Теміртау

Жыр болған жол

Ойдым-ойдым жол Теміртау тұрғындарының наразылығын тудыруда. Өткен жылы ұзындығы 800 метр болатын Чернышевский көшесінің жолын жөндеуге 108 млн. теңге қаржы бөлінген. Алайда, жыл өтпей жатып жолдан сын кетіпті. Ал, жолдың кепілдік мерзімі – 3 жыл. Биыл мердігер «Сарыарқа жолдары» компаниясы өз қаржысын құйып, қалыпқа келтіру жұмыстарын бастап кетіпті. Қолдағы мәліметке сүйенсек, соңғы 3 жылда 117,2 шақырым көше жолы жөнделген. Ал, оған қазынадан 4,91 млрд. теңге қаржы бөлініпті.

2019 жылы 37 шақырым құрайтын қалаішілік жолдарды жөндеуге 1,14 млрд. теңге, 2020 жылы 26,1 шақырым жолға – 1,8 млрд. теңге бөлінген.

– Жол жөндеу жұмыстарына 1 мамырдан бастап кірістік. Чернышевский көшесінде қар суының салдарынан жолда шұңқырлар пайда болды. Бұл жолдың кепілдік мерзімі аяқталмағандықтан, мердігер компания өз қаржысына құйып, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуде, – деді Теміртау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Ринат Қыдырбеков.

Бұдан бөлек, Школьная, Брусиловский, Менделеев көшелерін қалыпқа келтіру, Бейбітшілік даңғылы бойындағы су жүйесі желілерін жөндеу жұмыстары басталады. Ал, бұған «Ұлттық жол сапасы активі» орталығынан сараптамадан өткізу үшін 10 млн. теңге қаржы бөлінеді деп күтілуде.

Биылғы жол жөндеу жұмыстарын «Қарағанды жол құрылысы» ЖШС мен «MK group» ЖШС ұйымы қолына алып отыр. Арнайы мекемемен шарт жасалып қойды. Асфальтты салмас бұрын ұйымдармен қажетті тексеріс жүргізіледі. Қазіргі таңда аталмыш мердігерлер жұмысты бастап кетті. Ал, жоспар бойынша компаниялар тамыз айының соңына дейін жасап бітіруі қажет. Сондай-ақ, 2,2 шақырым болатын Панфилов көшесін және 8,5 шақырым құрайтын қаладағы мектеп пен балабақшаға баратын жолдарды жөндеуге 200,9 млн. теңге қаржы бөлінген. 4 шақырым аулаішілік көшелерді де қалыпқа келтіруге 159,2 млн. теңге жұмсалмақ.

– 3,59 шақырым болатын қаладағы айналма жолды, «Школьная» (2,36 шақырым) Брусиловский (2,25 шақырым) көше жолдарын «Қарағанды жол құрылысы» ЖШС жөндейді. Школьнаяға – 166,4 млн. теңге, Брусиловский көшесіне 164,4 млн. теңге бөлінген. Ал, айналма жолды жөндеуге 157,3 млн. теңге қарастырылған. 1,01 шақырым болатын «4-ая кольцевая» көшесін қалыпқа келтіруге 59,2 млн. теңге жұмсалады. Бұған «MK group» ЖШС мердігер жауапты, – дейді Ринат Қыдырбеков.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы

Басқа материалдар

Back to top button