Үрей тудыратын туындылар
Естеріңізде ме Ф. Достоевскийдің «Нақұрысында» князь Мышкин бірде арқа-жарқа араласатын досы, бірде жеккөретін дұшпанына айналатын Рогожиннің үйінен бір суретті көріп, қатты үрейленуші еді ғой. Міне, дәл солайша одан өзге де көркем туындылар адам бойына қорқыныш үйіреді екен. Тіпті олардың арасында, адамның өмірлік күш-қуатын тартып алатын суреттер де бар көрінеді. Мысалы, Леонардо да Винчидің Мона Лизасы жай жымиып отырып, талай жанның жүрегіне салмақ түсіре алады.
Стендальді абдыратқан «құпиялы сұлу»
Лувр мұражайында тұрған Мона Лизаның жұмбақ көздері көпшілікті ойландырары хақ. Оның көздерінің тұңғиығында бір сыр бардай. Мұражай қызметкерлері Джаконданың көзінен көз алмай қараған талай жанның ес-түсінен айырылғанын көрген. Неге екені белгісіз, бұл суретке ұзақ қараған адамдарда рухани әлсіздік байқалады. Тіпті кейде мұражайға келушілер ұзақ қарап тұрып, қолындағы затын Джаконданың бетіне ашумен лақтырып кеп қалады екен. Француз жазушысы Стендальді де «құпиялы сұлу» біраз абдыратқан. Суреттен шыққан жағымсыз әсерді сезген жазушының буындары әлсіреп, біраз әбігерге түсіпті.
Джакондаға кейбіреулер «жауһар» деп қараса, бұл туынды екінші біреулердің ашу-ызасын келтіреді. 1958 жылы бір тұрғын Мона Лизаға химиялық қышқыл қоспасын шашпақ болған. Бірақ оның бұл әрекетінен ештеңе шықпапты. Десе де оның қолынан келмегенді басқа жан іске асырған. Ол суретке бар пәрменімен тас лақтырып, нәтижесінде сурет бетіне сызат түскен. Мұндай оқиғалар қайталана берген соң, мұражай басшылығы оны берік шыныға салып қоятын болған. Жұрттың мұндай қылық танытуы бекер болмаса керек. Мұражай қызметкерлері суреттің адам көзінен таса жерде түсі бозаратынын байқаған. Ал көрме төріне орналасқан соң, сол баяғы бояуы қанық туындыға айналады екен. Парапсихологтардың пікірінше, шебердің осы суреті адамның күш-қуатымен «өмір сүреді». Адам бойының жылуымен «беті жылтырап жүрген» туынды солайша жұрттың көзін тартады.
Деректерге сенсек, суретші өзінің қалған ғұмырын осы Джаконданың сұлулығын беруге жұмсаған. Үнемі жанынан тастамай алып жүрген туындыға шебер үнемі өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отырыпты. Сөйтіп жүргенде шебердің күш-қуаты сарқылған. Біреулер «бұған себеп болған Мона Лиза» деген ойда. Бұлайша қоңыржай отырып, қорқытатын туындылар әлемде аз емес көрінеді.
Суреттерге тіл бітсе…
Негізі, әрбір суретші өзінің туындысына өзіндік өрнектерімен әсемдік сыйлайды. Табиғатты кескіндесе, оның тамашасын көрсетуге талпынады. Ал қандай да бір тұлғаны салса, оның сыртқы пішінімен бірге жан дүниесі айнадағыдай анық көрініп тұрса деп тырысады. Расымен де, кейде табиғат туындысын тамашалап тұрып, өзіңді табиғаттың құшағында тұрғандай сезінуің мүмкін. Осылайша табиғатқа «тіл бітіріп» суретті «сөйлете» білу – он саусағынан өнер тамған нағыз шебердің ғана қолынан келеді дерсің. Десе де туындыдағы тұлғаларға «тіл бітсе» қорқыныштың көкесі сонда болады.
Америкалық суретші Билл Стоунхэмнің «Қолдары қарсылық көрсетуде» деп аталатын туындысы көпшіліктің үрейін алған. 1972 жылы салынған суретшінің еңбегіне жұрт «Ең қорқынышты сурет» деген атақ беріп үлгерді. Тіпті 2000 жылы суреттің көшірмелері ғаламтор арқылы тез тарап, танымалдылығы артты. Бұл еңбекті монитор бетінен көрген адамдардың өзі көп ұзамай, әлеуметтік желілерге денсаулығының сыр бергенін айтып, пікір қалдыра бастаған.
Туындысында суретші бес жастағы өзі мен қарындасын бейнелеген. Шебер жұмысын «Лос-Анджелес Таймс» басылымының өнертанушысына көрсеткенді жөн санайды. Бірақ ол аталмыш еңбекке өзінің бағасын бермей жатып қазаға ұшырайды. Кейін сурет Джон Марли деген актердің қолына түскен. Бірақ ол да ұзақ жасамай, 1984 жылы қайтыс болған. Туындының одан кейінгі тағдыры 2000 жылдарға дейін белгісіз болып келген. Күндердің бір күні бұл сурет қоқыстан бір-ақ шыққан. Оны тапқан отбасы бейкүнә балалар бейнеленген бұл еңбекті тазалап, қастерлеп, балаларының бөлмесіне іліп қояды. Бірақ бірінші түні-ақ кеселді туынды отбасының шырқын бұзады. Олардың 4 жастағы қызы қатты шошынып, ата-анасына суреттегі балалардың төбелесіп жатқанын айтады. Зәресі қашқан отағасы оңай табылған олжадан тезірек құтылуды ойлайды. Солайша аты-шулы туындыны алып-сатумен айналысатын «eBay» компаниясы иеленеді. Көтерме бағамен сатылымға шыққан суреттен ешқандай өзгешелікті байқамаған Чикаго қаласының тұрғыны Ким Смит Стоунхэмнің бұл жұмысын қуана сатып алады. Иә, соншалықты сұрықсыз атаққа ие болуының себебін түсіне алмаған суретшінің бұл еңбегі Смиттің ошағында ұзаққа сақталады деген үміттеміз.
Испанияның белгілі суретші Джованни Браголиннің «Баланың көз жасы» атты суреті де осылайша шу тудырған. Бір қызығы, суретті иеленген жандардың себепсізден себепсіз үйлері өртенеді екен. Тағы бір ерекшелігі – алапат өрттен аталмыш туынды ылғи да аман қалып отырған. Өрттің шығуына себепкер болған «бала» жайлы ақпарат шартарапқа тез тарайды. Тіпті мұндай оқиғалардың жиілеп кетуіне байланысты бір кездері Ұлыбританияда суреттің сатылымына тыйым салынса керек. 1985 жылдары «The Sun» басылымы испан суретшісі еңбегінің көшірмелері де кішігірім өрт «ұйымдастырып» жатқанын хабарлайды. Бұл ақпарат жұрттың туындыға деген қызығушылығын арттыра түседі. Қызық тақырыпты жұрт жаппай талқыға салады. Көп санасқан жұрт суреттің шығу тарихына үңіліп, өрттің шығу себебін әріден тапқандай болады.
Негізі, бұл суретте көз жасына ерік берген бала суретшінің өз ұлы екен. Баланың жылағандағы шынайы көрінісін беру үшін әкесі ұлын шырпы жағып қорқытатын болған деседі. Бала баж етіп жылаған сәтті пайдаланып, әкесі қылқаламына ерік береді. Тоқтаған соң, тағы да сол әдетіне басады. Бұл бала нәтижесінде ауыр дерттен қайтыс болып кетеді де, әкесі мен шешесін ауыр қайғыға батырған екен. Міне, туындыға түскен бүлдіршіннің көз жасы осылайша біраз жерлерде өрт тудырып жүрген-мыс. Десе де көпшілік «Өрт қоюшы бала» туралы алыпқашпа әңгімелерге себеп болып отырған ағылшынның «The Sun» газеті деген пікірде. Олардың бұл әңгімелерді өршітіп жіберуін газетке оқырман тарту үшін жасалған қадам деп біледі.
«Айна ұстаған Венера»
Испандық суретші Диего Веласкестің де «Айна ұстаған Венера» атты еңбегі қарғыс атқан суретке айналып отыр. Аталмыш туынды өзінің иесінің басынан бағын, астынан тағын тайдырған көрінеді. Сұлу қыздың әдемі мүсініне қызыққан талай байшыкеш көзі қызығып, біраз дәулеттен қағылған көрінеді. Кейде бұл сурет кедейлендіріп қана қоймай, қайғыға да ұшыратады-мыс. Осындай оқиғалардан кейін жаман атаққа ие болған «аруды» үйіне апаруға ешкімнің жүрегі батпаған. 1813 жылы суретшінің еңбегі ескеріліп, Ұлыбритания мұражайына жеткізілген. Туынды әлі күнге дейін сол жерде сақтаулы тұрған көрінеді.
Негізі, суреттердің осындай сиқырлы күшке ие болуына шеберлердің өздері себепші. Кейде олар өздері суреттеп жатқан дүниеге жан-тәнімен берілетіні сонша, ол туындыға өзінің рухани бір бөлшегі қоныстанады-мыс. Мысалы, И.Репиннің туындыларындағы кейіпкерлерінің өмірі қысқа болған. ХХ ғасырдың басында отбасылық және жеке суреттерді салғызу дәстүрге айналған болатын. Міне, сол дәстүрлі кезеңде талай жан өзінің суретінен «жапа» шеккен деседі. Репиннің қылқаламына ілінген дәрігер Н.Пирогов, композитор Мусогорский және реформашы Столыпин де суреті салынған соң ұзақ жасамапты. Кей деректерге сенсек, мұндай жандардың саны онға жеткен. Дәл солайша Валентин Серовтың да біраз кейіпкерлері ауыр қазаға ұшырап отыр-ған екен.
Сиқырлы күшке ие туындылардың арасында мысырлық патшайым Нефертитидің де мүсіні бар. Оның мүсінінің өзі көз жауын алады. Мүсіннің бір көзіне гауһартас салынған болса, бір көзі аяқтаусыз қалыпты. Мамандар «шебердің оған екінші көзді салмауының себебі жанының осы мүсінге көшуін қаламағандығынан болуы керек» деп топшылайды.
Иә, нағыз шебердің қолымен жасалған туындыларға ұзақ қарауға құмармыз. Ендігіде шын шеберлердің шығармасына таңырқай қараудан бұрын, тосырқай қарайтын боламыз…
Сабина ЗӘКІРЖАНҚЫЗЫ