Бас тақырыпЖаңалықтар

Үйеңкі – саябақ сәні

Канадалық үйеңкі Қарағандыдан мекен тапты. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы атындағы саябаққа жүзден астам шыбық отырғызылды. Бұл жоба жастардың бастамасымен жүзеге асып отыр.

Алғаш идея ұсынған – «Через Вселенную» жастар қоры. Белсенділердің бастамасы Қарағанды қалалық әкімдігі мен мәдениет, демалыс саябақтары және гүлзарлар басқармасы тарапынан қолдау тапты. Нәти жесінде, саябаққа 103 түп үйеңкі қос жүрек пішінінде отырғызылды. Сәйкесінше, аллея «Қос жүрек аллеясы» деген атауға ие болды.

Айтуға оңай көрінгенмен, бұл іс бір күннің шаруасы емес. Жастар бір жыл бойы Қарағандыға тез жерсінетін ерекше ағаш түрлерін зерттеген. Соңында көпшілік таңдауы үйеңкіге түсіпті.

– Былтырдан бері біраз ағаштардың сипаттамасын зерделедік. Ағаштың көркіне, төзімділігіне назар аудардық. Және міндетті түрде қызыл жапырақты болғанын қаладық. Себебі, біз ағаштарды қос жүрек пішінінде орналастыруды жоспарладық. Үйеңкі – аязға шыдамды ағаш. Арқа жеріне жақсы жерсінеді деп ойлаймын, – дейді қор жетекшісі Данияр Құрманов.

Шыбықтар Бельгиядан алдырылған. Бағасы – көңілге қонымды. Бір талы – 2400 теңге тұрады. Дегенмен, Қарағандыға жеткізу қымбатқа түскен. Бұл орайда әлеуметтік серіктестер демеу көрсетіпті.

Композиция бір айда құрылды. Мұнда «Дарын» мектебінің, №38, 1 гимназиялардың оқушылары, «Таңшолпан» балалар үйінің жеткіншектері, жекеменшік ұйымдардың қызметкерлері мен қала тұрғындары көмек көрсетті. Енді ағаштарды баптау жұмыстарымен еріктілер мен қор өкілдері айналысады.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button