«Уай, Перуай май!..»

Атам Боққара (азан шақырып қойған есімі – Әбдіқадір) СЕЙСЕМБАЕВ Ұлы Отан соғысы басталғанда жасы 40-тан енді асқан жігіт ағасы екен. Туған жылы бір құжатында – 1898, басқасында 1895 деп жазылғанымен, өзі “тышқан жылы тудым” дейтін. Сондықтан, 1900 жылы дүниеге келген деп жобалаймыз.

Соғыс басталған бетте туған жері Жаңаарқа ауданынан майданға аттанған атам Жеңісті Болгарияда қарсы алып, аман-есен елге оралды. Атамның қандай дивизия, қандай полк құрамында шайқасқанын өкінішке орай, нақты білмейміз. Алайда, “Іркәсөбскидің (Кеңес Одағының Маршалы К.Рокоссовский) қолбасшылығындағы әскерде болдым” дегені бар болатын. Майданда жүргендегі басынан кешкен небір оқиғаларды майын тамыза айтып отырушы еді. Бірақ, оның соңын көбінесе күлдіргі әңгімеге айналдырып жіберетін.

95-ке қараған шағында дүниеден озған атамның отырған жері қашанда базар еді. Сол қасиетін қан майданда жүргенде де жоғалтпаған болса керек. Алайда, сол бір алғашқыда жеңіл көрінетін әңгімелерінің астарында 40- тан асқан жасына дейін қазақы тіршілік кешкен, бір ауыз орысша білмейтін адамның от пен оқтың ортасындағы төрт жыл бойғы қиын тағдыры жатыр еді. Күнде кешкісін бізге, яғни, немерелеріне арқасын қасытатын. Сонда бел омыртқасы тұсында жау оғының бір бүйірінен кіріп, екінші бүйірінен шыққан орны тыртық болып көрініп тұратын. Атамның соғыс жайындағы ең бір есте қалған (оның өзі үзік-үзік) әңгімелерінің бірі былтыр кездейсоқ есіме түскен еді. Соны оқырман назарына ұсынған жөн деп шештім, аруағы бір аунап түссін.

Соғыс аяқталар тұста, яғни, 9 мамыр қарсаңында, нақты айтатын болсақ, 1 мамыр күні майдан даласында үлкен жиын болыпты. Жоғары шенді әскербасылар жақсы хабар жеткізіп, құттықтау сөздерін айтып, қуаныштан мәре-сәре болған жауынгерлер сол жерде қолма-қол концерт қойып жіберсе керек. Әр ұлттың жауынгерлері өз тілдерінде әнін айтып, өнер көрсеткен ғой. Олардың не айтып жатқанын ешкім түсініп жатқан жоқ дейді. Содан атам суырылып шығып, “Мен сіздерге өлең айтайын, мына жігіт переуаттасын” деп (жанында штабта писарь болып жүрген сауатты қазақ бар екен, оның атын да айтушы еді, қазір есімде жоқ), сол жерде табан астынан мынаны айтқан екен (атамның ептеген суырып салма ақындығы бар еді):

“Уай, Перуай май! Сайрашы, қызыл тілім осындайда-ай.

Көтеріп күлін көкке фашистердің,

Көңілім Берлинді алып болды-ау жай.

Мен қорқып, шыбын жаннан аяңдаймын,

Көрінсе, фашист иттен аянбаймын…”.

Бас-аяғы 3-4 шумақ өлең еді, арғы жағын ми қатпарларымды қанша ақ тарсам да, есіме түсіре алмай жүрмін. Арасында “Солдатын Қара теңіз (дің) жинап алып” деген жолы бар болатын. Бала күнімізде атамның әңгімелерін зейін қойып тыңдағандай едік, бірақ көп дүние ұмытылып қалыпты, әттең! Әйтеуір, Қара теңіз маңында соғысқаны, Жеңісті “Былғарияда” қарсы алғаны жөнінде әңгімелері еміс-еміс есте.

Жә, жаңағы әңгімеге оралайын. Атам өлеңін айтып бола бере, трибунада отырған “екі беті қып-қызыл, екі мұртын қайырып, құлағына қыстырып қойған сұлу командир” (атамның суреттеуі) орнынан атып тұрып, баспалдақпен маған қарай жүгіре басып түсіп келеді дейді. Жаныма жетіп келіп, құшақтай алды. Содан арқамнан қақпаса екен деп қайқаңдап тұрмын (неге екенін сұрамаппын, кәпірге қаққызбайтын ырым ба?). Қолбасшы мырс етіп күлді, бірақ қақпады дейді. Сосын қасындағы адъютантына “Әкел, Орден Победаны!” деп, кеудеме орден тақты дейді ғой жарықтық, әсірелеп жіберетіні де бар еді атамның… Тағы сыйлық ретінде ішінде папирос, нан, салосы бар паек беріпті. Папиростың қорабын сол жерде ашып жіберіп, бір талын командирдің өзіне ұсынып, қалғанын қасында тұрғандарға үлестіргенін, босаған қорапты сыйлаған адамның көзінше лақтырып жіберуге ыңғайсызданып, қалтасына салып алғанын, сосын жиын тараған соң нан мен салпаңқұлақтың майын қылдай бөліп жегендерін майын тамызып айтушы еді жарықтық…

Зәмзагүл ӘБСАДЫРОВА.