Газетті неге «өлтіруге» тиіспіз?

Қырғын соғыссыз-ақ, жымыңдасып, күлісіп, арқадан қағысып, бір ұлтты бір ұлт қақалмай-ақ «жұтып қойып» жатқан уақытта өмірдің күрделілігі, тіпті, шығандап шығып кеткен. Қай халықтың болсын, естияр азаматы елімнің ұлттық кейпін, ішкі реңін қалай сақтаймын деп жанталасқан тұс. Осы алмағайып кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарының қай-қайсы болсын, ұлттың мәйегін өскелең ұрпаққа сіңіре білсе екен, болашағына бағдар бере білсе екен деп тілейсің…

Осы арада үлкен де, кіші де жаппай көз тігетін теледидардың атқарар міндет-парызы – шексіз. Бірақ, көгілдір экраннан жұрттың көңілі қалған. Жыртыңдаған мәнсіз күлкі, ұлттық реңнен айырылған, үріккен байғыздың қышқырғаны тәрізді әндер «мен қазақпын» дегенді үркітіп болды. Біз тілдескен талай азамат телеарналардан «жаңалықтардан басқа ештеңе қарамаймыз» деседі. Жұртқа игі әсер ететін танымдық материалдар – жоққа тән. Біз өзіміз Шортанбай жырау туралы түсірілген деректі фильмді көгілдір экраннан көрсете алмай-ақ қойдық. Сылтаулары – басыңдағы шаштан көп.

Осы бір өліара шақта қазақтың жанына жақын қалғаны – газет қана. Заманның қай кезеңінде болсын, ұлттық рухты қазақтың көңіліне бірде сығалап, бірде сыналап кіргізіп, қазақ руханиятының туын бөтен қолға бермей алға сүйреп келе жатқан газет екені даусыз. Осыншама ауыр жүкті көтеру журналистің қаламына – сын, өміріне қатер болып келгені тағы бар.

«Газеттің күні бітті, интернет шықты» – деп дуылдасып жүргендер де бар. «Тауықты таптық, қоразды қайтеміз?» деген сияқты. Интернетте – жылт етпе жаңалықтар. «Трамп сөйтіп қапты, Путин бүйтіп қапты, анау солай етіпті, мынау былай етіпті, біреу қыз алып қашыпты, екіншісі босқа қашыпты» деген сипаттағы сөзге толы. Бәрінікі – үзіп-жұлған бір ауыз сөз. Көбі мылқаудың долбары сияқты. Ал, газет болса, сол уақиғаның астарында не жатыр, қандай құпия күш соны қозғап тұр дегенді талдап жеткізіп, әркімнің миына құйып, санасын ашып, адамдық кейпін тереңдететін жалғыз күш.

Соңғы уақытта газеттің халыққа жақындай түскенін ел де айтуға көшті. Республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттері халық сусындап отырған мәселелерді тереңдете жазып жүр. Газет редакторының, тілшілерінің жүрекке жақын, жыпжылы, ойға толы дүниелерін оқып, көңіл марқаяды.

«Отан – от басынан басталады» дейміз. Сол отбасының жағдайы мүшкілденіп бара жатқанын жазып жатқан да – газет журналистері. Айырылысу деңгейі шектен шығып кетті. Ажырасу көрсеткіші мұсылман елдерінде некеге тұрғандардың 1 не 2 пайыз болса, бізде 40 пайыздан асып жығылған. «Неге?» деген сауал әркімнің көңілін тырнайды. Неге дегеннің ар жағында біздің ұлттық, діни тәлімнен айырылып қалғанымыз жатыр. «Келін неге дұшпан, ене неге мыстан?» деп жазған журналист осының жауабын іздейді.

Кекеш болып қалған тіліміздің де жанашыры – газет. «Тіл – береке бастауы» дейді журналист. «Оны естір құлақ болса» деп қиналады ол. Ренішін сыртқа шығарған жұрттың алдында өз қазағына өз тілінде сөйлей алмай тұтыққан шенеуіктің елден безер бейнесін көрсетіп жүрген газеттен басқа БАҚ жоқ. Мемлекеттік тілді білу – қазіргі уақытта жауапты міндет екенін де баса айтып жүрген журналистер қауымы.

Біздің көтеріп отырған мәселеміздің өзі – ұлт жанашыры дегенге жауап іздеу. Жанашырлық тәлім-тәрбиеден басталады. Тіліміз лайланып, дініміз шұбарланған тұста халықтық қалпымызды сақтау үшін ұлттық негіздегі мектептердің қажеттілігін таусыла айтып жүрген де – газет қызметкерлері. Мектептегі ер балада еркекке тән мінез, жігердің өрістеп-өркендеуі үшін, ұрпақтың намысты болуы үшін мектептерде ер мұғалімдердің аса көп болуы қажеттілігі де – газет бетінен түспей келе жатқан мәселе.

