Жылу – орталық қазандықтан

Балқаштың Қоңырат шағын ауданында орталық жылумен жабдықтау жүргізілді. Көп жылдар бойы жергілікті үйлер мен ғимараттар қазандық арқылы жылытылған болатын. Енді үш мыңнан астам тұрғын сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Балқаш қаласына жұмыс сапары барысында нысанның дайындығын тексерді.

ЖЭО-нан ұзындығы 17 шақырым болатын жаңа жылу магистралін 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша салына бастаған болатын. Жылыту маусымы басталғанға дейін нысан пайдалануға беріледі. Биыл орталық жылуға әлеуметтік нысандар мен 145 үй қосылады. Келесі жылға бұрын-соңды орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған 200 жеке үй қалады. Сонымен қатар, Қоңыратта орамішілік жылу желілері салынуда. Сондай-ақ, облыс әкімі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Қоңыраттағы тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Екі пәтерлі тоғыз үй жеке инвестициялар есебінен салынуда. Жұмыс аяқталуға жақын. Жаңа құрылыстардағы пәтерлерді кезекте тұрғандар жалға алу шартымен алады. Балқашта да жаңа үйлер салынуда. Тұрғын үй мәселесін шешуге жеке құрылыс салушылар көмектеседі. Биыл қалада шамамен 16 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 2020 жылдың көлемінен төрттен бір бөлігіне артық. Жеңіс Қасымбек Балқаштағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Өңір басшысына мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үлкен Жүрек» орталығының жұмысы таныстырылды. Оның ашылуына жергілікті әкімдікпен белсенді ынтымақтаса отырып, «Сары Қазына» кәсіпорны көмектесті. Орталықтың қызметіне ай сайын 35 бала жүгінеді. Олар үшін сабақтарды мұғалімдер, психологтар, логопедтер жүргізеді. Әлеуметтік бейімдеу тегін, себебі орталық мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Қазір жергілікті бюджеттен 7,5 млн. теңге бөлінді, аймақ басшысының тапсырмасы бойынша бұл соманы ұлғайту мүмкіндігі қаралатын болады.

– Бұл өте қажетті орталық. Сіздер үлкен жұмыс атқарасыздар. Қала әкіміне келесі жылға қаржыландыруды ұлғайтуды, сондай-ақ, заң аясында үш жылға шарт жасасу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын, – деді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы сондай-ақ, AqNur жеке меншік балабақшасында болды. Мұнда қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жаңа мектепке дейінгі мекеме 270 баланы қабылдайды деп жоспарлануда. Ол мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін болады. Балабақшада тәрбиеленушілерді дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Спорт және акт залдары, медициналық блок және асхана бар. Аумақта 12 ойын алаңы салынады. Балқашта балабақшаға кезекте 2 728 бала тұр. Қазіргі уақытта олардың 859-ы орналастырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.