Экологиялық бастамаларға қолдау көрсетілді
Қоршаған ортаны қорғау күнделікті жауапкершілікті талап ететін үлкен міндет. Осы бағытта облыста өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатты аялауға бағытталған бірқатар бастама жүзеге асырылып келеді. Достық үйінде экологиялық жобалардың қорытындысы шығарылып, облыстық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

Шара аясында «Таза өлке – ортақ міндет» байқауының финалдық кезеңі өтіп, қатысушылар өз жобаларын сараптамалық комиссия алдында қорғады. Байқауға өңірдің мектеп оқушылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Іріктеу кезеңінде қалдықтарды қайта өңдеу, аумақтарды көгалдандыру, энергияны үнемдеу, биоәртүрлілікті сақтау және өзге де экологиялық бағыттар бойынша 138 жоба ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 132 қатысушы қатысып, оның 30 жобасы финалдық кезеңге жолдама алған. Үш сағатқа созылған қорғау барысында сараптамалық комиссия барлық жобаны тыңдап, қорытынды шешім қабылдады. Қатысушылар өз бастамаларын таныстырып қана қоймай, оларды іс жүзінде жүзеге асырудың жолдарын да ұсынды. Сондай-ақ, мектептер мен колледждердің 60 командасын біріктірген «Экоқозғалыс: Туған өлке үшін!» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Қатысушылар макулатура мен пластик қақпақтарды қайта өңдеуге тапсыру мақсатында жинап, екі бағыт бойынша өзара сайысқа түсті.

Қағаз қалдықтарын жинау және қайта өңдеуге тапсыру бағыты бойынша үшінші орынды Теміртау жоғары политехникалық колледжінің «Рэспласт ТВПК» командасы иеленді. Екінші орын Теміртау қаласындағы №14 мектеп-лицейдің «Зелёный импульс» командасына бұйырды. Бірінші орын Қарағанды қаласындағы №5 мектеп-орталығының «Полис» командасына берілді. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Бірінші орын иегеріне 60 мың теңге көлемінде сертификат берілді.
Пластик қалдықтарын жинау бағытында үшінші орынды Қарағанды қаласындағы №32 мектептің командасы иеленіп, 40 мың теңге жүлдеге қол жеткізді. Бірінші орын Теміртау қаласындағы №1 Теміртау классикалық лицейінің «EcoTeam PTK» командасына бұйырды. Командаға 60 мың теңге көлемінде сертификат табысталды.
Байқау аясында мектеп оқушылары арасында ұсынылған экологиялық жобалар да жоғары бағаланды. Қатысушылар табиғатты қорғау, қоршаған ортаны жақсарту және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған тың бастамаларын ортаға салды.

Аталған санатта ынталандыру сыйлығына «Ақылды арман» жобасымен Мансұр Хасен мен Ерназар Серік ие болып, 20 мың теңгелік сертификат алды. Үшінші орын «Зелёный оазис» жобасын ұсынған Феникент Исосимовке бұйырды. Жүлдегерге 30 мың теңге көлемінде сертификат табысталды. Екінші орынды «Аквапоника» жобасын таныстырған мен Ұлжан Жұмаділдә иеленіп, 40 мың теңгелік сертификатқа қол жеткізді. Бірінші орын Жәнібек Әбішев, Абылай Рахат ұсынған жобаға беріліп, жеңімпаздар 50 мың теңге көлемінде марапатталды.
Байқаудың ең жоғары марапаты – Гран-при Нұрсұлтан Бейбітов, Алина Аманбекова, Ерсұлтан Зарлық және Әлима Ернарқызына табысталды. Жеңімпаздар 70 мың теңге көлеміндегі жүлде қорына ие болды.
– Бұл жоба біз үшін өте жақсы тәжірибе болды. Басты мақсатымыз – мектебіміздің аумағын көгалдандыруға үлес қосу. Негізі, білім ордамызда көгалдандыру жұмыстары бұрыннан жүргізіліп келеді. Осы бастама арқылы оны одан әрі дамытуды көздедік. Жобаға дайындық барысында оқушылар да белсенділік танытып, өз идеяларын ұсынды.
Байқауға алғаш рет қатысып отырмыз. Макетті дайындауға бір айдан астам уақыт жұмсадық. Бұл – төрт оқушының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Жобаны әзірлеу кезінде қоршаған ортаның өзекті мәселелеріне назар аудардық Алдағы уақытта да экологияға қатысты жаңа жобалар әзірлеп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосқымыз келеді. Байқаудағы жеңісімізге қуаныштымыз. Бір айдан астам уақыт жұмсап, жасаған еңбегіміздің бағаланғаны бізге ерекше шабыт берді, – дейді Алихан Бөкейханов атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Ерсұлтан Зарлық.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі қатысушылардың ортақ еңбегін бағалап, экологиялық бастамалардың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Ұйымдастырушылар мұндай жобалар жастардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауына, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу мәдениетін қалыптастыруына ықпал ететінін атап өтті. Облыстық байқаулар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамалардың нәтижесін көрсетіп қана қоймай, туған өлкенің тазалығы мен табиғатын сақтауға дайын жас буынның белсенділігін де танытты.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