Газеттер Жошы хан кесенесі маңына тұрғызылар кешен туралы жабыла жазуда, ал, ана Ұлытаудың басында жатқан Алтын Орда батыры Едіге туралы тарих әлі үнсіз…

Әрідегі Бұқар мен Шортанбайдың, берідегі Абайдың ұлт үшін айтқан сөзін, үлгілерін «ғылым таппай мақтанудың» бос екенін, патша болсаң да, Тәңір алдына барғанда сұраларың қатесіз екенін қай интернет талдау түсіндірмелерімен таба қояр екенсіз?..

Тап осы күні жұрт зейінінен тысқары қалған, біздің халық басынан кешкен аза-трагедия – қырғын аштық, ұлтты есеңгіреткен саяси репрессия туралы, Алаштың асыл перзенттері жөніндегі зерттеулерді газеттен басқа ешбір БАҚ түбегейлі көтерген жоқ.

Бұл үзілмейтін тойлардағы ырду-дырду, теледидардағы өзі сүрініп жатып өзгеге жыртыңдаған сайқымазақ-күлкі санасын жеп қойған кейбіреулер үшін ұйқыашар дәлел де болар еді…

«Газетке жазылмаймын» дейтін шенеуніктер шығыпты. Өткенде республикалық газеттердің бірінен облыстағы бір ірі қала әкімінің руханият мәселесіне жауапты орынбасарының «Газетке жазылмаймын» деген пікірін оқып, жағамызды ұстадық. Республикалық, облыстық газеттердің бетін ашпайтын әкімдерді де, облыстық мықтыларды да көрген едік. Бірақ, олар газетке жазылушы еді (Ұяттан ба? Қорыққаннан ба?).

Осыдан үш-төрт жыл бұрын мың қойы бар мықты шаруаның үйіне барған едім. Тұрмысы – тәп-тәуір. Айнала сүзіп қарап, не бір газет-журнал, не кітап көре алмадым. «Жиырма жылдан асты «кәзит» көрмегеніме» – дейді мықты шаруа. Бесіншіні бітірген баласының сөйлеу деңгейі… Тыста мың қой маңырайды, үйде баласы…

Газетке жазылмайтын шенеуніктер мен жиырма жылда «кәзит» көрмеген мықты шаруаның ұлтқа берерінің деңгейі ойлантады.

Осы тоқсан ішінде қандай кітаптар оқыдың, қандай газет-журналдардан рухани байлық алдың деген мәселе сұралса, билік басындағылар өз тарихы мен мәдениетіне айрықша көңіл бөлуге мәжбүр болар еді. Тіпті, қызметкерлерді жұмысқа аларда өркениеттегі елдердегідей тарих пен мәдениеттен ауызша-жазбаша тест тапсыру жолымен сыннан өткізу де кезек күттірмес шара дер едік. Тап бүгін, тап осыны талап ете алмасақ, шұғыл жүзеге асыра алмасақ, алдағы тағы бір отыз жылда немересі түгілі шөбересімен орысша сөйлесіп, неше алуан дін мен дінсымақтың шырмауына шатылған таз қалпымызда қала береміз.

Жаппай жамандап жүрген социализм тұсында мидай далада жалғыз үй отырған қойшының үйінде «Жұлдыз» журналы, аудандық, облыстық басылымдар, «Лениншіл жас» газеті жататын. Төріне жайғасқан қонағының саулығын сұрасқан соң «әй, сен ана «Жұлдыздағы» мынадай әңгімені оқыдың ба?» дегеннен бастап, әңгіменің рахатына бөленетін, не газетте аты-жөні жүрген құрдастарының табысты еңбегін сөз етісетін.

Ал, бүгін… Қыстақта жалғыз өзі шошайып отырған пәтшағар түгілі, өзін әжептәуір «кісі» санап жүргеннің үйінен газет таба алмайсың. Өз үйінен газет көрмей өскен бала не болады? Әуелі, газеттегі қызық материалдарды оқып, оқу дегенді санасына сіңіріп өспеген бала болашақта не оқыса да оны түсіну қабілетін жоғалтады. Газет, не кітап бетіндегі жазулар – ол үшін ирек-ирек сурет болып қана елестейтін, өзінің тісі батпайтын «әлдене», яғни, жұмбақ. Бізге осындай санасы өспеген, топасжүзді ұрпақ керек пе?!

Абай «интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деп сол оқып жүргендерден қиын да болса, сәулелі үміт күткен.

Ал бүгінгі интернет сондай үміт сәулесін бере ала ма?

Ендеше, бір ұлт түгілі адамзат баласының алды бұлыңғыр боп тұрған заманда жабырқаған жанымыздың жауабын іздеп, қаламын ұштап, көмегін ұсынған газетті біз неге «өлтіруге» тиіспіз?!

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.