Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал», – деп айрықша атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мәселесі басты назарда тұр. Әртараптандырудың бір бағыты – халықты қысы-жазы көкөністермен қамтамасыз ету үшін жылыжай өндірісін дамыту. Жер қарая егіс науқанының басталатыны белгілі. Алайда, науқанды күтпей-ақ, жылына бірнеше мәрте өнім алатын жылыжайлар да бар. Биыл Балқашта жеке кәсіпкер Нариман Сәрсембаев шаруашылығын жандандырған жылыжай жергілікті тұрғындарға қуаныш сыйлады.
Балқаш жылыжайында мереке қарсаңында қызғалдақтар жайқалды. Әзірге гүлдер көп емес, бірақ, сұраныс болса, олар жыл бойы өсіріледі. Балқаш жылыжайының иесі Нариман Сәрсембаев қызғалдақтарды тәжірибе ретінде отырғызғанын айтады. Бүгінде кәсіпкердің жылыжайында қияр, қызанақ, тәтті бұрыш және аскөк өсірілуде.
– Қызғалдақтар – біз үшін жаңа бағыт. Ассортиментті әртараптандыруды шештік. Әрине, Саран мен Қарағандыдағы жылыжай иелерімен кеңесіп, көп нәрсені зерттеуге тура келді. Гүлдерді өзім гаражда тамыр жайғыздым. Ол жерде гүлдер үшін ең қолайлы температура болды. Қазір жылыжайда да температураны ұстап отырмыз. Қызғалдақтарға + 12 градус керек, бірақ, бір қиыны сол жылыжайда қызанақ та бар, ал, оларға жылу керек. Нәтижесінде + 14 температураны ұстап отырмыз. Бірінші партияда қараңғылықты дұрыс таңдауда аздап қателестік. Бірақ, енді өзіміздің қателіктерімізді түсіндік, оларды түзетеміз, – деді Нариман Сәрсембаев.
Қазір жылыжайда жеті мың қызғалдақ өседі. Егер гүлдерге сұраныс күшейсе, онда олар тұрақты негізде өседі. Мұны кәсіпкер қажетті температураны ұстап тұру оңай болатын үй-жайда жасауды жоспарлап отыр.
Балқаш жылыжайы 2500 шаршы метрді алып жатыр. Онда гидропоника сияқты ауыл шаруашылығының инновациялық тәсілдері қолданылады. Қызғалдақтар да осылай өсіріледі.
– Әрине, біз кеңеюді қалаймыз. Бірақ, мұның бәрі күрделі және үлкен инвестицияларды қажет етеді. Бізге субсидиялар бөлінсе, шаруашылықты кеңейтуге көмектесер еді. Тағы бір проблема – маман тапшылығы. Сауатты жас маман-аграршылар аз, – дейді Нариман Сәрсембаев.
Осы қиындықтарға қарамастан, Балқаш жылыжайында аскөк пен көкөністің жақсы өнімін жинау жалғасуда. Сонымен қатар, мұндағы қызметкерлер тәжірибе жинақтап, жас мамандарды тәрбиелеуге күш салуда.
Кәсіпкер алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтып, жеміс-жидек өсіретін тұқымбақ ашуды жоспарлауда.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет автордан