Руханият

Сәбидей елпілдеген Сәбең еді

Зымыраған уақыт!

Ақын ағамыз Сәбит Бексейіттің өмірден озғанына жеті айдың жүзі болды. Ол мерейлі 70 жасына небары 21 күн ғана жете алмай қалды.

Осылайша оның талбесіктен жер-бесікке дейінгі серуен сапары аяқталды. Ақын жүрегі соғуын тоқтатты.

Бүгінде Сәбең арамызда жоқ. Бірақ, оның екінші өмірі басталды. Соның бір айғағы – күні кеше ғана баспадан шыққан «Өскен елдің өрелі ақыны» деп аталатын көлемді кітап. Бұл кітапта қаламгер Сәбит Бексейіттің бір шоғыр таңдаулы өлеңдері мен соңғы туындылары, замандастары мен туысқандарының ол туралы ағынан ақтарылған естеліктері, жеке мұрағатынан алынған фотосуреттер топтамасы берілген.

Сәбең алдымыздағы аға буынның өкілі еді. Ардақты Нұрмахан Оразбеков ағамыз бас редактор болған кезеңде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында қатар қызмет атқардық.

Қаламы жүрдек журналист болды Сәбең. Елдегі маңызды оқиғаларды ақындық сезімтал жүрегімен сергек қабылдап, іле үн қатып жүретін.

…Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы еді. Оған да енді біраз уақыт өтіп кетті.

Бірде Солженицын деген біреу Ресейдің орталық басылымының бірінде «Ресейді қалай орналастырамыз?» деген аты-шулы сандырақ мақаласын жариялады. Сонда ол Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге беру керек деген шовинистік пиғылын ашық жазды. Бұл барып тұрған арандатушылық еді!

Қазақ елінде бұған орынды наразылық білдіре бастады. Сонда Қарағанды өңірінде бұған алғашқы болып ашық қарсылық көрсеткен Сәбит Бексейіт ағамыз еді. Сол мақала шыққан күннің ертеңінде «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде Сәбеңнің «Солженицын, жер иесі сен бе едің?» деген отты өлеңі жарқ ете қалды.

Жүзеге аспас деп білемін ой харам,
Ата жаудың шабуылын тойтарам.

Қызыл сөзге дес бермеген қазағым,

Уды умен, оқты оқпен қайтарам.
Басқыншылық қара күш пе сенгенің,
Ен байлыққа толмады ма шеңгелің?
Қазақ жерін тастайтындай бөлшектеп,
Ей, қаскүнем! Жер иесі сен бе едің?

– деп ақ алмастай жарқылдады Сәбит ақын.

Естелік кітапты ақынның сүйікті жары, ұлғатты ұстаз, еңбек ардагері Бақыт Нысанбайқызы Бексейітова құрастырған. Бақыт жеңгеміздің осы кітапта берілген Сәбеңнің рухымен сырласуын тебіренбей оқу мүмкін емес. Жан сыры, жар сыры болып шыққан жеңгеміздің бұл жазбасы.

Сондай-ақ, бірқатар танымал тұлғаның, қарымды қаламгердің, Сәбеңнің балалары мен немерелерінің естелік-эсселері кітаптың мазмұнын байыта түскен. Ал, ақын өмірінің әртүрлі сәттерін бейнелеген фотосуреттер топтамасы кітаптың ажарын ашып тұр.

Сәбеңнің бір өзі бір театр болатын. Елге танымал адамдардың, құрдастарының сөзі мен қылығын айнытпай салушы еді. Отырған жерін ду-думанға бөлеп жүретін. Енді оның бәрі көңіл төріндегі ескірмейтін естелікке айналды.

Сәбидей елпілдеген Сәбең еді ол.

Пейіште нұры шалқығай!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button