Жаңалықтар

Түркі елдері QR-төлемді біріктірмек

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен QR-төлем жүйелерін өзара байланыстыру мәселесін қарастырып жатыр. Бастама цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және мемлекеттер арасындағы трансшекаралық төлемдерді жеңілдетуге бағытталған. Бұл туралы цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді талқылау кезінде айтылды. Құжатты Құрылтай депутаттары екі оқылымда қабылдады.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Құжатты таныстырған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өз сөзінде Қазақстанның түркі елдерімен сауда байланысы жылдан-жылға артып келе жатқандығын баса айтты.

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға ұлғайып, 13 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Қазақстанның экспорты 20,6 пайызға өсіп, 9 миллиард 540 миллион АҚШ долларына жетті. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың 8 айында тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 45,2 пайызға ұлғайып, 11 миллиард 500 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы елдеріне экспорты 53,8 пайызға өсіп, 9 миллиард 150 миллион АҚШ долларына жетті, – деді министр.

Сонымен қатар, министр халықаралық саудада электрондық құжат айналымы, цифрлық төлемдер, деректер алмасу және логистикалық шешімдердің маңызы артып келетінін де жеткізді.

– Электрондық сауда, электрондық құжат, цифрлық төлем, дерек алмасудың және логистикалық шешімдердің маңызын арттыра отырып, халықаралық сауда қатынасын дамытудың маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы жағдайда тауар айналымына ғана емес, елдер арасындағы тауар қозғалысын сүйемелдейтін цифрлық өзара іс-қимыл тетіктерін де дамыту маңызды, – деді ол.

Келісім аясында электрондық сауда құжаттары мен шот-фактураларды пайдалану, кедендік және көліктік деректер алмасу, цифрлық логистика, трансшекаралық төлемдер, тұтынушылардың құқықтары мен дербес деректерін қорғау, киберқауіпсіздік және цифрлық нарықтағы бәсекелестік бағыттары бойынша ынтымақтастық қарастырылған.

Депутат Аббат Өрісбаев келісім қабылданған жағдайда қазақстандық шағын және орта бизнес өкілдерінің Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан нарықтарына шығуына қандай мүмкіндіктер ашылатынын сұрады. Отандық кәсіпкерлердің халықаралық электрондық саудаға қатысуын жеңілдету шараларына тоқталуды да өтінді. Ал, министр бұл сұраққа:

– Осы бағытта мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты Жол картасын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Онда үш басты негізгі бағыт болады. Бірінші – сауда және кедендік рәсімдерді цифрландыру, оның ішінде кеден органдарының ақпараттық жүйелерін өзара байланыстыру. Екінші – трансшекаралық төлемдерді дамыту. Үшінші – қазақстандық кәсіпкерлердің электрондық саудасын және халықаралық іскерлік байланыстарын кеңейту. Бұл шаралар кәсіпкерлердің шығындарын азайтып, төлем жасау және тауар жеткізу процестерін жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді Арман Шаққалиев.

Депутат Мақсұт Насибулов келісімде отандық өнім өндірушілер туралы деректер базасын қалыптастыру мәселесі қарастырылғанына назар аударды. Ол қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану немесе жаңа ресурс құру жоспары бар-жоғын сұрады. Сауда министрі жаңа ақпараттық жүйе құру міндеттелмейтінін айтып, қолданыстағы тізілімді жетілдіру мүмкіндігі қарастырылатынын жеткізді.

– Басты ұстанымымыз – қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерді пайдалану. Бізде нақты тізілім бар. Қажет болған жағдайда осы тізілімді жетілдіру және оны қосымша ақпарат немесе деректермен кеңейту қарастырамыз, – деді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан e-ondiris.gov.kz ақпараттық жүйесі де жетілдірілетінін жеткізді. Атап айтқанда, оған қызметтер мен тауар өндірушілерді таңдау мүмкіндігі енгізіліп, мәліметтерді ағылшын тілінде алу жолы қарастырылады екен.

Депутат Нұргүл Тау Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында бірыңғай цифрлық сауда алаңын құру мәселесін көтерді. Бұл мәселеге Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин жауап берді.

– Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанмен бұл бойынша табысты тәжірибеміз бар. Енді осы ынтымақтастықты кеңейтеміз. Атап айтқанда, финтех саласындағы келісім туралы айтатын болсақ, қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Түркі мемлекеттері ұйымы аясында басқа елдермен тәжірибе алмасып жатыр. Ал Ұлттық банк QR-кодтар бойынша төлем жүйелерін интеграциялау мәселесін пысықтап үстінде. Елімізде бірыңғай QR жүйесі сәтті іске қосылды. Бұл сауда байланыстарын кеңейтуге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында QR-кодтарды өзара тану мен оқуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ростислав Коняшкин.

Осылайша, қазақстандық төлем жүйелерін өзге түркі мемлекеттерінің инфрақұрылымымен байланыстыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жүзеге асса, елдер арасындағы төлем жасау рәсімдері жеңілдеуі мүмкін.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button