«Қазақ газеттері» ЖШС басшысы өңір зиялыларымен жүздесті
Бүгін «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Ержан Байтілес Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол алдымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесіп, өңірдегі ақпараттық саясат пен мерзімді басылымдарға жазылу науқанының барысы әңгімеге өзек болды. Сондай-ақ, аймақтың зиялы қауым өкілдерімен және журналистермен жүздесіп, отандық баспасөздің бүгінгі ахуалы мен қазақ журналистикасының даму бағыттары жөнінде пікір алмасты.

Өңір басшысымен өткен кездесуде ақпараттық саясатты жүзеге асыру, республикалық мерзімді басылымдардың оқырманға қолжетімділігін арттыру және газетке жазылу науқанын жүйелі ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Тараптар баспасөздің өңір тынысын кеңінен танытудағы маңызына тоқталып, алдағы кезеңде атқарылатын бірлескен жұмыстарды пысықтады.

Бұдан кейін Ержан Байтілес өңірдің зиялы қауым өкілдерімен және жергілікті журналистермен бас қосты. Кездесуде «Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда сөз алып, еліміздегі ең ірі медиа ұжымы басшысының бастамаларына сәттілік тіледі.

Жиында отандық баспасөздің қазіргі тыныс-тіршілігі, қазақ журналистикасының даму үрдістері мен ұлттық ақпарат кеңістігіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Әсіресе, ақпарат ағыны толассыз жаңарып, цифрлық технологиялар қарқынды дамыған кезеңде дәстүрлі мерзімді басылымдардың қоғамдағы орны, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оқырман сенімін сақтау мәселелеріне баса назар аударылды.

Өз кезегінде Ержан Байтілес Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттарға тоқталып, ел дамуы жолындағы маңызды міндеттерді тарқатып айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік бастамалар мен қоғамдық маңызы бар мәселелерді халыққа шынайы, сауатты әрі сапалы жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл ретте зиялы қауымның да қоғамдық ойды қалыптастырудағы орны айрықша.

Еркін пікір алмасу форматында өткен басқосу мазмұнды әңгімеге ұласты. Қатысушылар өзара тәжірибе бөлісіп, саладағы түйткілдерді ортаға салды. Кездесу отандық баспасөздің болашағы, ұлттық ақпарат кеңістігінің дамуы және журналистикадағы кәсіби жауапкершілік төңірегінде ортақ ой түюге мүмкіндік берді.
Назар ӘЛІ,
Ortalyq Qazaqstan



