Айбынды асқақтатқан керім күн

Облыстық «Saryarqa Jastary» еріктілер штабы, «Jas Otan» жастар қанаты мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесіп, «Менің рәміздерім – менің мақтанышым» атты акция ұйымдастырды. Мемлекеттік рәміздерді жас ұрпаққа насихаттау барысындағы игі бастама, Қарағанды қаласындағы жаңа «Корзина» супермаркетінен басталып, «Абзал» сауда үйінде жалғасты.

– «Елдікті айқындайтын Әнұран, Елтаңба мен көк Ту – әлем елдерінің алдындағы айбынымыз. Мемлекеттік рәміздерді насихаттап, жастарды патриоттыққа баулу – бізге жүктелген міндет. Сондықтан, бұл күннің мән-мазмұнын арттыру, өзімізден басталады» – деді облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Қайрат Асқаров.

Еріктілер қала тұрғындарына Мемлекеттік рәміздер күніне арнайы шығарылған 2000 дана мерекелік күнтізбе мен 200 дана жалауша үлестірді. Сондай-ақ, тұрғындар назарына флешмоб ұсынды, Әнұран шырқалды.

– «Елдегі ахуалға байланысты 35 ерікті қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, қызмет жасады. Келер жылы игі бастаманы аймақ төңірегінде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Қайрат Белібайұлы.

«Saryarqa Jastary» еріктілер тобының еңбегі ерен. Індет келді екен деп қол қусырып қарап қалмады. Игі бастамаларды қолға алған ынталы жандарды қатарына қосты. Солардың бірі – Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп интернатының оқушысы Ділнәз Жошина.

 – Мұндай акцияға алғаш рет қатысуым. Қазіргі таңда жеткіншектеріміз атаулы күндерді біле бермейді. Бәрі техникаға әуес. Бір-бірімізге қол ұшын бергенге не жетсін?! Баршаңызды осындай акцияларға қатысуға шақырамын» – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ.