Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық драма театрында «Адамдар арман қуған алданбайды» тақырыбында арда азамат, қарымды қаламгер Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫН еске алу кеші өтіп, рухына тағзым етілді. Иә, Сырда туып, қырда түлеген қыранның есіміне ел қанық. Ұлытауын айрықша қастерлеп, Жезқазғанын жан-тәнімен қадірлеген қабырғалы қаламгерді соңындағы қауымы да ұмытпақ емес. Оған біз ақынды ұлықтаған поэтикалық кеш кезінде тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Әуелі кешке жиналған қауым назарына қаламгер өмірі мен шығармашылығы жайлы әзірленген бейнефильм ұсынылды. Еске алу кешіне алыстан ат арылтып, Сыр елінен бір топ мейман – ақынның достары, апа-қарындастары мен бауырлары келді. Солардың атынан сөз сөйлеген Ібекеңнің бала күнгі досы Алмат Тоқшылықовтың естелігі ақынның бала күнгі болмысын паш етті. Жезқазған аймақтық «Сарыарқа» газетінің бұрынғы редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Амандық Рахұлы ағамыз да замандасы жайлы ағынан жарылды. «Ібекеңнің 70 жасын өзінсіз аса орны толмас өкінішті жағдайда атап жатырмыз. Өлшеулі тағдыр соған жазып отыр. «Жезқазған туы» газетінің ұжымына журналистік қарім-қабілетімен, ақкөңілділігімен сіңіп кетті. «Торғай таңы» газетінің бір құшағын ала кепті. Ондағы үлкен көлемді мақалаларын, очерктерін таныстырды. «Жезқазған туы» газетінде де сондай еңбегі жалғасты болды. Кесек дүниелерге қалам тербеді. Жазғандарының көбісі кітапқа айналды. Журналистердің арасында компьютерді де алғаш меңгерген еді. Түнімен жазып, ертеңге терілген мақаланы тас-түйін дайын қып әкеледі. Ібекең өзі 70 жылдығы туралы жиі айтатын. Кітап шығарып, Жезқазғанда атап өтемін деп. Міне, Алланың жазғаны осы боп тұр»,– деді Амандық Рахұлы естелігінде.
Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабек те сөз алып, ақжайлау ағасын сағына еске алды.
– Қасиетті қарашаңырақтың босағасын аттап кіргенде көңіліміз толқымай қалмады. Бұл сахнада Жақсыгелді сырнайын керіп ән салған, Шынболат жырын төккен. Міне, біз қамыға, сағына еске алып отырған Ибрагим ағам да күркіреп өлеңін оқыған киелі сахна – бұл. Әсіресе, Ибрагим ағамның табиғатына да, тағдырына да қарашаңырақ жақын болды. Осында әдебиет бөлімін басқарды. Өлеңдерінің өне бойынан Сыр сүлейлерінің сарыны есіп, солардың екпіні, бір-бірін қуалаған толқыны бар еді. Мен газеттегі Ібекеңнің шәкіртімін. Кейін шығармашылық жол бізді «Орталықта» қайта табыстырды. Бір кабинетте отырдық. Қатты еркелейтінмін. Алматыға көшерінде әзілдеп айтып едім. «Торғайды жауып, Жезқазғанға келдің. Жезқазғанды жауып, Қарағандыға келдің. Енді, Алматыны байқа» деп едім. Сонда марқұм ағам: «Алматы маған көне қоймас, менің бетімді жабатын шығар» деді. Әулие екен ғой. Міне, Алатаудың қиясына барып қыран қазасына ұшырады. Өз биігінен сорғалап түсті, – деп қарағандылық қаламгердің сәлемін жеткізді газеттің Бас редакторы.
Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев, Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған аймақтық филиалының директоры Батырбек Мырзабеков және басқалары ақынның адами қасиетін, қаламгерлік қабілетін сөз етті.
Ақынның жары Мәкеш Бекмаханова ақынның атын ұлықтап жүрген қаламгер қатарластарына айрықша ырзашылығын жеткізіп, иықтарына шапан жапты. Кешті түйіндей келе: «Мен Ибрагимнің аты өшпейтініне сенемін. Артында өлеңі қалды. Бастысы, өздеріңіздей қадірлі азаматтармен ерекше сыйластықта болды. Сіздер де сол сыйластығына селкеу түсірмей, керемет естеліктеріңізбен бөлістіңіздер. Сіздерге бас иіп алғысымды айтамын», – деді.
Ибрагим Бекмаханұлының «Жыр-Аманат» кітабі біздің де қолымызға тиді. «Далам барда рухым биік, асқақпын…» (поэзиялық туындылар мен арнаулар), «Шежіре-сырда бәрі бар…» (поэмалар мен дастандар) және «Махаббат пен күндестік» (хикаят) атты үш бөлімнен тұратын толымды туындылары қалам ұстаған қауымның, жалпы көзіқарақты оқырманның үлкен олжасы екені анық. Республикалық «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай кітапқа жазған алғысөзін былайша түйіндеген екен:
«Сұрадың өмір жайлы…
Мен не дейін?
Арқаңды сал қашанда кеңге деймін.
Өзіңнің тағдырың ғой өмір деген
Сүйрейтін ең ақырғы демге дейін», – деп жырлаған ақынның маңдайына өлең құдіреті, сөз өнері кие болып қонды. Сол өлеңмен әр күнін мәнді еткен қаламгердің мәңгілік өмірі басталды деп есептеймін» деп. «Адам өлген күні өлмейді, аты өшкен күні өледі» деген есті сөз бартын. Ал, Ибрагим аға артына үлкен аманат қалдырды. Ол – «Жыр-Аманат». Демек, Сыр сүлейлерінің сарқыты сөз сүйетін қауымның жүрегінде мәңгі тербеледі.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.