Бас тақырыпЖаңалықтар

Өңірдегі ауылдарда өрт сөндіру бекеттері көбейді

Қарағанды облысының шалғай ауылдық округтерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылы мен Қарағайлы кентінде жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.

Суреттер облыс әкімдігінен

Жаңатоған ауылындағы өрт сөндіру бекеті 600-ден астам халқы бар екі елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бөлімше негізгі өрт сөндіру автокөлігімен, заманауи байланыс құралдарымен, арнайы өрт-техникалық жабдықтармен және жауынгерлік киіммен толық жасақталған. Сондай-ақ, жеке құрамның тәулік бойы кезекшілік атқаруына барлық жағдай жасалған.

Ал, Қарағайлы кентінде іске қосылған бекет төрт мыңнан астам тұрғыны бар аумаққа қызмет көрсетеді. Ғимаратта өрт сөндіру техникасына арналған жылытылатын гараж, диспетчерлік пункт, жеке құрамға арналған демалыс бөлмесі, асүй және санитарлық торап қарастырылған. Нысан дербес электр жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген.

Өңірдегі өртке қарсы қызмет желісін кеңейту шаралары өзге аудандарда да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта Шет ауданының Мойынты кентінде, Абай ауданының Ақбастау ауылында, Ақтоғай ауданының Жалаңаш ауылы мен Сарышаған кентінде және Бұқар жырау ауданының Белағаш, Тоғызқұдық, Ақтөбе ауылында жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Абай ауданының Юбилейное ауылында жергілікті шаруа қожалығының базасында қосымша бекет ашу жоспарда бар. Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданының Белағаш ауылында өрт сөндіру алаңының құрылысы басталды.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button