Облыс аумағында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысы жүйелі жүріп жатыр. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Абай қаласын, Топар кентін және Топар жылыжайларын жылумен, электр жарығымен қамтамасыз ететін Топар мемлекеттік аймақтық электростанциясын (МАЭС) аралап көрді.
Қазіргі таңда станция жабдықтары 90 % дайын болған. Екі қазандықтың күрделі жөндеу жұмысы мен үш қазандық пен турбоагрегаттың ағымдағы жөндеуі уақытылы орындалған.
– Дайындық жұмысы 90 %-ға орындалды. Туындаған мәселелер жұмыс кестесіне сай шешілуде. Алаңдайтын шұғыл мәселе жоқ. Қазір №9 қазандық пен №7 турбинаны күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. №8 қазандық пен №5 турбина ағымдағы жөндеуде. Абай ауданындағы жылу желісі уақытылы дайын болады, – деді «Топар МАЭС» ЖШС операциялық директорының міндетін атқарушы Андрей Соловьев.
Ермағанбет Бөлекпаев станцияның жұмысын қарап шығып, басшылыққа тұрғындардың үйіне уақытылы жылу беру үшін кестеден қалмауды мұқият тапсырды.
Биыл Абайда 3,3 шақырым болатын жылу құбыры ауыстырылды. Алда МАЭС-тен Абайға дейін магистральдық құбырдың 10 шақырымына оқшаулау жүргізілмек. Енді 1 шақырым құбырды жөндеу ғана қалып тұр. Топарда үш магистральдық учаскедегі жұмыстар аяқталуға жақын. Алдағы жылдың еншісіне шамамен 2 шақырым желіні ауыстыру қалады.
Абай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Дмитрий Терешиннің айтуынша, барлық жұмыс 15 қыркүйекке дейін қорытындыланбақ.
Өз тілшімізден