Әлеуметтік саясаттың өзегі – азаматтың әл-ауқаты
Отбасының тұрмыс сапасы, тұрақты табыс, еңбек ету мүмкіндігі мен балалардың қауіпсіз ортада өсуі – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері көтерілді.

Президент әлеуметтік мемлекеттің мәні азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті. Бұл ретте әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттау, қолдау шараларының тиімділігін бағалау және азаматтардың өз әлеуетін іске асыруына мүмкіндік жасау маңызды.
Жолдауда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл шешім шамамен 1,8 миллион азаматтың табысына әсер етеді. Оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 370 мыңнан астам қызметкер бар. Ең төменгі жалақы мөлшерінің өзгеруі еңбек табысын арттыруға бағытталған шаралардың бірі ретінде қарастырылып отыр.
Жұмыспен қамту мәселесі де отбасының тұрақтылығымен тығыз байланысты. Тұрақты жұмыс пен табыс адамның тұрмысын жоспарлауына, балалардың білім алуына, қажетті қызметтерді пайдалануына және болашаққа сеніммен қарауына мүмкіндік береді. Сондықтан еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлау, жұмыс орындарын көбейту, азаматтардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және еңбекке араласуға қолайлы жағдай қалыптастыру әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі болып қала береді.
Әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігі ең алдымен азаматтардың күнделікті өмірінен көрінеді. Жолдауда айтылған міндеттер халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»



