Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Әке деген – ардақты ат

Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Жеңіс біреуге қуаныш сыйласа, біреуге қайғы әкелді. Бала әкесіз, ана баласыз, іні ағасыз қалған шаңырақтар қаншама?!

Ел басына күн туған заманда әкеміз Бәкен (шын есімі Ибадулла) мен ағасы Жұмаш (Жұмадулла) он сегіз бен он тоғыз жасар шақтарында қан майданға өздері сұранып, замандастарымен бірге 1941 жылдың күзінде ел қорғауға аттанған екен.

Әкем Бәкен Нысанбайұлы Калинин майданының құрамындағы 114-атқыштар дивизиясының 2-взводында минометші болыпты. Сол бөлімнің сапында талай ұрысқа араласыпты. Содан 1943 жылдың 6 желтоқсанында өткен қиян-кескі шайқас кезінде сол қолына оқ тиіп жараланған екен. Сондағы елге жолдаған хатында: «Алтыншы күн сағат тоғыз дегенде, қалғанмын осколкадан жараланып… » деп басталатын өлең жолдары соған – дәлел. Осы жарақаттың салдарынан әкем ІІ-ші топтағы мүгедек болып елге қайтады.

Ауылға келген соң бірден еңбекке араласады. 1945 жылы анамыз Күләнда Досжан қызы Байғабұлова екеуі бас қосып, жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Анамыз Күләнда ұзақ жыл бойы Ұлытау мен Жезді өңірлерінде сауда саласында жұмыс істеді. Ол кісі 1990 жылы өмірден озды.

Әкем еңбек ете жүріп, Целиноград (Ақмола) есеп сауда техникумын, кейін Қарағанды кооперативтік институтын сырттай бітіреді. Содан соң, Ұлытауда аудандық партия комитетінде қызмет етіп, кейін ұзақ жылдар бойы бұрынғы Жезді ауданы тұтынушылар Одағының кадр бөлімінде істеді. Әкеміз өте білімді, жан-жақты сауатты кісі еді. Қолы бос кезінде домбыра, мандолина шертіп, балаларын музыкаға баулитын. Анамыз екеуі жыл сайын сауықтыру орындарына баратын. Сол сапарларында үнемі күнделік жазды. Осы сарғайған блокноттарда сақтаулы естеліктерді сағынған кезде оқып, ата-анамызды еске аламыз.

Әкемнің майдандағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі еңбектері көзі тірісінде бағаланды. Ол «Даңқ» ордендері мен көптеген жауынгерлік медальдердің, «Еңбек ардагері» сынды марапаттардың иегері.

Әкем жайлы қазіргі кезде көзі тірі қариялардан естіп қалсам, көңілім бір марқайып қалады. Ол бір кездері академик Қаныш Сәтбаевқа серік болып, бірталай уақыт Ұлытау өңірін аралапты. Сол кезде Қаныш ағамыз әкеміздің көмегіне қатты риза болып, қолындағы сағатын сыйлап кеткен екен.

Әкеміз ұзын бойлы, кең маңдайлы, адал пейілді, өнерлі адам болды. Жеңгелері әкемізді әйгілі академикке ұқсатып, «Қаныш» деп еркелеткен екен. Әкем 2003 жылы 81 жасында дүниеден өтті. Мен оның осы өнегелі өмірінің кейбір жолдарын ғана қағазға түсіріп отырмын. Өзім мәдениет саласында 42 жыл еңбек еткен зейнеткермін. Немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Сондықтан, осындай тағлымды ғұмырды ұрпаққа насихаттау борышым деп білемін. Еліміздің іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын!

Гүлнар НЫСАНБАЕВА.

Басқа материалдар

Back to top button