерлер де елге қайта қызмет етуге дайын екендерін де жеткізді. Бірнеше ардагер өз еріктерімен жасақталып жатқан әскер қатарына қосылды. Соның ішінде, Қарағанды қаласындағы қоғамдық бірлестіктің филиал төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мұсалиманов та бар. «Біз еліміз үшін қолдан келген көмекті аянып қалмаймыз. Біз халықпен біргеміз» – дейді Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимыл және әскери қақтығыстарға қатысушылардың республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысы бойынша филиалы төрағасы Талғат Испаев.

Қасымхан ҒАЛЫМ