Шексіз мейірім үлгісі
Эпидемиялогиялық ахуал қос өкпеден қысқан қазіргідей қиын шақта бірімізге біріміз қол ұшын созып, қолдау көрсетсек, соның өзі дәтке – қуат, жанға – медеу.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп тегін айтпаған. Тіпті, орынымен айтылған бір ауыз жылы сөздің өзі адамды қанаттандырып, жігерлендіруі бек мүмкін. Ал, қазіргідей ауруханада дертпен арпалысып жатқан жандардың қажетін өтеп беру – бөлек әңгіме.
«Біз біргеміз» республикалық акциясынан бастау алған, жақсылыққа негізделген жарқын істер легі әлі де толастар емес. Соның айқын айғағы ретінде Ақтоғай аудандық ауруханасына алғашқы оттегі концентратын жеткізіп берген ауыл тұрғыны, зейнеткер Байзақ Смақовтың игі ісін атап өтуге әбден болады. Ол аталмыш аппаратты көршілес Қытай елінің Гуанджоу қаласынан арнайы алдырған. Осындай берері мол бастамаға ұйытқы болған ауылдың атпал азаматына дәрігерлер қауымы мен ем қабылдап жатқан жандардың айтар алғыстары шексіз.
Бұл – ауыл Атымтайларының мейірімді істерінің бір парасы ғана. Алдағы уақытта аудандық ауруханаға осы тектес 30 дана құрылғы келетін болады.
Думан ҚАБЫЛ.
АҚТОҒАЙ ауданы.