Теміртаулық Әділжан Жаудинов – кадеттер арасындағы әлем чемпионы
Теміртаулық жас спортшы Әділжан Жаудинов дзюдодан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Бұл жайлы olympic.kz хабарлады.

Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Әділжан 90 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, барлық қарсыласынан басым түсті. Шешуші финалдық белдесуде ол Ресей спортшысы Абдулманаф Рамазановты жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Бұл – Қазақстан құрамасының чемпионаттағы үшінші алтын медалі. Бұған дейін Ғабит Расулхан (60 келіге дейін) және Фатима Сұпығалиева (52 келіге дейін) өз салмақтарында чемпион атанған болатын.
Қазақстандық дзюдошылардың жалпы нәтижесі де көңіл қуантады. Құрама сапында 3 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль бар.
Күміс жүлдегерлер қатарында Адия Жанахмет, Әділжан Нұрбекен және Інжу Жұмажан болса, Бекарыс Құдайберген, Ахмет Баубек, Ерік Үсенов және Еркен Бекали қола медаль иеленді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



