Жаңалықтар

Жылу беру – қалыпты

Аймақта жылыту маусымы штаттық режимде жүргізілуде. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермағанбет БӨЛЕКПАЕВ әкімдікте өткен селекторлық кеңесте мәлімдеді.

– Әзірлік паспортын алып үлгерген облыстың барлық тоғыз жылу беру көзінің қуаттық көрсеткіштері нормаларға сәйкес. – Абай ауданының Жартас кенті мен Шет ауданының Ақадыр кентінде жылумен қамтамасыз ету жұмысының сапасына шағымдар болды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде ақпарат тараған. Аталмыш мәселелер қаралып, оларды жою үшін қажетті шаралар қабылданды, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Ермағанбет Бөлекпаев сондайақ, қарамағындағыларға Теміртаудағы ыстық су мен Саран қаласындағы жылумен қамтамасыз ету жұмысының сапасына қатысты шағымдар түскені туралы еске салып, бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешуді және алдағы уақытта әлеуметтік желілердегі талап-тілектер бойынша жедел жұмыс істеуді тапсырды. Облыс аумағындағы қалалар мен аудандарда жылыту маусымы басталғалы жұмысқа кедергі келтіретіндей проблемалар туындаған жоқ. Барлық елді мекендерде жылу беру басталған. Приозерск қаласы жылу беру маусымына енді ғана кірісіпті. Өйткені, онда орташа тәуліктік ауа температурасы әзірге 15 градус. Қарағанды мен Теміртауда бұл жұмыстар биылғы жылы әдеттегіден ерте – 28 қыркүйекте басталды. Станциялардағы температуралық режим тиісті нормалар талабына сәйкес келеді. Дегенмен, ЖЭО-2-де жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Мұнда № 4 қазандыққа № 3 турбоагрегатқа күрделі жөндеу, сондай-ақ № 5 және 6 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жалпы, облыстағы барлық станцияларда 41 қазандық, 32 турбина жұмыс істеп тұр. Қорда 12 қазандық, 3 турбина бар. 12 қазандық пен 5 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аймақтағы көмір қоры – 1,5 млн. тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға артық болып отыр. Барлық жылу көздеріндегі мазут қоры –18 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15%-ға артық.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button