Басты тақырыпРуханият

Жыр үздігі – Жадыра

       Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек ТӘШЕНЕВ атындағы «Жылдың үздік ақыны» облыстық жыр мүшәйрасының жүлдесі табысталды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі доданың жеңімпазы болып халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, «Жыр-жауһар» поэзия клубының жетекшісі Жадыра БАЙБҰЛАНОВА танылды.

 

    ҚР Тәуелсіздігі мен Алаш кө­семі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы аясында өткен игі шараның ұйымдастырушысы фи­лология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Айтбай Жұ­мағұлов, тұрақты демеушісі Ар­қаның атымтай азаматы, кәсіпкер Сапар Ипкеев мырза екенін көзі қарақты жұрт білсе керек. «Отанды сүю – мінезден» (Ә.Бөкейхан) демекші, жыр мүшәйрасының жүлдесі елі мен жері үшін жанын шүберекке түйіп, басын бәйгеге тіккен Жұмабек Ахметұлының есімімен аталғаны – біраз жайдан хабар берері сөзсіз. Жыр байқауының басқа мүшәйралардан ерекшелігі – мұнда қазылар төрелік етпейді. 35 жасқа дейін кітабы шықпаған қатысушы жас шайырлар «жылдың үздік ақынын» өзара бір-біріне дауыс беру арқылы анықтады. Оған бұған дейін оқырмандарын бәсі биік, десі басым өлеңдерімен елең еткізіп жүрген Жадыра Байбұланова лайық деп тапты үміткерлер.

    Жыл сайын ұйымдастырылып жүрген Жұмабек Тәшенев атындағы жүлдені табыстау салтанатына биыл Астанадан әнші Досымжан Таңатаров арнайы қатысып, шараның құрметті қонағы болды. Әншінің «Олар жайлы айтылмайды биік-биік мінбеден…» деп «Біздің елдің жігіттері» әнін шырқағаны – «шынжырда өткен жолбарыс» – Ж.Тәшенев тағдырының шындығын жария еткендей күйге бөледі. Сонымен қатар, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, әуелете ән шырқаған әншілер – Дәуренбек Әркенов, Медет Осатаев кеш көрігін қыздыра түсті. Айтыскер ақын Дидар Қамиев Жұмабек Тәшеновті жырға қосып, арнау айтты. Бұдан бөлек, кеш барысында «Жылдың үздік жазушысы» ретінде Алмаз Мырзахмет, «Жылдың үздік айтыскер ақыны» болып Дидар Қамиев танылды. Жылдан-жылға кең өріс алып келе жатқан Жұмабек Тәшенев атындағы жүлде биыл «Жылдың үздік қайраткері» және «Жылдың үздік имамы» марапаттарымен толығыпты. Ол марапаттар республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы, ақын-жазушы Серік Сағынтай мен Қарқаралы ауданы, Бүркітті ауылының имамы Мұқаш Макеевке бұйырды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button